Іскер басшы, адал азамат

Кез-келген адамның өзіне ғана тән өмір жолы, тіршілігі бар дегенмен, атқарған еңбегі, көрген бейнеті, татқан зейнеті алған асуы, жеткен биігі әркімнің өмірінде әрқилы екені белгілі.  Оларды сырт көз өздерінше бағалап та жатады. Сондағы көптің іздейтіні біреу: ол-кісілік келбет, азаматтық тұлға. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы мен қызметі де айтуға тұрарлық.

Әждар Тайшытаев 1953 жылы 25 қазанда Арқалық ауданына қарасты Қайыңды ауылында туған. Көптің бірі болып мектеп табалдырығын аттады. Мектептен кейін армандаған институтына түсті. Ол Ташкенттің теміржол көлігі инженерлерін даярлайтын институты болатын. Сол институттың вагон құрылысы мен вагон шаруашылығы бөлімін таңдаған. Дипломдық жұмысын жақсы бағамен тапсырып, қолына инженер дипломын алды. Ендігісі өзінің қолында екенін жақсы білді. Жас инженер 1975 жылы Екібастұз вагон депосының вагон құрастыру цехының шеберлігіне жолдама алды. Осы кезеңнен Әждар Тайшытаевтың еңбек жолы бастау алады. Келесі жылы Атбасар вагон депосына шебері болып ауыстырылады. Арқалықта ПТО-да еңбек етті. Осылай уақыт өтіп жатады. Дегенмен, адамның өмірі бір жермен шектелмейді, оның әр жолдары болады. Адам тәжірибе жинақтап, еңбегінің келесі сатысына бет бұрады. А.Тайшытаев та сол жолмен өтті. Іскер, көпшілікпен тіл табыса алатын,  білікті әрі жан жақты дайындығы бар зерек жігітті басшылар да байқап, партиялық жұмысқа тартады.

Арқалық қалалық партия комитетінде нұсқаушы, одан әрі өндіріс-көлік секторының меңгеруші қызметтерін ойдағыдай атқарады. Осы қызметтерде Әждар Тайшытайұлының ұйымдастырушылық қабілеттері кеңінен ашыла бастайды. Ол 1985 жылы Арқалық қаласындағы №3 кәсіптік-техникалық училищесінің директоры, одан кейін ауылшаруашылығы колледжінің директоры бола жүріп, талай жастарды мамандыққа баулыды, өмірге жолдама берді. Қызметі жоғарылап, облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кеңес үкіметі кезіндегі экономикалық саладағы байланыстар ыдырап, жас мемлекетіміз өзінің таңдаған жолымен жүріп, даму жолына түсті. Ол жылдар кімге де болсын, жеңіл болмады. Аждар Тайшытайұлы өзінің мамандығы бойынша жұмысын Атбасар қаласындағы, бір кездері өзі жұмыс істеген вагон депосында жалғастырды. Басшының орынбасары, одан кейін кәсіпорын басшылығына сайланған іскер азамат кәсіпорынды осы заманға сай оңалту, жұмыс тапсырушылардың сенімді серігі болу жоспарын алға тартты. Онсыз технологиялар дамыған уақытта алдыңғы қатардан орын алу мүмкін емес.

Жанына іскер, білікті мамандарды іріктеп, іске кіріскен Әждар Тайшытайұлы вагон депосы негізінде жекеменшік кәсіпорын құрды. Әріптестерімен бірге алдымен, цехтардағы білдектер мен станоктарды жаңартуға кірісті, оларды шығаратын шетелдік зауыттармен хат алмасып, телефон арқылы сөйлесіп, бір келісімге келіп жатты. Онымен қатар, цехтардағы мамандар қатарын ұлттық кадрлармен толықтыру жұмысы бірге жүргізіліп отырды. Егерде вагон депосында бұрындары әр бөлімшеде бір-екі қазақ жігіттері болса, бүгінде зауыт ұжымының басым бөлігі өзіміздің жігіттер. Олардың атқарған жұмыстары сапалы әрі сұранысқа ие болып жатты.

Расын айту керек, 90-шы жылдардың соңында Атбасар вагон депосының жағдайы мүшкіл халге жеткен болатын, тапсырыс көлемі азайып, жұмыс атқаратын белдектер ескіріп, вагондарды жөндейтін қажетті материалдар тапшылығы шектен асып кеткен болатын. Сондай-ақ, тығырықтан шығу жолы іздестіріліп, кәсіпорынды, ұжымды сақтап қалу жолдары қарастырылғанымен, бірден ұжымның сенімін ақтау оңай болмады. Осы кезде Әждар Тайшытаевтың іскерлігі мен біліктілігі айқын көрінді. Жер-жерлермен байланыс орнатып, Атбасардағы вагон жөндеу кәсіпорнын аяғына тұрғыза білді. Сөйтіп, жұмыс тапсырушылардың сенімді серіктестігіне айналды. Вагон жөндеу саласында бәсекелестік қатты болды, сондықтан, оған төтеп беретін бір жол ғана бар, ол вагондарды сапалы әрі тез жөндеу еді. Бұл жұмыс үрдісін атбасарлық вагонжөндеушілер өздерінде кеңінен қолданды. Екінші кезекте вагон кәсіпорнының барлық цехтарында күрделі жөндеу жүргізілді, еуропалық негізге сай жаңартылды. Осының нәтижесінде жұмыс орындары ыңғайлы, жарық әрі жылы болды. Жұмыскерлер ауысым соңында жуынып-шайынатын, киім ауыстыратын арнайы бөлмелер пайда болды. Тапсырыстар міндетті түрде келіп тұрды және ұжым мүшелерінің айлық жалақылары жыл сайын өсіп, қаржылай түрлі көмектер енгізілді.

Өндірістік жұмыстармен қатар, Ә.Тайшытаев қоғамдық  ауқымды жұмыстар да атқаруда. Ақмола облыстық мәслихатының 4-5 шақырылымдарының депутаты ретінде ауданымызға қаражат тартып, ол көптеген игі істердің атқарылуына мұрындық болды. Аудан аумағындағы көптеген игі істердің басы-қасында болып, өзінің пікірін де айта біледі. Ал, кәсіпорынның осы жылдардағы жетістіктері, жеткен белестері айтарлықтай. «Аждар и К» ЖШС «Парыз» отандық кәсіпкерлік жауапкершілігі байқауының  «Үздік ұжымдық келісім-шарт» аталымы бойынша үздіктер қатарынан көрініп, екінші орынға және арнайы сыйлыққа ие болды. Кәсіпорын бірнеше жыл қатарынан «Сала үздігі» аталымын жоғары ұстаса, 2022 жылы «Саланың көшбасшысы» белгісін де иеленді.Бұл кәсіпорынның отандық вагонжөндеушілер арасында беделі мен алар орны жоғары екенінің айғағы. Осыдан Әждар Тайшытайұлының еңбектегі белсенділігі мен өмірлік ұстанымы жоғары екені байқалады. Елі де оның ерен еңбегін елей білуде. Бұл күнде омырауына мемлекетіміздің жоғары марапаттары «Құрмет» орденімен бірнеше медальдар, «Құрметті теміржолшы» белгісі жарқырайды.

 Өмірсерік ШАЙХИН.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар