Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының мәліметінше, «Қосшы Арена» заманауи жабық футбол алаңының аумағы-12500 шаршы метрді құрайды және жеке инвестиция есебінен салынған. Нысанда киінетін, жуынатын бөлме, көрермендерге арналған балкон қарастырылған.
Қалада балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдай жасалуда. Сонымен бірге спорт нысандарының санын арттыру үшін облыстық бюджет қаражаты есебінен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оны 2024 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Жақында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылды.
«Өздеріңіз білетіндей, «Верный капитал» қоры биыл біздің балаларымызға республика көлемінде теңдесі жоқ жаңа мектеп-гимназиясын сыйлады. Біздің осы қормен әлеуметтік серіктестігіміз жалғасады. Қазіргі уақытта қоғамдық мәдени-спорт орталығының құрылысын бастау жоспарлануда», – деп атап өтті Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов.
Қала басшысы атап өткендей, биыл 400 орындық мәдениет үйін салу жобасы әзірленген. Ол 2024-2025 жылдары жүзеге асырылады.
«Бұл көрсеткіштер Қосшы қаласында спортты дамыту үшін жағдай жасалып жатқандығының дәлелі деп санаймын және осы бағыттағы жұмыс жалғасады», – деді қала басшысы.
Жаңа футбол алаңының ашылуына ата-аналар да қуанып отыр.
«Балаларымыз енді бос уақыттарын тиімді пайдаланады және сүйікті спорт түрімен айналысады. Менің ұлым футболға әуес. Болашақта атақты футболшы болғысы келеді. Балаларымыздың келешегі үшін жағдай жасалып жатқандығына ризамыз», – деді қала тұрғыны Маржан Төлеуова.