Интернет жақсарады! Жол картасына қол қойылды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинмен кездесіп, жиын барысында 2024-2027 жылдарға арналған Ақмола облысындағы елді мекендерді сапалы байланыспен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша Жол картасына қол қойды. Сонымен қатар,  кездесу барысында министр ведомствоның қызметі мен тың жобалары туралы кеңінен баяндап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды.

Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Марат Ахметжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыру және инновацияларды енгізу мәселелеріне баса назар аударғанын ерекше атап өтті.

– Біз цифрландыру саласында жаңа технологияларды пайдалануды барынша жақсартуымыз, сондай-ақ, қала мен ауыл арасындағы айырмашылықтарды неғұрлым азайту үшін жағдай жасауымыз керек, бұл ретте Ақмола облысының ерекше мәртебесі бар екендігін басты назарда ұстап, осы үдеден көрінуіміз қажет, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жол картасын іске асыру шеңберінде 200-ден астам елді мекенге жалпы ұзындығы 3000 шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желісі жүргізіледі, сондай-ақ, ұялы байланыс операторлары үшін елді мекендерде 102 антенналық-діңгекті құрылыс салынады. Сонымен қатар, 2024 жылы  Ақмола облысының 250 ауылдық мектебін жоғары жылдамдықты интернет байланысымен қамту көзделіп отыр.  Бұдан басқа,  2024-2027 жылдар аралығында «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысындағы 306 ауылды оптикалық байланыс желілерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ, 5G стандартының 56 базалық станциясын (БС) орнату жоспарлануда. Бүгінде 5G стандартының 6 БС орнатылды.

Тағы бір ерекше екпін түсіре атап өтерлік мәселе,  Ұлттық жоба аясында Ақмола облысындағы «Астана-Көкшетау», «Астана-Ерейментау», «Астана-Аршалы» бағытындағы үш автомагистралін интернетпен қамтамасыз ету көзделген. Бұл туризмнің дамуына да оң әсерін  тигізетіні анық.

– Облыстың барлық жол бағыттары бойынша байланыс құралдарының қолжетімділігі есебінен өңіріміздің туристік әлеуеті артатын болады, – деп атап өтті өңір басшысы Марат Ахметжанов.

Өз кезегінде министр Бағдат Мусин жолдағы интернеттің қолжетімділігін арттыру мәселесі ведомствоның басты бағыттарының бірі екендігін атап өтіп және осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылатындығына тоқталды.

Жиын барысында өңір басшысы Цифрлық технологиялар қоғамдық қызметтің барлық салаларында қолданылатынын, деректердің кең көлемін талдауға көмектесетінін, құжаттарды ресімдеу кезінде қағазбастылық пен бюрократияны төмендететінін, сондай-ақ, камераларды пайдаланып қылмыскерлерді іздеуді жеңілдететінін атап өтті.

Өңірімізде білім беру саласын цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінеді.

– Ақмола облысының барлық мектептерінде балаларға бағдарламалау, қарапайым алгоритмдер құру, web-сайттар, компьютерлік ойындар мен анимациялар жасау дағдыларын еуропалық білім беру стандарттары бойынша үйренуге мүмкіндік беретін тегін «IT-сыныптар» жұмыс істейді», –  деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, жиын барысында өңіріміздің  цифрлық технологияларды дамыту саласына өз үлесін қосып жүрген мамандар  да баяндама жасады. Солардың бірі – Ақмола облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Әбутәліпов.Айта кетуіміз керек, қазіргі таңда облыста 58 000-нан астам камера орнатылды, оның 11 000-нан астамы жедел басқару орталығы шығарылды.

– Фото және бейнетіркеуді енгізумен қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау деректері ұлғайып отыр, 90 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелді, – деді ол өз баяндамасында.

Жиында «Sergek Group» компаниялар тобының негізін қалаушылардың бірі Әсет Ахметов те баяндама жасады. Оның айтуынша, IT мамандары үшін мұндай іс-шараларға қатысу зор мүмкіндік. Аталмыш жиындар олар үшін облыстың сала қажеттіліктері мен мүмкіндіктерін саралап, бағамдауға, түйткіл тұстарын оң шешіммен шешуге, өздеріне сәйкес келетінін анықтап, түсінуге мүмкіндік береді.

– Қазақстандық мамандар ретінде біз өз шешімдерімізді жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының іс жүзіндегі ақпаратына сүйене отырып әзірлейміз. Біз Ақмола облысына қауіпсіздік, көлік және экология сияқты бағыттарда цифрлық шешімдерді ұсынып отырмыз. Біз SmartCity құру саласындағы жетекші қазақстандық IT компаниямыз. Ынтымақтастық ниеттің белгісі ретінде біз Көкшетау қаласында пилоттық режимде «Сергек» зияткерлік жүйесінің екі ақпараттық-бағдарламалық кешенін орнаттық. Қазіргі уақытта олар аналитикалық режимде жұмыс істеп тұр, – деп бөлісті Ә.Ахметов.

Кездесу барысында сөз сөйлеген министр Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі ведомствосының алдында Мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінен адами факторды алып тастау, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту міндеті тұрғанын баса айтты.

Көкшетау қаласына келген жұмыссапарыбарысындаминистр «Достар» мәдениет сарайында қала тұрғындарымен де кездесу өткізіп, ел халқын толғандырған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар,  ведомствоның қызметі мен жобалары туралы кеңінен баяндап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен таныстырды.

Министрлік басшысы бүгінде қазақстандықтарға көрсетілетін проактивті қызметтердің саны 46-ға жеткенін айтты, олардың ішінде жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке және туу туралы куәлік және тағы басқалары бар. Бұл ретте, Бағдат Мусин ведомствоның жұмысы мемлекеттік қызметтерді проактивті тәртіпте көрсетуге, ал, жақын болашақта адами фактордан мүлдем бас тартуға бағытталатынын атап өтті.

Кеңінен қолданылатын қызметтер Halyk және Kaspi сияқты танымал платформаларда қолжетімді. Бұл платформаларда тұрғындар 16 қызметке цифрлық форматта қол жеткізе алады.Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, үйде бейнетехнологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік қызметтердің 79 түрін алуға мүмкіндік бар.

– Біз мемлекеттік қызмет көрсету үдерісінен адами факторды алып тастауды мақсат етіп отырмыз. Жеке куәлікті алу және оны қайта шығару үшін «құжаттау терминалы» сынды жобаларды іске асыру көзделуде. Қазіргі уақытта бұл жоба Астана қаласындағы бірқатар халыққа қызмет көрсету орталықтарында пилоттық түрде орнатылған. Бұл шешім халыққа көші-қон қызметінің қызметкеріне жүгінбей-ақ, 5-10 минут ішінде жеке куәлікке тапсырыс беруге мүмкіндік береді, – деді министр.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде интернет сапасын жақсарту бағытында қолға алынған «Қолжетімді Интернет» ұлттық жобасы туралы кеңінен әңгімелеп берді. Кездесу барысында «Ақылды қала» жүйесін дамыту тақырыбы да айтылды. Сапар барысында цифрлық ведомство басшысы өңірлік IT-Hub жұмысымен танысып, Ақмола облысының IT-қауымдастығымен де кездесті. Кездесу барысында Бағдат Мусин 2025 жылға дейін 100 мың IT-маман даярлауға ниетті екенін айтты. Ол үшін бағдарламалау мектептеріне гранттар ұсынылатын болады.

Кездесуде халық министрге көкейде жүрген сұрақтарын алға тартты. Солардың қатарында алғашқылардың бірі болып Ақмол ауылының тұрғыны Владимир Дестергенов онлайн байланыс арқылы өз ойын ортаға салды. Оның айтуынша, ауылда интернет байланысының сапасы нашар. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамына бұл жағдайды баяндап айтқанымен ешқандай нәтиже болмаса керек. Министр тұрғынның наразылығын мұқият тыңдап, тиісті құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Жалпы министрге халық тарапынан қойылған сұрақтар көп болды. Олардың барлығына ведомство басшылығы нақты әрі дәлелді жауап беріп, түйіткіл мәселелердің шешу жолдары қарастырылып, жұмыстың пысықталып жатқандығын баса айтты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар