Ауыл шаруашылығы – адамзат баласының өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің тынымсыз, тіршілікке қажетті еңбектерінің арқасында бүгінде отандық аграрлық сектор әжептәуір дамып келеді. Әрине, біз одан әрі еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беретін боламыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында да «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтқан еді.
Әрине, біз одан әрі еңбектеніп, еліміздің игілігі үшін әлеуетімізді арттыра беретін боламыз. Ақмола облысы елімізде жоғары сапалы бидай өндіретін негізгі ауыл шаруашылығы аймақтарының бірі болып табылады. 2023 жылы агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдау 106,4 миллиард теңгені құрады, оның 46,6 миллиарды субсидиялау түріндегі қайтарымсыз қолдау, 59,8 миллиарды қайтарымды қолдау, яғни, жеңілдікпен кредиттеу, форвардтық сатып алу, астыққа тауарлық кредиттер қатарын қамту. Әуелі өңірдегі ауыл шаруашылығының негізін құрайтын егіншілік саласына тоқтала кетейік. Биыл күзде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4,7 миллион гектар алқапта бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 6,4 центнер болып, үш миллион тоннадан астам астық жиналды. Оның ішінде майлы дақылдар 161,6 мың алқапқа егіліп, 90,4 мың тонна тұқым жиналса, картоп 13,2 мың гектарға отырғызылып, 148,4 мың тонна өнім жиналды. 305,4 мың тонна көлемінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың тұқымдары дайындалып, жоспардың 56,9 пайызын құрады. Жазғы ауа райының қолайыздығы мен күзгі егін науқаны кезіндегі жауын-шашынның салдарынан өңірде ғана емес, еліміздің егін алқаптарында қиындықтар туындады. Соған қарамастан, диқандарымыз елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті азық-түлік қорын жасап үлгерді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында егін жинау науқанының аяқталу барысында айтып жеткізген болатын.
Жоғары өнімге қол жеткізудің негізі – ол ауыл шаруашылығы техникаларының жаңаруы. Аймақта 2023 жылғы қаңтар-қазан айларында ауыл шаруашылығы саласын техникамен қамтамасыз ету мақсатында барлығы 59,5 миллиард теңгеге 1936 техника сатып алынды. Олардың қатарында, жүз елу жеті астық жинау комбайндары, үш жүз екі трактор, төрт жүз жиырма жеті тұқым сепкіш, қырық төрт егіс кешендері, 988 өзге техника бар. Қазіргі уақытта техникаларды жаңарту мен мемлекеттік қолдау шаралары жалғасуда. Ал, мал шаруашылығына келер болсақ, облыс шаруашылықтарының барлық санаттарындағы ірі қара мал басының жалпы саны 474,7 мың, оның ішінде сиыр басы 237,1 мың, жылқы саны 266,4 мың басты құраса, ұсақ қара мал – қой мен ешкі саны 637,7 мың басты құрады. Соның нәтижесінде 168 мың тонна ет, 352,1 мың тонна сүт өндірілді. Өңірдегі мал шаруашылығын субсидиялауға бес миллиард теңге бөлінді. Ауылдарды қысқа дайындау барысында 1,3 миллион тонна шөп, 188 мың тонна пішен, 150 мың тонна сүрлем, 355 мың тонна сабан, 650 мың тонна жем әзірленіп, қазіргі таңда қысқа дайындық толығымен қамтылды.
Сонымен бірге, ағымдағы жылы етті мал шаруашылығын дамыту шеңберінде 2531 бас малға қырық алты ферма құрылды. Сүтті мал шаруашылығын дамыту шеңберінде 4,2 мың басқа он бір ферма құру жоспарланса, бұл ретте 801 басқа бес ферма іске асырылды. Инвестициялық жобаларды кредиттеу шеңберінде агроөнеркәсіпте жеті сүт-тауар фермасын іске асыруға он бес миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Атбасар, Зеренді, Бурабай және Целиноград аудандарында тауарлы-сүт фермалары салынатын болады. Бүгінгі таңда Целиноград ауданында бір жоба қаржыландырылса, жыл соңына дейін жалпы сомасы 6,5 миллиард теңгеге тағы үш жобаны қаржыландыру іске асырылуда. Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру әрдайым басқарма назарында болмақ. 2023 жылы бағасы 53,6 миллиард теңгеге қырық төрт инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде: астық қоймаларын салу, ет өнімдері мен тауарлы-сүт фермаларын құру, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, құс фабрикаларын салу, жер игеру, көкөніс қоймаларын, бордақылау алаңдарын салу сияқты жобалар көзделген.
Бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттiк қолдаудың арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруда жетекші күшке айналып отыр. Басты мақсат – аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру. Бұл бағытта бүгінгі күні жүйелі жұмыстар жүргізіліп, ауыл шаруашылығында еңбек ететін мыңдаған ақмолалықтар ел экономикасының стратегиялық бағыттағы маңызды саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Ақмола облысында өндірістік қуаттылығы жылына 87,5 мың тонна ет өңдейтін он бес кәсіпорын, 137 мың тонна сүт өнімдерін өндіретін он төрт кәсіпорын, қуаты 794,8 мың тоннаны құрайтын отыз тоғыз ұн тарту дирмені және 101,4 мың тонна майлы дақылдарды өңдейтін сегіз кәсіпорын бар. 2023 жылдың үш кезеңінде 165,4 миллиард теңгенің азық-түлігі өндірілді. Тамақ өнімдерін өндіру құрылымында жоғарғы үлесті ет өңдеу саласы құрайды, қалған бөлігін сүт, астық өңдеу, нан-тоқаш өнімдері мен өзге салалар толықтырады. Ет өңдейтін кәсіпорындар мен цехтар 2022 жылмен салыстырғанда 70,6 мың тонна немесе өсімі 17,4 пайыз ет өндірсе, өңделген сүт өндірісінің көлемі 70,4 мың тоннаны құрап, өткен жылдан он пайызға өсті. Сол сияқты, сары май, ірімшік және сүзбе, ашымалы сүт өнімдерінде айтарлықтай өсу байқалды. Өндірілген өсімдік майының көлемі 36,7 мың тонна болып, 61,6 пайызға өсті. Тек, ұсақ тартылған ұн көлемі 15 пайызға төмендеді. Аталған өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға 1,8 миллиард теңге бөлініп отыр.
Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы Жолдауында, «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек»,– деген тұжырымдама жасаған болатын. Міне осы тұрғыда ауылдық елді мекендерде шағын несие беру негізінде «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру бағдарламасын іске асыру шеңберінде 265 жаңа жұмыс орнын құра отырып, ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда жаңа бизнес жобаларды іске асыруға және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуге 250-ге жуық қарыз беру үшін 1,2 миллиард теңге бөлінді. Кредиттік құжаттаманы қабылдау осы жылдың 27 маусымынан басталды. Қосымша, «Кең Дала» бағдарламасы аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу бойынша 39,5 миллиард теңге сомасына 444 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды. Несиелеу шарттары бойынша, қайтару мерзімі – 2024 жылдың 1 наурызына бекітілген. Ауыл шаруашылығын қаржыландыруда негізгі рөлді атқарып келген «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ тауарлық кредиттер беру шеңберінде облыстың он жеті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен жиырма бір келісім-шарт жасалып, оның көлемі 65,5 мың тонна астықты құрады. Қазіргі жағдайда оны 2,4 мың тоннасы немесе 3,4 пайызы қайтарылды. Тағы бір ауыл шаруашылығын қаржыландыратын тауарлық өнімдерді форвардтық сатып алу бағдарламасы іске асырылып келеді. Бұл бағдарламаның нәтижесінде 59,2 мың тонна астық жеткізу көлемімен 4,1 миллиард теңгеге елу екі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қаржыландырылды. Айтылған қаржыландыру көздері өңірдегі ауыл шаруашылығының экономикалық айналымын қалпына келтіріп қана қоймай, шаруашылықтардың құлдырап кетуінің алдын алып отыр.
Айта кететін жаңалық, Астана қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту аясында үш жүз шақырымдық аймақтар анықталып, оған облыстың он жеті ауданы кірді. Қазіргі уақытта облыстың 130 кәсіпорны ауыл шаруашылығы өнімдерін тұрақты негізде жеткізумен айналысады, оның қатарына алпыс сегіз мал шаруашылығы, сегіз құс шаруашылығы, елу төрт өсімдік шаруашылығы кіргізілген. Өңірімізден алынған өнімдер Елорданың Магнум, Астықжан, Смолл және Еуразия, Әлем, Шапағат, тағы басқа қырық төрт ірі сауда нүктелеріне сатылады. Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері биыл астаналық базарларға 98,8 мың тонна сүт өнімдерін, 22,3 мың тонна ет және ет өнімдерін, 196,2 миллион дана жұмыртқа жеткізді.
Сөз соңында, Мемлекет басшысы «ауылды қайта жаңғыртып, ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөлуіміз керек» деп, Үкіметтің алдына нақты міндет қойды. Ауыл шаруашылығын дамыту – мемлекетті алға апару, оның келешегін ойлау. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндер – ауылдықтар. Өйткені, олардың тұрмысы мен табысы ауылмен, жермен байланысты. Бүгінде агроөнеркәсіп кешеніне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай, облыс ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіптеріне толағай табыс тілей келе, дамыған жаңа Қазақстанды азық-түлікпен қамтамасыз етуде сүбелі қызмет ететіндеріне сенім білдіремін.
Кенеш ӘЛІМЖАНОВ,
Ақмола облысы ауыл шаруашылығы
және жер қатынастары басқармасының басшысы.