Аспан жақты аңсап жүрген

Марфуға БЕКТЕМІРОВА

Қара бұлтқа,
Тығылады тоңған ай.
Көзің талды,
Жұлдыздарым жол қарай.

Ызың, ызың,
Жел еседі,
Осы түн…
Махаббаттың соңғы түні болмағай.

Суық сөздер,
Естімесін жұлдыздар.
Жауратпасын,
Жұлдыздарды түнгі ызғар.

Арқа жақта,
Елеусіздеу жыр жазып,
Аспан жақты…
Аңсап жүрген бір қыз бар.

Жас айдын

Жұлдызды түнге тамсанған арман,
Мөлдірлік көріп масайдың.
Талшыбық тәні тымықта тонған,
Жәудіреп қарар жас айдын.

Тобылғы түнде толқындар тасып,
Қайығын тербер қайғының.
Меруерт  мұңын төсіне басып,
Күрсінді менің айдыным.

Жас айдын жүзі-көгілдір өлең,
Судың да үні сиқырлы.
Бір іңкәр сезім төгіліп терең,
Тербетті тәтті ұйқымды.

Мұңайтты бір ән, төгіліп таудан,
Анашым айтқан әлди ме?
Дариға жырдың дәурені қалған,
Айдыным мені әлдиле.

Тұр қайың белі бүгіліп жолда,
Тал шыбық қысып төсіне.
Анамның қолы тербеген сонда,
Тал бесік түсті есіме.

Қараңғы  түннен мен  сені  күттім

Айдынның тұрмын, әлдиін  тыңдап,
Тербетіп  сезім тым ыстық.
Биіктен жұлдыз құлады қымбат,
Жылады түнгі тыныштық.

Мөп-мөлдір жауын аспаннан бүркіп,
Қылығын тұрды наз қылып.
Толқындар қашты жағадан үркіп,
Қаракөз түнді жазғырып.

Ішінен тынып, тұншыға қалған,
Көруім түнді алғашқы.
Меңіреу көктен үңілген арман,
Жанарымменен арбасты.

Маңайы көлдің барады суып,
Айнала түпсіз қараңғы.
Қалғыған түннің кірпігі сынып,
Кеудеме келіп қадалды.

Аспанға қарап жасымды сүрттім,
Тәңірден орным төмендеп.
Қараңғы түннен мен сені күттім,
Күн  болып шыға келер деп.

  Бір қолымда  өлеңім,
Бір қолымда  бөбегім

Тәтті ұйқысын тербетіп ұйқыдағы төренің,
Туласам да толқын боп тағдырыма көнемін.
Ақын болған әйелмін, ақыл қонған анамын,
Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Бөбегімді әлдилеп бесігіне бөледім,
Ақ қағазға төгілер түнде жазған өлеңім.
«Өмір» атты өзенмен жүзіп келе жатырмын,
Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім.

Тағдырыммен таласқан түнді жақсы көремін,
Сәуле шашқан бойыма күнді жақсы көремін.
Қос бақытты құшақтап тәтті ұйқыға кетемін,
Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

Азабына шыдамай кейде мынау өнердің,
Рахаттана бір кезде көз жасымды төгермін.
Жеңе алмайды жауларым қорғанышым қуатты,
Бір қолымда бөбегім, бір қолымда өлеңім.

Кісен салып қолына «уақыт» атты шебердің,
Жылдарымды келмейді кейін қарай шегергім.
Менің күймем жылжиды мәңгіліктің жолымен,
Бір қолымда өлеңім, бір қолымда бөбегім.

            Сәбидің дауысы

Әлі де таусылмаған  бар арманым,
Тас емес, зерттеушімін адам жанын.
Талай- талай тойларға, думандарға,
Сәбиімді тербеттім, бара алмадым.

Құпияма құлақ сал, тыңда адам,
Қиын болды шығу да шыңға маған.
Қызық қуып кетер ем, қия алмадым,
Сәбиімнің дауысын іңгәлаған.

Құр қалдым қызықтардан, думандардан,
Тыныштық қымбат еді шудан маған.
Өкінбеймін  бірақ та, дүрілдетіп,
Той жасап береді әлі туған далам.

Мен өмірді басқаша қызықтадым,
Өкпенің де қайтемін тізіп бәрін.
Қызғаныш та жоқ менде, о қазағым,
Таусылмасын тойларың, қызықтарың.

Дүниенің әйтеуір түні жарық,
Тұрған кезде төбеден нұры жанып.
Бөбегімді бесікке бөледім де,
Өлең жаздым түндерде тұрып алып.

Әйел  мұңы

Оңай емес өлең жазу әйелге,
Қабақ түйіп бұлт тұрғанда төбеңде.
Ай болып та шыға алмайсың аспанға,
Құс болып та қона алмайсың төменге.

Әйел ақын емес дейді…бұл жала,
Жанымдағы жанашырым- жыр ғана.
Әйел ғой деп сәл мүсіркеп, сәл сүйіп,
Аясаңдар болмай ма екен сәл ғана.

Бүкіл әлем кететіндей тұншығып,
Күннің көзін тұмшаласа бұлт шығып.
Қайың болып жылап тұрам сол кезде,
Бұтағымнан сынған кезде бір шыбық.

Азабымды шамам жетпес санауға,
Отқа салды, жақты мені алауға.
«Өлең жазғыш» бұл әйелді жаулары,
Жала жауып, алмақ болды қамауға.

Орманыма от та қойды, күймедім,
Өз күймемді өзім алға сүйредім.
Білсе егер Алла ғана біледі,
Өз Отанын кімнің қалай сүйгенін.

Бұл дүниеде не өтпеді басымнан?
Мен сыртымнан талай «дарға» асылғам.
Тұншықпадым, сонда дағы жарқырап,
Шыға бердім қара бұлттың астынан.

Жыртып жүрген біреулердің жыртысын,
Күлкі болдым тым сынағыш жұрт үшін.
Сонда дағы жұртын ойлап бұл ақын,
Түнде тұрып төртке бөлді ұйқысын.

Тағдыр деген тақсыр тұрып төр берді,
Өлең досым, лайықтысың төрге енді.
Киең барда, иең барда қолдайтын,
Асқақ ұстап, көтеріп жүр кеудеңді.

Табиғаттан алғанмын  тәрбиені

Мұнан өткен жаныңа азап бар ма?
Мақтауға да үйрендік, азаптауға.
Танымайтын әлемде мені мүлдем,
Алла, мені айырма мейірімнен.

Бар сырымды жасырмай жайып тұрмын,
Таңның қалай ұмытам жарық нұрын?
Бұл сезімнің сеземін тапшылығын,
Күннің қалай ұмытам жақсылығын?

Күңіреніп шыққанда менің үнім,
Төккен сонау аспаннан мейірімін.
Дір еткізген жүрегін тамшы мұңым,
Айдың немен өтеймін жақсылығын?

Жүдеп жүрген шағымда, тоңып жүрген,
Ақын қыз деп төрінен орын берген.
Ел-жұртымның құшағын айқаратын,
Жақсылығын мен қалай қайтарамын?

Мен ешкіммен жау болып жағаласпан,
Солай бол деп үйреткен маған аспан.
Шаршауды да білмейді жомарт жаным,
Бұл өмірден тапқанша жоғалтқанын.

Бұл анамның айтатын әлдиі еді,
Табиғаттан алғанмын тәрбиені.
Тар үйіме бір дүйім ел қонады,
Кең далада туғандар кең болады.

Ұрпаққа

Ойламаңыз ақын ғой деп бізді өзге,
Жапырақ боп жылайтынбыз күз келсе.
Құдай қанат бергеннен соң қырандай,
Ұшып жүрдік қарамастан тіл-көзге.

Біреу сенер, біреу сенбес бұл сөзге,
Шүпілдеп кеп тұнып тұрған нұр көзге.
Аққулардың ақ қанатын жамылып,
Біз де сендей өлең жаздық бір кезде.

Жүруші едік ақ гүлдердей үлбіреп,
Тау суындай таза едік, мөлдір ек.
Өлең деген қасиетті аппақ құс,
Айдындарда жүзуші еді мөлдіреп.

Қанатымыз ақ бұлттармен ұштасып,
Бойымызда қайнап тұрған  күш тасып.
Сол ақынды бір көрсек деп армандап,
Сыртымыздан болып жүрді жұрт ғашық.

Аласұрдық қалса егер жыр келмей,
Сонша асықтық қалатындай үлгермей.
Бәрін жырлап өтеміз деп ойладық,
Жердің үсті еншімізге тигендей.

Біз де сендей болатынбыз ойласам,
Жүрек шаншар тереңдерге бойласам.
Ескертеді қансыраған жүрегім:
«Өлесің»деп жыр жазуды қоймасаң.

О, мен қанша қиянатты кешірдім,
Лаулап жанған өсек отын өшірдім.
Таза болдым толқынындай Тобылдың,
Жұмсақ болдым жағасындай Есілдің.

О, мен қанша еліктерді құтқардым,
Ауызына сұм ажалдың тік бардым.
Құдайымды іздеп таптым ақыры,
Біреуінен пана таппай «пұттардың».

Ұрпағыма қалдырам деп ұнамды ән,
Көзімді алмай жүрмін енді құраннан.
Адам түгіл аңның өзі адасқан,
Жердің үсті көрінбейді тұманнан.

Жанды бүріп ішімде бір жылайды ән,
Аспан жақтан айды көрдім мұңайған.
Өзім үшін, ұрпақ үшін, ел үшін,
Кешірімді сұрап жүрмін  Құдайдан.

          Жырым оны айтпаса, кім айтады?

Ақын деген лайық боп шын атыма,
Мен өзімніңсүйендім қуатыма.
Қолын бермек түгілі құз шетінде,
Біреулер дайын тұрды құлатуға.

Жалғыз болдым шатқалда, құздарда да,
Құлап жатты тайғанап құздан бала.
Асуларға осылай өрмеледім,
Құздарға да қарамай, мұздарға да.

Жалғыз болдым теңізде, жағада да,
Жәрдем берді, күш берді маған Алла.
Үнім ащы сондықтан, көл бетінде,
Жалғыз ұшқан ұқсадым шағалаға.

Жағалап жүре алмадым Жайықты да,
Сол үшін менің жаным айыпты ма?
Бой бермейтін ешкімге асау толқын,
Кемені де төңкерді, қайықты да.

Жырларымда жатады қайғы-зарым,
Мен айтпасам айтады ол мұның бәрін.
Қанша қайсар болса да қыран құстың,
Қауырсыны бір-бірлеп жұлынғанын.

Әлі күнге сыздайды жараларым,
Жаралы аңдай жер бетін араладым.
Жырым оны айтпаса кім айтады,
Аққу құсты құзғындар талағанын.

Мендей болар бірақ та бақытты адам,
Өлең, жырды сыйлады уақыт маған.
Ғасырдың тереңіне қазынаммен,
Сүңгуір қайықтай боп батып барам.

Өлеңім, асыл текті перғауындай

Біреудің тіреп тұрған ағасы бар,
Теңізге шықса бірге ала шығар.
Біреулер өсек айтып күнін көрер,
Оны айтпаса аузына жара шығар.

Бір қадам алға бассам, ысқырынып,
Жылан жатар алдымда ала шұбар.
Дұшпаным көп неліктен, наданға да,
Табылып жатқан кезде жанашырлар?

Біреуді біреу бүгін жетектейді,
Жүзге бөліп, жүз рет бөлшектейді.
Өздерінің есегін тұлпар санап,
Өзгенікін есек деп есептейді.

Байлығы бар, даңқы бар осыларға,
Бұл өмірде білмеймін не жетпейді?
Көтерсек бізден асып кетеді деп,
Күннің көзін қалқалап көрсетпейді.

Құлағымда күншілдер ызың қағып,
Қызғанады кетердей қызыр дарып.
Жалғыз мендей осынау теңіздегі,
Қолға түспей жүретін қызыл балық.

Қай ауылда жүрсем де халық бірақ,
Алыстан-ақ жатады қызын танып.
Маска киіп бетіне жүргендерден,
Алла алдында әйтеуір жүзім жарық.

Бірі күліп жатқанда, бірі жылап,
Қызғанышсыз кеудемнің түні- жұмақ.
Күншілдер де жүреді тамақ тауып,
Сыртымыздан ауызы жыбырлап.

Елдің жүгін көтерген ақындардың,
Ауыр болар иықта жүгі бірақ.
Ақынмын деп айтуға хақым да бар,
Жаратқанға тұрса егер жырым ұнап.

Көргенмін, көрем талай тақ таласын,
Мейлің мені надандар мақтамасын.
Сыртымнан жала жауып жүрген жандар,
Алдымен өз күнәсін ақтап алсын.

Біреулер жағама кеп жармасады,
Өзінен мұндай байлық таппағансын.
Өлеңім, асыл текті перғауындай,
Мәңгілік саркофакта  сақталасың.

*      *      *

Таусылғандай  қызығы сері кештің,
«Өлең оқы!»-демейді келіп ешкім.
Күзден кейін келетін көктемдер бар,
Жапырағым, неге ерте төгілесің?

Осымен біткені ме бар азабым,
Сағынсам, қайтем енді қазақ әнін?
Ешкімді де келмейді мазалағым,
Ешкімді де келмейді жазалағым.

Кім түсінер жанымның нәзіктігін?
Жыр жазам деп жаһанға жазықтымын.
Қатыгез, бір қоғамда өмір сүріп,
Жаза алмайтын заманда жазып тұрмын.

Шілденің күндеріндей қайнап тұрмын,
Жаныма жырларымды қайрат қылдым.
Сенің күнің не болар өлең досым,
Мен соны жүдеп іштей ойлап тұрмын.

Әйелдің  көз  жасы

Жыласа әйел жылайды,
Жалғыздан жалғыз қалғанда,
н түндер жайғанда.
Періште бұғып бұрышта,

Сайтандар сайран салғанда.
Жоқ екен деп әділдік,
Мынау дүние-жалғанда.
Жыласа әйел жылайды,
Жалғыздан жалғыз қалғанда.

Жыласа әйел жылайды,
Орманы отқа күйгенде,
Қабағын бұлттар түйгенде.
Шырылдап жатқан бесікте,

Түсіне сәби кіргенде.
Ақ қағазға жыр жазып,
Көз жасын төксе түндерге.
Жылаған жанын жұбатар,
Болса ғой шіркін бір пенде.

Жыласа әйел жылайды,
Ақын болып жаралған,
Аққудай көлде таранған.
Құзғындар кіріп түсіне,
Түндерде жылап оянған.

Қараңғы аспан төсінде,
Жұлдыздай ағып жоғалған.
Жыласа әйел жылайды,
Ақын болып жаралған.

Жыласа әйел жылайды,
Өмірі өткен өлеңмен,
Маңайы гүлге бөленген.
Қайсар да отты жырының,
Куәсі болған көрермен.

Қап-қара шашы ағарып,
Қасіреті  көбейген.
Жыласа әйел жылайды,
Қоштаса алмай өлеңмен,
Қоштаса алмай өлеңмен.

Қайран  менің өлеңім

Қайран менің өлеңім,
Қанатымен  су сепкен,
Қарлығаштай болса екен.
Қыран құстай түйіліп,
Шыңға барып қонса екен.
Белін бекем буса екен,
Тағы бір өлең туса екен.

Қайран менің өлеңім,
Бір Алла болсын қорғаның,
Шуламасын орманың,
Маңдайыңа жүрмесін,
Ұшы тиіп найзаның,
Аңдып жүрген дұшпаның,
Тастамасын торларын,
Көтермесін қолдарын.

Қайран менің өлеңім,
Найзағайдай өткір ең,
Несіне оған өкінем,
Өсейін десең гүл болып,
Айналаң сор мен шөл кілең,
Күйіп те кете жаздадың,

Махаббаттың өртінен.

Қайран менің өлеңім,
Өмірлік досым, серігім,
Құралай көзді елігім,
Жайқалып мәңгі өсе бер!

Өмір бойы мәпелеп,
Күтіп, бағып, аялап,
Өсірген  жасыл егінім.

Туған жер – анамыз

Туған жерден,
тамырымды  кесем  дей ме кей пенде?
Кеудемізден итереді…біз сағынып келгенде.
Туған жерің анаң ғой-қымбат әрбір баласы,
Әр баласын ойлаумен кетер ұйқы, мазасы.

Әнебіреу ақ шашты ағамыз ғой баяғы,
Сен кімсің?-деп әдейі танымағансып қалады.
Басымызға осындай заман туды, туды күн,
Кешіре  гөр туған жер, адамдардың қулығын.

Келсең егер қайда қалдың?-дейді біреу ертерек,
Түзде біреу жетімдерді жүргендей бір жетелеп.
Анасының бауырында қалғандар көп қиналмас,
Жырақтарда көрер едім жүрсең егер қарның аш.

Бір топ шидің астында болар еді бұғып қалуға,
Аттандық біз алысқа жеңіс дабылын қағуға.
Кеңдік керек алдымен жүйрік, ұшқыр киікке,
Қыранға да күш керек самғау үшін биікке.

Қиналсақ та анамызға жүре бердік мұң шақпай,
Туған жердің төбесінен айналып ұшқан ұшақтай.
Аралап өтсек те ауылдағы әр үйді,
Танымаса біреулер, туған жер бізді таниды.

Туған жерге бәрібір, кедейсің бе, байсың ба,
Жолама деп маңайыма айтып еді қайсыңа?
Ұшса егер балапан талқандамай ұяны,
Құшағына сол ананың бар баласы сияды.

Танып тұрып әдейі танығысы келмеген,
Рақымшылық күтпеймін пиғылы тар пендеден.
Құшағына асығып келе жатқан жолдағы,
Ақын қызын туған жер таныса тек болғаны.

Көзімді байласа да шүберекпен

Қайтемін Амазонка өзеніңді,
Қайтемін жатқа жарып өзегімді.
Мен әлі әлем түгіл, жұмақ тектес,
Аралап болған жоқпын өз елімді.

Өз тарихым өзіме жұмбақ болып,
Шыңдарында жатқанда мұздақ толып.
Америка қалды ма ашылмаған,
Ақындар қазақ жерін жырлап болып.

Қартайған шағымда да тізе бүккен,
Туған жерді табамын тізерлеп мен.
Туған елді табамын, ауылымды,
Көзімді байласа да шүберекпен.

Көрмей-ақ қойдым елді, өзге мүлде,
Теңіз де табылады өз жерімде.
Дәл мендей ғашық болып даласына,
Әр қазақ ие болсын өз жеріне.

Мариям

   Жыр әлеміне қанат қағуыма арнап ақ батасын  берген  қазақтың  аяулы ақын қызы  Мариям Хакімжанованың рухына арнаймын.

 Жатқан  мезгіл…жаз есігі жабылып,
Тұрған едім жол шетінде жабығып.
Келе жатты ақындардың анасы,
Жапырақты  иығына жамылып.

Жүрегімді тербеп сонда дария ән,
Алматыдан маған ана табылған.
Жүзі таныс, жанға қымбат кім десем,
Періштенің қызы екенсің Мариям.

Сезімімді тоқтата алмай тербеген,
Алматыға өлең іздеп келген ем,
Ақын болсам деп жүргенде сөзімен,
Мені алғаш періштесің  жебеген.

Бір күндері бір түйір бұлт төбемде,
«Сендей ақын көрген жоқпын»дегенде.
Қанатына оқ тиген құс секілді,
Бір төбеден құлдырадым төменге.

Құлы едім мейірім мен ақылдың,
Жаны жылап жатты сонда ақынның.
Неге екенін білмесем де сол кезде,
Жанұшырып мен өзіңді шақырдым.

Құлын даусым өтті ме екен құлақтан?
Бір періште ұшып шықты жұмақтан.
Сол періште  сен екенсің, сұраған:
Сәбиімді кім екен деп жылатқан?

Мәңгі елесің сүйкеп өтсе жанымнан,
Сұрап жүрем көктемдегі қайыңнан,
Жылы жымиып, амандасып өтеміз,
Періштедей бірін-бірі таныған.

Содан бері көп өзгердім, өзгердім,
Жүрегіме: « Сөйле енді» деп сөз бердім.
Қуат таптым шыбын жанды қорғайтын,
Құламайтын жебесінен сөздердің.

Енді қайтып құласам да  тұра алам,
Енді өзім жерді басып жүре алам.
Ақ батасын беріп, мені демеген,
Сен екенсің бір періште, бір адам.

*      *      *

Елшің едім жер бетіне жіберген,
Қошаметті көре алмадым бұл елден.
Күн көзіне ұқсас менің жырларым,
Шыға алмай жүр қара бұлттан түнерген.

Артық не бар әмірінен тәңірдің,
Сен іздесең мен қасыңнан табылдым.
Қай аспанға қонарымды білмедім,
Екі дүние арасында сабылдым.

Жаз деген соң жаздық жырды аямай,
Ұш деген соң ұштық теңіз жағалай.
Тұлпар мініп еркектермен жарысты,
Әйел байғұс өз әліне қарамай.

Бұл заманда шығармайтын ешкім үн,
Ешкімге де ұқсамайды кескінім.
Жан жүрмейтін жолдарда мен адастым,
Бір жұрнағы жоғалған соң ескінің.

Жалғыз жұлдыз үңіледі төбемнен,
Өмір осы, ұйқысыз түн көбейген.
Алғыс па әлде, айтатыны қарғыс па?
Соңғы сөзді күтіп жүрмін өлеңнен.

           Сенің  нұрың 

О, бостандық, жүрегімнің жолдасы,
Сен болмасаң, не істер едім ойлашы?
Шамам жетсе  мен өзіңді қорғайын,
Шамаң жетсе  сен де мені қорғашы.

Күнге ғана береді екен төрін шың,
Сол шыңдардан сенің ңұрың төгілсін.
Жұмақ болсаң  о, бостандық алдымен,
Халқым татсын сол жұмақтың жемісін.

Тұрған кезде бет қаратпай жалының,
Киіз үйдің сығаламай жабығын.
Алдыменен таң алаулап атқанда,
Халқым көрсін күннің нұрлы жарығын.

Сен деп найза қынабынан суырған,
Сен деп қазақ белін бекем буынған.
Бұлақ болсаң мөлдіреген алдымен,
Халқым ішсін сол бұлақтың суынан.

*      *      *

Төбемнен құйса да әкеп алтындарын,
Ұмытуға хақым жоқ халқым барын.
Біреу білсе білмейді біреу оны,
Шыбын жаным сол үшін шарқ ұрғанын.

Тақ қойса да астыма, мансап беріп,
Атақ беріп жатса да, жақсы ат беріп.
Таудан аққан бұлақтай өз халқымның,
Құшағына  құлаймын аңсап келіп.

Көзімізде тұрса да тұнып қайғы,
Білем халқым біздерді ұлықтайды.
Құдайының алдында, ел алдында,
Берген сертті ақындар ұмытпайды.

Қазақтың даласы – нағыз жұмақтың өзі екен.

Ақселеу Сейдімбек.

Кең  жүректі  халықпыз

О, тәкаппар кең далам,
Кітабымсың – ең  қымбат!
Өлең  оқып жатасың,
Қыран даусың саңқылдап.

Рухы биік осынау даламызды қолдаймыз,
Ақын болса даламыз…
Қалай ақын болмаймыз?

Алтын деген әнекей–
Төбеңдегі күн нұры,
Одан қымбат байлық жоқ,
Дүниеде, біл мұны!

Қазағымның даласы бар өнердің өлкесі,
Кең даласы қазақтың–
Суреттердің көкесі.

Анау әсем ақ бөкен,
Жаратқанның салғаны,
Оны салу өмірде,
Әркімдердің арманы.

Бізге  тәңір осындай кең даланы таңдады,
Одан қымбат дүние жоқ,
Ештеңе емес қалғаны.

Керемет қой, керемет,
Адам  жаны  таң қалар,
Құс пен аңға қарашы…
Бәрінде де таңба бар.

Жұдырық боп жатқан жер,
Алақанын ашады,
Қусаң егер қасқырды,
Даласына қашады.

Кең далада гүлденген,
Кең жүректі халықпыз,
Қалдырмасын  құдайым,
Жүректерді жарықсыз.

Қаһарына ілігу–
Құдайымның, қауіпті,
Біз де ендеше болайық,
Сол құрметке лайықты.

Алтындай елім, өр елім

Сүйіндім асқақ күйіңе,
Алтындай елім, өр елім.
Жеткізбей қойды-ау дүние,
Теңіздей сенің тереңің.

Өзеурей келіп өктемдік,
Тыншымды алды талай түн.
Бақытым қайда-тек мендік,
Болуға мәңгі жарайтын.

Арманым қайда-қанатын,
Аққудай әсем жаятын.
Кезенсе біреу садағын,
Құламай аман қалатын.

Махаббат қайда-мас болар,
Орманың қайда-адастыр.
Көрмесем көзге жас толар,
Тамшы да болса қарастыр.

Өмірде мендей бар ма адам,
Отанын шексіз сүйетін?
Найзадай жүзі қайралған,
Үміт бер өмір сүретін.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар