Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұстаз мерейі - АРҚА АЖАРЫ

Ұстаз мерейі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Ақордада мемлекеттік наградалар мен атақтарға ие болған бір топ қазақстандықтармен бірге Ақмола облысы Степногорск қаласындағы дарынды балаларға арналған №4 «Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Үмітжан Солтанқызы Еңсебаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыс етті.

 Жүзіндегі жылылық пен мейірімінен-ақ оның ұрпақ тәрбиесі саласында еңбек етіп жүрген ұстаз екендігін аңғаруға болады. Тұла бойындағы адамгершілік пен зиялылық қасиеттерін бір көргенімізден байқадық. Біз ұрпақ бойына адамгершілік, әдептілік пен ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіріп келе жатқан, күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ұлттық мереке – Республика күні «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» медалін алған Үмітжан Солтанқызы Еңсебаева.

Үмітжан Солтанқызын облыстық әкімдікте өткен жиында көрдік. Мұнда да өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкірттерінің жанына білім нұрын құятын ұстаздың мерейі артып, құшағы гүлге толды. Жылы лебіздер мен ақжарма тілектер жан-жағынан төгілуде. Қуаныштан жүрегі жарылардай… Кеудесіне тағылған мемлекеттік наградадан емес, ұстаз мамандығына кірбің түсірмей, педагогикалық қызметін адал атқарып келе жатқандығына.

Ұстаз тұлғасы болмысынанбайқалатын Үмітжан Еңсебаева Солтүстік Қазақстан облысының  Уәлиханов ауданы Қайрат ауылында дүниеге келген. Сол кездегі Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, өз туған ауылындағы мектепке жұмысқа орналасып, ұрпақ тәрбиесі жолындағы ұлағатты ісін бастаған. Кейін тұрмыс тауқыметімен, өмір-өзеннің ағыстарымен жүзе отырып, Степногорск қаласына қоныс аударып, бүгінде ондағы дарынды балаларға арналған №4«Болашақ» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей интернатында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып сабақ беруде, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен ділді, ұлт әдебиетінің асыл жауһарларын  сіңіруде.

Мұғалімдік мамандығын бала күннен армандаған Үмітжан Еңсебаева:

– Кішкентай кезімде бастауыш сыныпта оқып жүргенімізде Алтыншаш Мұстақымқызы деген алғашқы ұстазым «Болашақта кім боламын?» деген тақырыпта шығарма жазғызды. Ол кезде мен ұстазымды үлгі тұтып, сол кісіге еліктеп жүретінмін. Содан болашақта мұғалім боламын деп  шығарма жаздым. Бірақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі боламын деп ол кезде ойламадым. Математик болуды армандайтынмын. Кейін институтқа оқуға түскенде де физика-математика факультетіне оқуға бардым, алайда, бұл мамандық ұнамады, менің болмысыма келмейтінін сездім. Өзім  көркемсөз оқуларына жақын болатынмын, содан бір жылдан кейін филология факультетіне ауысып кеттім. Содан бері міне бар ғұмырым ұлттық тәрбие жолында, тіл мен әдебиет саласында өтіп келеді, – дейді.

Еңбек жолын ауылдан бастап, бүгінде қалада мұғалім болып жүрген ұстазға соңғы жылдары жиі айтылып жүрген «ауыл мектебі мен қала мектебінде білім алған оқушылардың білім сапасы» туралы сауалды қоймасыма болмады.

–  Ауыл балалары мен қалада оқитын оқушылардың білім сапасы былай тұрсын, мінез-құлықтарында да ерекшеліктер байқалып тұрады. Ауыл балалары көбіне ұят болады деген қағидамен өскесін бе, ұяң келеді. Біліп тұрса да, кейде тартынып қалатындары бар. Әрине, барлығы сондай деп айтудан аулақпын, ішінде алғырлығымен, зеректігімен, пысықтығымен суырылып шығатындары болады. Ал, қала балалары ашық, ізденімпаз, ақпаратты тез қабылдағыш, өзіне не керектігін біледі. Оның барлығы техникалық мүмкіншілікке де байланысты. Бұл жағынан қалада бар жағдай жасалынған, Интернет те бар, түрлі ақпараттық-техникалық бағыттағы үйірмелер де жеткілікті. Сондықтан, айырмашылық болады, – деді ұстаз.

35 жылдан бері ел ертеңіне білім нәрін құйып келе жатқан Үмітжан Солтанқызы бұған дейінде бірталай марапаттарға ие болған. Тәлім-тәрбиеге аса мән беретін оның мұрағатында әр жылдары алған облыстық білім басқармасының, Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің Алғыс хаттары мен Құрмет Грамоталары жетерлік. 2019 жылы педагог-зерттеуші біліктілік санатын иеленген. Биыл облыстық деңгейде іс-тәжірибесі жалпыланып, облыстық озық тәжірибе банкіне енгізілген. Бұдан басқа, түрлі республикалық және халықаралық ғылыми олимпиадалар мен жобаларға қатысып, көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Сонымен бірге, ағымдағы жылы облыстық «Үздік авторлық жұмыс» байқауында педагогтың «Ұшқыр ой мен шешен тіл»атты авторлық жұмысы жүлделі орынға ие болды.

Ұстаз оқушыларын да түрлі деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларға қатыстырып, олардың жетістіктерімен марқайып келеді. Сөзімізге дәлел болсын, 2020 жылы республикалық «Абайтану» олимпиадасында КөркемӘбдірахимII дәрежелі дипломмен, VII республикалық «Ақберен» байқауында ЖанботаЖабай, XIII республикалық Абай оқуларының «Ұлылар әлемі» номинациясында  ДильназАленханI дәрежелі дипломдармен, республикалық «Ілияс оқуларында» ГүлханМұсылманбек, республикалық «Мұқағали  оқуларында» ДильназСағайқызы Алғыс хаттармен марапатталған. Бұдан басқа, облыстық деңгейде өткізілген байқау-олимпиадаларда оқушыларының жетістіктері жетерлік.

–Республикалық байқаудан оқушым екеуіміз бірінші дәрежелі дипломмен оралғанда, мектеп басшылығынан бастап, жақсы көңіл-күймен, әдемі ойластырылған мерекелік бағдарламамен қарсы алды. Мұндай сәттер менің де, оқушымның де мерейін өсіріп, кеудемізді қуаныш кернеді, –деді сөз арасында оқушыларының жетістіктеріне шын риза болған ұстаз.

Әріптестері Үмітжан Солтанқызының зерттеушілік қабілетінің жоғарылығына, әдістемелік шеберлігіне, шығармашылық ізденгіштігіне, зейінділігіне, өз жұмысына жауапкершілікпен қарауына аса зор құрметпен қарайды.

– Мен қандай мектепте жұмыс істесем де, алдымнан жарқын жүзді, кішіпейіл адамдар жолығады. Ең алғаш еңбек жолымды бастағанда, туған ауылымдағы мектебіме мұғалім болып бардым. Жоспар құрып, сабақты ұйымдастыруды сондағы өзімнің ұстаздарым үйретті. Сол өз мектебімде 5 жыл ішінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына дейін өсірді. Кейін қалаға ауыстым, мұнда да жақсы адамдармен кезіктім. Қазір жұмыс істеп жүрген Степногорск қаласындағы дарынды балаларға арналған №4 «Болашақ» мектеп-лицей интернатының директоры Гүлшира Тұрғанбаева мен оқу ісінің меңгерушісі Айман Жәкішеваның менің бүгінгі қол жеткізіп отырған медалімді алуыма  ұсыныс беріп, көп еңбек сіңіргенін атап өткім келеді. Оларға еңбегімді бағалағандары үшін ризашылығымды білдіремін, – деп әріптестеріне деген игі-ықыласын жеткізді.

Иә, бір білім ордасындақызметтес болып, бір-бірінің еңбегін бағалап, бір-біріне тілектес болу қандай ғанибет. Мұндай сыйластық пен ақ ниет кейде жақын адамдардың арасында да жетпей жатады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан осындай марапат аламын деп ойламаған едім. Марапат рәсіміне дейін бір күн бұрын Ақордаға барып, Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннің қабылдауында болдым. Марапат сәтіндегі ішкі қуанышымды жеткізу мүмкін емес.  Сондай тамаша ұйымдастырылған кеште, әсіресе, ұлттық мереке күні менің де еңбегімнің еленгеніне қатты қуандым. Ұлтымыздың дамуына, ұрпағымыздың ұлт әдебиетіне қанып өсуіне сіңіріп жүрген еңбегімнің еш кетпегеніне дән ризамын, – деп ішкі тебіренісімен бөлісті кейіпкеріміз.

Қазақ тілі мен әдебиетінің майын ішкен Үмітжан Еңсебаева бүгінде тек ұстаз ғана емес, отбасында өмірлік серігіне аяулы жар, баласына ардақты ана, балдай тәтті немересіне асыл әже. Ендеше, еңбегі еленген ардақты тұлғаға біз де отбасының амандығы мен шаттығын тілеп, ізгі ниетімізді білдіреміз. Осындай үлгі тұтар ұстаздарымыз көп болсын.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар