Орман қорын молайту – бүгінімізді және ертеңімізді ойлағандығымыз

Орманды өлкеде оралымды іс бар. Мәңгі жасыл қарағайлар мен қолдың саласындай аққайыңдар көмкерген орманды алқап жыл сайын қамқор қолмен егілетін көкөрім көшеттің көмегімен толығып, еселене түсуде.

«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформалау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында. Бұл сөздің орман саласына да тікелей қатысы бар. Егер біз айналамыздағы қоршаған ортаға, оның ішінде орман-тоғайымызға немқұрайлы, тіпті қаскөйлікпен қарап, табиғаттың тепе-теңдігін бұза берсек, оны аяламасақ, сақтамасақ, осы салада атқарылып жатқан жұмыстардың да көбі зая кетеді, не көздеген межесіне жетпейді.

Ақмола, Көкше өңірлерін етек-жеңі кең пішілген орманды алқаптың жалпы көлемі 405,1 мың гектарды құрайды. Оның 229,5 мың гектары сыңсыған орман. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі бес жыл ішінде екі миллиард көшет отырғызу керек деген тапсырмасын жүзеге асыру барысында тиянақты іс атқарылуда. Оған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын қоссаңыз, бұл тараптағы атқарылып жатқан шаруа ауқымды. 2021 жылдың көктемінде Ақмола облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты орман шаруашылықтары 1370 гектар жерге көшет отырғызды. Егер алдын ала межеленген жоспардың 970 гектар екенін ескерсек, ойға алған шаруа оңынан оңғарылды деп айтуға әбден болады.

Негізінде, көрікті Көкше баурайындағы жасыл аймақ жыл сайын балғын көшеттермен толығып келе жатқандығын қадай айтқан абзал. Мәселен, 2022 жылы 1280 гектар алқапқа көшет егу жоспарланса, нақты шаруа әлдеқайда асыра орындалып, жасыл желек 2845,9 гектар жерді қамтыған. Демек, ойға алған шаруа 222,3 пайыз орындалды деген сөз. Әуел баста 9,3 миллион көшет отырғызу көзделсе, іс жүзінде 17,2 миллион дана әрқилы ағаш көшеттері отырғызылған. Осылайша жоспар 185 пайызға орындалған. Ал, келер жылы 1950 гектар алқапқа 11,5 миллион көшет отырғызылу межеленуде. Әр жыл сайын дала көркі – орманды алқаптың көлемі көбейіп келеді. Егер 2009 жылдан есептесек, Көкшетау мен Қорғалжынның арасындағы кең көсілген далада 20 мың гектардан астам алқапта ағаш көшеттері отырғызылған екен. Бүгінгі күні көкөрім көшет бой салып өсіп, ит тұмсығы өтпейтін ну орманға айналуда. Астана-Щучинск бағытындағы тас жолдың бойына да 2,6 мың гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылды. Бүгінгі күні ол әрі-бері өткен жолаушының көз қуанышына айналуымен қатар, қысқы боран-шашында пана, ық болып тұр. Ат басын іріккен жолаушы неше алуан ағаш қаулап өсіп тұрған орман ығында дем алса, жұмақтай жайнаған өңірді бауыр басып, мекендеген жүз сан құстың құйқылжыған үнімен тұтаса біріккен ғаламат күйді – дала оркестрінің үнін тыңдар еді. Жалғыз көркем сурет қана емес, жеміс-жидегі де төңіректегі елдің сарқылмас ырыздығы.

2021 жылдан күні бүгінге дейін ағаш бүршігін кептіретін 7 құрылғыда 422 тонна бүршік жиналып, 4220 қарағай тұқымы алынды. Орманды алқаптарды сауықтыру бағытында да қыруар жұмыс атқарылуда. Қазір 11 тәлімбақ жұмыс істеп тұр. 171 гектар жерде көшет өсірілуде. Бұл бағыттағы жұмысты сәл ғана саралап айтатын болсақ, Ақкөл, Кіші Түкті, Маралды тәлімбақтарының атқарып отырған жұмысы өте нәтижелі. Сондай-ақ, 8 уақытша тәлімбақтың табысты жұмысын қоссаңыз, тұтас шаруаның ауқымы кеңіп келе жатқанын аңғарар едіңіз. Тәлімбақтарда 10 миллионға жуық екі жылдық және бір жылдық көшеттер өсірілуде. Ал, уақытша тәлімбақтарда 20 гектар жерге көшет отырғызылған. Ортақ іске толымды үлес қосу үшін Барап және Ерейментау орман шаруашылықтарының ұжымдары 2,2 гектар жерді қамтитын екі уақытша тәлімбақты жасақтап, жемісті еңбек етуде. Бұл жерлерде орман қорын молайтуға қажетті бірнеше түрлі ағаш көшеттері бапталуда.

Көшет отырғызу барысында жағымды жаңалықтар да бар. Айталық, Кіші Түкті орман шаруашылығында 51 гектар жерге көшет отырғызу сонау 1972 жылы қолға алынған болатын. Салаға серпін беру үшін желден қуат алатын құрылғы орнатылды. Маралды орман шаруашылығында 23 гектар алқапты қамтитын тәлімбаққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қоршалды. Жылыжайдың көлемі 600 шаршы метрге ұлғайтылып, тамшылатып суаратын жүйе орнатылды. Қыста жылу беру ұйымдастырылды. Өзге де уақытша тәлімбақтардағы алқаптың көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Әйтсе де ойға алған шаруаны жүйе-жүйесімен атқарып, жоғары міндет жүгінен табылу үшін тәлімбақтардың әлі де жетімсіздігі сезіледі. 2024-2025 жылдары тағы да екі тұрақты тәлімбақ салу көзделуде. Бұл алқаптардың көлемі 86 гектарға жуықтайды деп көзделуде. Оның 61 гектары Зеренді ауданындағы «Бұқпа» орман шаруашылығында болса, екіншісі Атбасар ауданындағы «Маралды» орман шаруашылығында орналасады. Көзделген істі жүзеге асыру үшін бюджеттік өтінім берілген.

Әрине, егілетін көшет түрлерін әралуан ету айрықша маңызды. Осы орайда, 2013 жылдан бастап Ресейдің Түмен облысындағы «Ақмешіт» тәлімбағымен тығыз әріптестік орнатылған. Бұл тәлімбақтан тез өсетін және декоритвтік ағаш түрлерінің көшеттері алынады. Осындай ізденістің арқасында қазір Көкшенің құнарлы топырағына жүзге жуық ағаш түрлері отырғызылуда. Олардың арасында сирек кездесетін ағаш пен жеміс беретін ағаштар бар. Өткен жылы 5,8 мың дана 49 түрлі сирек кездесетін ағаш түрлері алынды.

Қыруар жұмыс атқарылғанымен, алда әлі де ауқымды істер бар. Егер облыстағы жер көлемінің 4,6 пайызы ғана орманды алқап екендігін ескерсек, жыл сайын бұл істі ширата түсу қажет. Ол үшін бей-берекет ағаш кесуге жол бермеу, тілсіз жау – өрттен қорғау тәрізді орманды жанашырлықпен аялайтын іс жүйелі жүргізілуге тиісті. Ел қазынасының дидарына кіреуке түспес үшін төл табиғатты аялай білетін перзенттік ілтипат керек-ақ.

 Руслан ӘУБӘКІРОВ,
Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат
пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар