Тәуба! Атажұртқа оралудық

Тәуелсіздік! Осы бір ауыз сөз, мен ғана емес, күллі қазақтың жүрегіне терең ұялаған қайталанбас қасиетті ұғым. Себебі, халқымыздың ғасырлап күткен еркіндігін қаншама батырларымыз ат үстінде жүріп, кеудесін оққа, арқасын отқа төсеп, кірпігіне мұз, балағына қан қатып, ызғарлы желтоқсанның желіне шыдап, бастарын бәйгеге тіккен жанкештілігінің арқасында ұрпағына сыйлап кеткен жоқ па?

Сол тарихи күндердің бастауы – 1990 жылы 25 қазан, Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негіздері бекітілген, дербес ел болып, шаңырағын көтеріп, керегесін бекітіп, Егемендік декларациясын қабылдаған күн. Бұл декларация арқылы Мемлекеттік туымыз тіктеліп, Елтаңбамыз өмірге келіп, Әнұранымыз шырқалды. Және де қасиетті ана тіліміз тұғырына қонып, ұлттық валютамыз шығарылып, әлем картасында Қазақ мемлекетінің территориялық аумағы дәйектеліп, БҰҰ-ның мүшесі болып қабылдандық. Бұл күннен бастап, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұшқан құстың қанаты талатын, ұлан-ғайыр даламыздың шекарасы бекемделді, біртұтас зайырлы мемлекет болып, ұлтаралық теңдікке, тағы басқа адам құқықтарына қол жеткізілді. Кешегі күрескер қайсар қазақтың, ұлтын шексіз сүйетін боздақтардың еңбегінің жемісі әлемге тарыдай шашылып кеткен қазақтың тарихи Отанына оралуына жол ашты. Осы күнді асыға күткен шетелдегі қандастарымыз ақсарбасын шалып, қаладан далаға, даладан ауылға сүйінші сұраған еді. Ақсақалды аталар, кимешекті апалар көз жастарын көлдетіп, қасиетті жер-ананы сүйе тағзым етіп, қос қолдарын жайып, көк Туымыздың енді құламай, мәңгі желбіреп тұруын тілеп, дұға еткенін екі көзіміз де көрген еді. Ата-жұртына табан тіреп, арманы орындалған қандастар үшін біз де қуаныштымыз. 2023 жылы тамыздағы санақ нәтижесінде тәуелсіздік алған жылдан бері республикамызға 1 миллион 120,7 мың этникалық қазақ оралып, өсімімен 3 миллионнан аса қандасымыз еліміздің жан санының артуына, мәдениетіне, салт-дәстүріне, оқу-ағарту саласына, экономикасына, ел дамуына  өлшеусіз үлес қосып келеді.

Соңғы кездері болған қаншама тарихи өзгерістерге қарамастан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «25 қазан – Республика күні болсын» деп бекітуді 2022 жылы Ұлытауда өткен ұлы жиында ұсынды. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту әлемдегі қазақ халқының рухани жан дүниесін бір нүктеге түйістіріп, еліміздің елдігін, егемендігін нығайтып, Отан және ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең түсініп, ұлтын сүйетін әрбір азаматтың осы мереке  арқылы бір-біріне деген құрметін арттырып, еркін ойлауға, дамуға тәуелсіздікті сақтайтын тұтас ұлтты бір мемлекет болуға шақырған маңызды шешім екені айдан анық. Осы орайда, Президентіміз «Республика күнін не үшін ұлттық мереке санатында атап өтуді ұсынды?» деген сұрақ кім-кімді де ойландыруы мүмкін. Әрине, Тәуелсіздік күні мен Республика күні де егемендігіміздің басталған күні, мемлекет және халқымыз үшін екеуінің де қадыр-қасиеті бірдей. Бірақ, мазмұны бөлек. Республика күні ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттің дамуына елеулі әсер еткен оқиғаларды ұлықтау, еске алып, құрмет тұту мақсатына жататын мерекелер арасындағы жалғыз ұлттық мереке. Санаттан шығып қалған айтулы күнді халқымызға қайтарып берген Мемлекет басшысының дұрыс пайымы.

Сонымен бірге, Тәуелсіздік жылдары Ақмола, Көкшетау өңірлеріне 60 мыңнан аса қандастарымыз келіп, аймақ бойынша 17 аудан 3 қалаға шашырай қоныстанды. Басым бөлігі Ерейментау, Целиноград, Бұланды, Аршалы, Атбасар, Бурабай ауданы сияқты өңірлерге табан тіреген. Қазіргі таңда қандастар жергілікті халықпен тығыз байланысып, сіңіп келеді. Ағымдағы жыл басынан бері облысымызда 873 этникалық қазақ қандас мәртебесін алып, оның 270-і өңірлік квота тізіміне енген. Егеменді ел болғаннан бері Ақмола өңіріне қоныстанғандардың 41 мыңнан астам қандас өңірлік квотаға кірсе, қалған 19 мыңы өз еңбектеріне сүйеніп, тіке азаматтық алып, облысымыздың әр саласында қызмет етуде. Бір өзі ондаған адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттің дамуына үлес қосумен бірге, халық тұрмысының жақсаруына, экономикамыздың өркендеуіне ат салысып жатқандар әр өңірден ондап-жүздеп табылады. Мысалы, Целиноград ауданының бір ғана Қоянды ауылында мейрамхана, шаштараз, машина жөндеу, емхана, тіс дәрігері, аяқ киім өндіру цехы, киім тігу шеберханасы,  азық-түлік магазиндері, білім беру орталықтары, мақта-қой жүнін мәнерлеу шағын цехтары, мал бордақылау, жылыжайда көкөніс өсіру, аулада тауық бағу, тағы басқа осы сияқты шағын және орта бизнесті дөңгелетіп отырғандардың 80 пайыздан астамы бұл күнде Қазақстанның толыққанды азаматы мәртебесіне ие болып, елін, жерін сүйетін ұрпақтарды тәрбиелеп, қатарға қосып жатқан қандастар.

Қазақстандағы халық санының артуында мемлекеттіліктің дамуында  ұлы көштің алар орны жоғары. Демек, республика күнін ұлықтау қандастар үшін де тарихи маңызды мереке. Өйткені, елге келген қандастардың 62,7 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар, 30,7 пайызы – жасөспірімдер мен балалар, тек 6,6 пайызы ғана – зейнет жасындағылар деген нақты ақпарат көздері бар. Бұл мемлекет пен ел экономикасы үшін де қайнар бұлақтың көзі деу орынды болатыны анық. Қандастар – өндірісшілер, олар тұтынудан гөрі өндіруді көздейді. Атап кетсек, Қытай қазақтары қытайлардың заманауи шағын өндіріс құрал-техникаларын бәсекелесе жүріп жете меңгерсе, Моңғолия қазақтары да мал шаруашылығының қыр-сырын жақсы қалыптастырған. Ал, Өзбекстан қазақтары өздерінің дәстүрлі шаруашылығымен қоса, құрылыс, ас мәзірі, кен саласында  да әлеуеттері зор. Оның сыртында ана тілі, дәстүрлі мәдениеті, ұлттық құндылықтарының қаймағын бұзбай ата жұртқа әкелушілер. Олар өз мүмкіндіктерін мемлекеттен қолдау күтпей-ақ, еліміздің барлық жерінде қолдануда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінде жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында қандастар көшін қолдау туралы «Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деген болатын. Өкінерлігі, қазіргі таңда елге оралған қандастардың қоныстануы мен құжаттануы, мемлекеттен қолдау мақсатындағы бөлінген өңірлік квотаны алуы күн сайын қиындап барады. Мысалы, белгіленген сегіз облысқа барса ғана қандас мәртебесін ала алады, оның өзінде 35 жұмыс күнінде. Қандас мәртебесі болмаса, азаматтық ала алмау себебінен қандастар өзі қалаған өңірге қоныстана алмауда. Келген адам көп, квота саны аз. Және де түп нұсқасы расталып тұрған құжаттарды келген елінің елшілігіне барып қайта растату, ең сорақысы, кейбір өңірде 18 жасқа толмаған балалардан сұралмайтын «028» формасын туғанына 6 ай болған балаға дейін сұрату, тағы басқа толып жатқан кедергілер бар. Сондықтан, Президенттің тапсырмасы жергілікті өңірлерде  толық орындалмай жатыр деуге себеп мол.

Қорытып айтқанда, Республика күні күллі қазақтың бақытының бастауы, тәуелсіздігіміздің айнасы. Қандастарды елге көшіру ұлт тағдырына сай келетін маңызды шешім. Сондықтан,  шетелде туып, өзге ұлтқа жұтылып кетпей тұрғанда қандастарымызды түрлі жолдармен, жеңілдіктермен елге жеткізуге әрекет жасау – бәріміздің борышымыз. Әрбір қазақ баласы жанымызды берсек те тәуелсіздікті қорғау – міндетіміз. Осы мақсатта береке-бірлікті арттырып, егемендік жолында еңбек еткен әр саладағы ұлт ұландарын ұлықтауымыз, ұмытпауымыз керек. Сөз соңында, құрметті Қазақ елі, Сіздерді Республика күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, Отанымыз тыныш болсын. Түбі бір Алаш елі, бір тудың астына жинала берсін!

Алтынгүл МӘДЕНҚЫЗЫ,
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының
Ақмола облысы бойынша филиалының төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар