Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шынайы қолөнер шебері - АРҚА АЖАРЫ

Шынайы қолөнер шебері

«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі кітапханасында «Адам еңбегімен тамаша» атты іс-шара өтті. Шараға №8 мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Шараның қонағы ретінде кітапханаға есімі бүкіл Қазақстанға мәлім кестелеу өнерінің шебері Үкіжан Ементаева шақырылды. Үкіжан апай кезінде Көкшетау медучилищесін бітіріп, көп жылдар бойы ет комбинатында фельдшер болып қызмет атқарған. Екінші жағынан, Көкше елінің талантты перзенті, ақын-композитор, журналист, марқұм Маман Ементаев ағамыздың асыл жары. Ол кісінің сөз өнері Үкіжан апайымыздың бойында да бар. Үкіжан Қалиақпарқызы тарихи тақырыптарға арналған туындылары арқылы жас ұрпақтың рухын көтеріп жүрген жан.

Шара «Достар» мәдениет сарайының  қызметкері, әнші Толғанай Туғамбекованың орындауындағы «Самға» әнімен ашылып, сөз кезегі қонағымыз Үкіжан апайға берілді. Үкіжан апай бала кезінен сурет салғанды жақсы көргенін айтып, жылдар өте тігіншілікпен  айналысып кеткені туралы өте қызғылықты баяндап берді. Өзімен ала келген туындыларымен таныстырды. Түркі халықтарының орта ғасырдағы мемлекеттерінің, Ұлы Жібек жолының,  Қазақстанның көне қалаларының кестеленген  карталарын көрсетіп, Ұлы Даланың тарихымен байланыстыра отырып, әңгімесін өрбітті. Апайдың әр туындысында тарихымызды зерделеп, көп ізденгені көрініп тұр. Қай нәрсені болсын жанын салып, аса бір  ұқыптылықпен жасаған екен. Кестелеп тігілген әдемі бұйымдары таң қалдырады. Кітапхана оқырмандарын  Үкіжан апайдың әшекейлеп, таза күміс тиындармен қаптаған  сәукелесі де қызықтырды. Тарихқа деген қызығушылығы мен ізденісі, өзіндік зерттеулерінің негізінде орыс тілінде «Собирая тюркские «камешки» атты кітабы жарық көрген екен. Қатысушыларға осы жинақтың мазмұны, сонымен қатар, жұбайы  Маман Ементаевтың «Ауылым қонған Сырымбет саласына» кітабындағы өлеңдері мен әндері де таныстырылды.

Кеш соңында Үкіжан апай балаларға ақ батасын беріп,  «батыл да әділ болыңдар, тарихымызды біліңдер» деген тұрғыда ақыл-кеңесін айтты.

Кітапхана қызметкерлері апайды өткен туған күнімен құттықтап, сыйлықтарын ұсынды. Іс-шарамыз Толғанай Туғамбекованың шырқаған тағы бір әсем әнімен аяқталды. Белгілі қолөнер шеберімен өткен бұл әсерлі кездесу кітапхана оқырмандарының қазақтың тарихы мен қолөнеріне деген қызығушылықтарын оятатынына сенімдіміз.

Алтын Ілиясова,
«Достар» мәдениет сарайы жанындағы Көкшетау қалалық үлгілі
кітапханасының кітапханашысы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар