Облыс әкімі Марат Ахметжанов Көкшетау қаласының тазалығына жауапты «Зерен плюс 2006» және «Көкше Тазалық» серіктестерінде болып, кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасымен, жұмысшылардың жағдайымен танысты.
Облыс орталығын ала жаздай тазалап, абаттандыру жұмысын жүргізетін, қыс маусымында қардан тазалап, жауын-шашында қала тұрғындарының емін-еркін жүруіне қолайлы жағдай жасап отыратын серіктестік жұмысшыларының еңбегі зор. Уақытпен санаспай, тыңғылықты еңбек етсе де, еңбекақы көлемі мақтанарлық емес. Орташа көлем небары 150 мың теңге шамасында. Бір айта кетерлігі, қос кәсіпорында жұмыс істейтін адамдардың дені егде жастағы азаматтар. Ал, жастар жағы бейнетке белшесінен бататын мұндай жұмысты істегілері келмейтін көрінеді. Аймақ басшысы Марат Мұратұлы екі серіктестіктің де басшыларына еңбекақы мәселесін қайта қарап, өсіруді тапсырды.
Облыс әкімітанысқан алғашқы нысан – «Зерен плюс 2006» серіктестігі 1986 жылы құрылған. Автотұрақтарындағы 35 бірлік арнайы техника бар. Осы техникалардың көмегімен облыс орталығының 55 учаскесіне тазалық жұмыстарын жүргізеді. Арнайы техникалар орталық жылу жүйесіне қосылған тұраққа қойылады. Қазір мұнда 70-тен астам адам жұмыс істейді. Серіктестіктің директоры Тимур Жараспаевтың айтуынша, қыста қар тазалауға барлық техника мен жанар-жағар майы дайын. Көшелерді тазарту жұмыстарынан кейін жиналған қоқыстар қала іргесіндегі Краснояр селосының маңындағы полигонға төгіледі. Осы орайда, өңір басшысы учаскелік полицейлерге тазалық жұмысшыларының болсын, басқа да қала тұрғындарының болсын қоқыс қалдықтарын белгіленген полигондарға апарып төгуін қадағалауды және көшелердің тазалығына қатысты жұмыс дер кезінде орындалмай жатқандығын көрсе, заңды сақтай отырып, тиісті шаралар қолдануды тапсырды. Қала тазалығының баршаға ортақтығын ескертті. Қала әкімі Бауыржан Ғайсаға жазғы уақытта қоқыстарды жинағанда олардың жәшіктерін санитарлық тазалаудан өткізуді де бақылауда ұстауды және облыс орталығында беті жабылатын қоқыс жәшіктерін көптеп орналастыру қажеттігін айтты.
Қала тазалығы мен абаттандыру жұмыстарының 70 пайызға жуығын атқаратын «Көкше Тазалық»серіктестігінің директоры Олег Топорковтың мәлімдеуінше, базада 40-тан аса арнайы техника бар екен. Биыл тағы екі жаңа арнайы техника лизингке алыныпты. Серіктестік алаңында көктайғақ кезіндегі тұрғындар қауіпсіздігін сақтауға 300 тонна құм мен 20 тонна тұз дайын тұр. Қысқы уақытта техника жетіспеушілігі байқалатын болса, алдыңғы жылдардың тәжірибесі бойынша қосымша техникалар мен жұмысшыларды жалдайтын болады.
– Маған қала тазалығы бойынша тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағымдар келіп түсуде. Басым көпшілігі қаланың орталық көшелері мен алаңдары ғана күнделікті тазаланып, сыртқы аумақтар ескерусіз қалып жатыр деп шағымдануда, –деді аймақ басшысы.
Бұған орай серіктестік басшысы қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы оларды күнде қадағалап, тазартылмаған алаңдар мен көшелер бойынша ескертіп отыратындығын жеткізсе, қала басшысы Бауыржан Сейітқалиұлы:
– Қар жауып тұрған кездері әрине орталық аумақтар алдымен тазартылады, одан кейін шеткі аудандарды қамтиды. Автобус жүретін жолда алдыңғы кезекте қардан тазартылады, – деп жауап қатты.
Аймақ басшысы серіктестік директорларына жаяу жүргіншілер жолын да уақытылы тазартып, көктайғақ кезінде тиісті шаралардың қолға алынуын кешіктірмеуді тапсырды.
– Жұмысты тиімді істеңіздер. Сіздер қызметтеріңізді тегін көрсетіп жүрген жоқсыздар. Бұл үшін халықтан ақша аласыздар, сондықтан, техниканы да жаңартып, жұмысшылардың еңбекақысына да көңіл аудару қажет. Келісім-шарт бойынша міндеттеріңізді дұрыс орындасаңыздар, біз де өз тарапымыздан көмек көрсетуге тырысамыз. Қала тазалығына, көркеюіне қатысты ұсыныстарыңыз болса, жазбаша түрде жіберіңіздер, – деді сөз соңында Марат Ахметжанов.
Айтса айтқандай, қала көркі көпке ортақ. Облыс орталығының сән-салтанаты көңіл тоғайтып тұруы үшін баршаның ат салысқаны жөн-ақ.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.