Этносаралық татулықтың көрінісі болған – «Достық дәмі»

 «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру аясында этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қызметін интеграция мен мәдениетаралық дамыту, азаматтық бірегейлікке негізделген мемлекеттік тілді, қазақстандық патриотизмді ілгерілету, қазақ халқының мәдениеті мен рухани дәстүрлерін сақтау және дамыту мақсатында  Қазақстан халықы Ақмола ассамблеясының этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Достық дәмі» фестивалі болып өтті.

Бүгінде елімізде 100-ден астам этнос өкілдері өмір сүріп келеді. Тағдырдың жазуымен елімізге келген барлық этнос өкілдері үшін қазақ жері киелі алтын бесіктеріне айналды. Ағымдағы жылдың 1 мамыр Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай, Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ мен Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлесіп Көкшетау қаласында 17 этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Қазақтану» бағдарламасы аясында «Достық дәмі» гала-фестивалінің ашылғанын жариялаған болатын-ды. Негізгі мақсат, мәдениетаралық даму, азаматтық бірегейлік пен қазақстандық патриотизм негізінде қазақ халқының мәдениеті мен рухани дәстүрін сақтауға және дамытуға, басқа этностар арасында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған. Достық үйінде өткен бүгінгі шара фестивальдің қорытынды аккордына айналды. Мамыр-қазан айлары аралығында облыстың тоғыз ауданы мен Степногорск қаласының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері фестиваль аясында аудандарда іс-шаралар өткізіп келген.

Фестиваль қорытындысы бойынша, «Достық дәмі» жобасының аясында жаңаша қоғамдық сананы қалыптастыру, қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының деңгейін көтеру, қазақ тіліне, қазақ елі мен жеріне деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатында өткен фестивалға белсенді қатысқан Астарахан, Біржан сал, Жарқайың, Зеренді, Сандықтау, Шортанды аудандары марапатталды. Және жүлделі 3-ші орынды Бурабай, 2-ші орынды Аршалы, 1-ші орынды Атбасар аудандары иеленіп, Бас жүлдені  Степногорск қаласы жеңіп алды. Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин жүлдегерлермен, фестивальға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті жиынға қатысушылар, 25 қазан ұлттық мереке Республика күнін барша ел болып атап өттік. Бұл күнге байланысты облысымызда көптеген шаралар өткізілді, бұл да сол шаралардың жалғасы деп ойлаймын. Бұл фестиваль көктемнен бастап жүріп жатыр. Іс-шараның мақсаты – қазақтану, елімізді біріктіру, тілімізді, мәдениетімізді дәріптеу, өзге ұлт өкілдерімен береке-бірлікте болашаққа нық қадам жасау, елді әрі қарай дамыту, – дейді Алмас Аянұлы. Іс-шара барысында, жобаға ұйытқы болып, қолдау білдіріп келген тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Құдайберлі Мырзабек пен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ермек Нұғыманов сөз сөйлеп, этномәдени бірлестіктерді облыс әкімі орынбасарының Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың ішінде орыс, неміс, татар, башқұрт, шешен-ингуш, әзірбайжан, корей, армян, өзбек, чуваш, тәжік, еврей, қырғыз, поляк, украин қатарлы 17 этностардың бірлестіктеріне құрмет көрсетілді.

Сонымен бірге, гала-фестиваль қарсаңында қолөнер шеберлерінің «Экскурсиялық серуені», Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерінің көрмесі ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Айта кету керек, «Достық дәмі» жобасы өңірде тұратын этностардың қазақ халқының құндылықтарын тану, қабылдау және оны бойларына рухани сіңіру арқылы достық пен келісім жағдайында өмір сүріп жатқанын тағы бір дәлелдеді. Сондай-ақ, азаматтық бірегейлікке, қазақстандық патриотизмге негізделген мемлекеттік тілді ықпалдастыруға және мәдениетаралық ілгерілеуге, қазақ халқы мен басқа да этностардың мәдениеті мен рухани дәстүрлерін сақтауға және дамытуға жол ашты.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар