Көкшенің көркем мінезді Құралайы

Ұлттық мереке – Республика күніне орай өткен мерекелік салтанатта Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің директоры Құралай Ғазизқызы Ыдырысова Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 

 Иә, әрбір саналы адамзатжалғанда алдымен өз ата-анасын құрмет тұтып,  одан кейін тәлім алған ұстазының ұлағатына бас иіп өтері сөзсіз. Көкшелік Құралай Ғазизқызы да талай шәкіртті қанаттандырған, қолдау көрсеткен, өмір жолына жөн сілтеген аяулы  һәм ұлағатты ұстаз. Жүздеген талантты түлеткен құтты мекенді тізгіндеп, білікті басшы, білімді ұйымдастырушы ретінде де ел алғысына бөленді. Еселі еңбек еш болмайды деген осы емес пе?!.

Әдетте бір адам туралы мақала жазар кезде алдымен жүрекпен кеңесетінің бар. Жүрек жалған сөйлемейді ғой. Айтар ойыңды жүрек құптаса болғаны. Мұндайда көп іркілмей, көңілдегіні қағазға түсіруге асығасың. Әсіресе, жақсы адамдар туралы жазған сәтте көңілің де нұрланып, сол мейірімнен қуат алып оқырманға жеткізуге тырысасың.

Иә, рас, жақсы адамдармен сұхбаттаса отырып, олардың арман бастауына ата-анасының ақ тілегі, ақ батасы қанат бітіріп, өмір жолы көгеріп-көктеп, өркендеуіне жол салғанын аңғара түсесің. Шынымен де, үлкендердің алғысына бөленіп, олардың ақ батасын алған баладан бақытты жан бар ма? Бәлкім содан ба, кім білсін, бірақ, бір байқағаным адам баласының жасы қаншаға жетсе де, бәрібір әке-шешесінің мейірімін сағынады. «Менің осы жетістікке жеткенімді анам көрсе, айналайын деп маңдайымнан өбіп, басымнан сипар еді», «шіркін, әкем көрсе арқамнан қағып, марқайып қалар еді» деген оймен жүретініміз де шындық.  Тәрбие көрген адам үнемі ойдан өз ата-анасын шығармайды және солардың атына кір келтірмеу үшін бар ғұмырын сарп етері бар.

Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегенді бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Құралай Ғазизқызымен пікірлесе отырып, ол кісінің өз ата-анасына деген құрметіне ерекше тәнті  болдық. Шындығында, қыз ғұмыры деген өте нәзік дүние. Әсіресе, ер азаматтармен иық тіресе бірге қызмет ету оңай-оспақ шаруа емесі анық. Құралай әпкеміз қарапайым ұстаздық жолдан облыс әкімінің орынбасары қызметіне дейінгі беделі жоғары лауазымды қызметтерді абыройымен атқарған азаматша. Оныңөз биігінен көрініп, тұғырынан табыла білуі, ер азаматқа бергісіз парасат-пайымы алдымен көркем мінезінен һәм ата-анасының бергенін тәлімінен деп ойлаймын.  Зипа бойынан бір бекзаттылық, тектілік, әр сөзінен парасаттылық байқалып-ақ тұратыны да сондықтан. Үлкендерге деген құрметі, кішілерге ізеті, жан баласына деген жанашырлығы, бауырмалшылдылығы, қамқорлық көрсетуге тырысып бағар мейірімге толы аппақ жүрегі, бәрі-бәрі біз сияқты соңынан ерген сіңлілері мен бауырларына үлгі-өнеге екендігі сөзсіз.

Өз басым Құралай Ғазизқызының есіміне жастайымнан қанық болып өстім. Себебі, ақын-композитор, әкем Тыныштық Шаменов өнер адамы болғандықтан, сол кезде мәдениет саласында еңбек ететін көкшелік қарындасы Құралай Ғазизқызы туралы үнемі айтып отыратын. Ол кісінің кісілік, кішілік, адамгершілік абзал қасиеттеріне бала кезімнен қанық болып өсуімнің бір себебі де осыдан. «Шіркін, Құралай қарындасымның үлкендерді сыйлауы, оларға құрметпен қарауы ерекше ғой» дейтін әкем үнемі. Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің әнұранын жазған әкем Тыныштық Шаменов еді. «Біздің колледж ән падишасы атанған Ақан серінің атында болғаннан кейін, сол серілік өнерді жалғастырып жүрген, өзі ақын, өзі композитор ағамызбен жүздесіп, ақылдасуды жөн санап, колледжімізге әнұран жазып беруін өтіндім. Бір таңқалдырғаны, ағамыз бір күн өте сол өтінішімді орындап, әнін жазып, өзі домбырамен орындап берді. Сөзін сол сәтте жазып бергені көз алдымда тұрады. Осы әнұранды колледж студенттері күні бүгінге дейін айтып, асқақтатып жүр. Мендегі бар мақсаттөл өнерімізді өркендету және сол ізгі дәстүрлі дамытуға үлес қосып жүрген өскелең ұрпақты қолдау еді. Себебі, біз Арқаның мақтанышына айналған Ақан сері атындағы колледжбіз!» деп еске алады Құралай әпкеміз.

Құралай Ғазизқызын Көкшеде танымайтын жан кемде-кем шығар. Бірі сыйлас аға-әпкесі, бірі қызметтес болған әріптесі, енді бірі алдынан тәлім алған шәкірті. Танып-білген жандардың барлығы Құралай Ғазизқызына аса бір сыйлыстықпен қарап, құрмет тұтатынын байқайсың. Абырой адамға бір күнде келіп қонған ба? Абырой алдымен жүрек тазалығында. Ал, Көкшенің аймаңдайлы Құралайы дәл осындай тұғыры биік, абыройы асқақ жан!

Құралай Ыдырысова Көкшеміздің әлеуметтік дамуына әсіресе, білім мен мәдениет саласының өркендеуіне зор үлес қосқан абырой иесі. Басқасын айтпағанда,  Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне жетекшілік еткен жылдары колледждің өркендеп, өрлеуіне қосқан үлесін колледж тарихына алтын әріппен жазып қойса да артық емес! Он алты жыл директор болып қызмет еткен жылдары ордалы оқу орнының жеткен  жестістіктері бір мақалаға емес, бір кітапқа жүк болардай.  Адал еңбек – адам көркі ғой. Адам өз мақсатына ерінбей еңбек еткенде ғана жете алады. Адал еңбек қана абырой әперетіні де хақ. Құралай Ғазизқызы осындай еңбекқор адам. Ол кісі қай жұмысты қолына алса да, міндетті түрде сол істің нәтижесін көргенше тыным таппайды. Өзі басқаратын мекемеде құрылыс жүріп жатса да, сол жерден табылады, қандай да бір мәдени іс-шара болса да, соның басы-қасында жүреді, тіпті әр оқушының сахнаға киіп шығар киіміне дейін, бұл аз десеңіз, сол киімнің тігісіне дейін өзі бақылап, сапасына көзі жеткенде ғана көңілі толып, жаны сая табады. Колледжді басқарған жылдары қаншама тың жобаларды қолға алып, нешеме ауқымды шараларды жүзеге асырды.  Құралай Ғазизқызы жетекшілік еткен жылдары ордалы оқу орнының студенттері Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де өнер көрсетіп, Ақмола өңірінің абыройын асқақтатқанына ел куә. Колледждің материалдық-техникалық базасы көз танымастай жаңарды. Студенттер білім алатынбасты ғимаратқа қосымшаретінде салынған жайлы жаңа оқу корпусы жастардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына оң ықпалын тигізгені анық. Ақан сері колледжіне қосымша ғимарат салу ісінің басы-қасында да өзі жүрді. Шындығында, осы мақсатқа бөлінетін қаржыны  алу да,  оны игеру де оңай емес. 2010 жылы жаңа колледж ғимаратын салуға дайындық жұмыстары басталдғанымен, қаржыға байланысты мың сан кедергілердің туындауынан 2014 жылдың 10 желтоқсанында оны кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары жүзеге аса бастады. Бұл әрине, алдымен колледж директорына сындарлы сәт болатын. Бірақ, «Еңбек – бәрін де жеңбек»  демей ме? Еселі еңбек еш кетпеді. 2019 жылы кең хореографиялық залдары бар жаңа үш қабатты еңселі ғимарат пайдалануға берілді. Колледждің ауласы да аббатандандырылды. Ең бастысы, колледжің алаңында Ақан серінің биік болмысы жарқырап тұрған арнайы бюсті қойылған болатын. Ғимараттың шатырынан бастап, жертөлесіне дейінгі жөндеу жұмыстарының басы-қасында Құралай әпкеміздің өзі бас болып, осы істерді өз жауапкершілігіне алды. Тіпті, мұндағы жертөленің өзін тиімді пайдаланып, онда дизайнерлерге арналған шеберханалар мен зертханаларға арнайы кабинеттер ашты. Колледждегі заманауи дыбыстық, жарық және мультимедиялық аппаратурасы бар акт залы іске қосылды, жайлы жиһаздармен жабдықталған кабинеттер, көрнекті кітаптармен толықтырылған кітапхана, көзсуырар көрме залы, бір сөзбен айтқанда, бәрі-бәрі колледж ұжымын жарқын істерге ынталандырды. Бұл Құралай әпкеміздің бастауымен қол жеткізген жетістіктер мен атқарылған істердің бір парасы ғана.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Бұл туралы ата-бабамыз бір ауыз сөзбен  «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айғайлайды» деген. Уақытында айтпаған сөздің қадірі жоқ. Сол себепті де, жан-жағына ізгілік шуағын шашып жүрген ізгі жандар туралы барынша көбірек жазуға тырысатынымыз бар.

«Жақсы өлең секілді жақсы адам,

қиналсаң, кетпейді тастап ол.

Тұлғасы тұнып бір тұрған ар,

көктемгі пәк гүлдей ырғалар.

Жақсы жыр секілді жақсы адам,

не көрсең, сенімен бір болар!», – деп Сабырхан Асанов ағамыз жырлағандай, шынымен де, жақсы адамның өмірі де, өзі де тұнып тұрған сұлулық. Ал, сұлулық дегеніміз сырт бейне емес, жан тазалығы.  «Не көрсең сенімен бір болар», демекші, жақсы адам ешқашан жан баласын жамандыққа қимайды, қиындықта шегінбейді. Колледжге жетекшілік еткен жылдары қаншама қиындық, қолбайлау болар қаншама сәтсіздіктер болды. Нәзікжанды болса да солардың біріне мойымай, керісінше, бәріне сабырлықпен қарап, парасаттылықпен шешім қабылдайтын. Нәтижесінде сол еңбектің жемісін көрді.

– Колледж түлектері өздерінің  кәсіби біліктіліктерімен, бәсекеге қабілетті даярлықтарымен, талантымен республика көлемінде танымал болып жүр. Біз олармен мақтанамыз. Біздің түлектер – біздің жетістіктеріміз. Солардың бірі Мұрат Қолғанат. Ол – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында  драматург, «Алтын қалам» әдеби байқауының «Үздік жыл драматургиясы», «Еңлік гүл 2022» сыйлығының 2022 жылдың үздік драматургі  номинациясының иегері,  Манарбек Қыдырбай – Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері,  Нұрислам Әбділ – айтыскер ақын, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі,  Ш.Құсайынов атындаға қазақ музыкалық-драма  театрының көркемдік жетекшісі, Илья Карапыш болса, Челябі мемлекеттік мәдениет және өнер академиясын бітіргеннен кейін қазіргі уақытта осы оқу орнының оқытушысы болып қызмет атқарады. Ол «Ресейдің 100 жас дарыны» атағының иегері, халықаралық, Бүкілресейлік, аймақтық фестивальдар мен конкурстардың лауреаты. Ресей Федерациясының Новосибирск қаласындағы «Ескі үй» театрында қызмет ететін «Драма театрының актері» мамандығының түлегі Анатолий Григорьев  болса, 2021-2022 маусымының қорытындысы бойынша Андрей Прикотенконың «Анна Каренина» спектакліндегі Каренин рөлін тамаша орындағаны үшін «Үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша «Алтын Маска» Ресей ұлттық театр сыйлығының лауреаты атанды, – дейді Құралай Ғазизқызы мақтанышпен.

Ол өз шәкірттері туралы аналық мейіріммен аса бір мақтанышпен айтады. Көзінде қуаныш, сөзінен бір жылылық есіп тұрғанын аңғарасың. Шынымен де, Құралай Ғазизқызы Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжін жаңа бір белеске көтергені анық. Ондаған жаңа жобалар жүзеге асып, жүздеген жүлделерге ие болып, колледж түлектері мен білім алушылары жаңа бір қырынан, жаңа бір тұғырдан көрінді. Құралай Ғазизқызы колледжді басқарған он алты жыл ішінде жүрегі өнер деп соққан жас өрендерді болашаққа бастайтын он алты маңызды қадам жасалған екен. Солардың бірнешеуін біз де тілге тиек етсек деп отырмыз.

Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның құрметті азаматы, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушы тұлға Мұратбек Үкібайұлы Оспановтың тынымсыз еңбегінің арқасында  колледжде «Драма театры актері» біліктілігі бойынша дуальды оқыту жүйесі іске асырылды. Бөлім студенттері Б.Омаров атындағы ІV республикалық  театр фестивалінің  жүлдегерлері атағын иеленді. Колледжде болашақ режиссерлерге білім беріп жүрген Галина Кочетованың, Галина Рыбакованың жемісті қызметінің арқасында 2009 жылдан бастап Марий Эл Республикасының астанасы Йошкар-Ола қаласымен орнатылған мәдени байланыстар жылдан-жылға жалғасып, екі ел арасында шығармашылық қарым-қатынас нық орнаған.  «Педагог-мәдени  демалыс ұйымдастырушы, көпшілік театрландырылған қойылымдарының режиссері», «Педагог-мәдени демалыс ұйымдастырушы, көркемөнерпаз театрының  режиссері», «Драма театрының әртісі» біліктіліктерінің білім алушылары студенттердің театралды фестиваліне қатысып, абырой биігінен көрінді.  «Педагог-мәдени демалыс ұйымдастырушы, көркемөнерпаздар театрының  режиссері» біліктілігінің білім алушылары Ақтөбе, Өскемен, Қарағанды қалаларында өткен фестивальдар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, дипломдармен және  ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

«Хореография» мамандығы  Андрей Погорелыйдың еңбегінің арқасында ажарлана түсіп, қалалық, облыстық және республикалық көлемдегі барлық іс-шаралардың көркі болатын «Самоцветы» би ансамблі құрылды. Осы колледждің Анна Ефименко заманауи «Диамонд» би ұжымын, «Ewent» имидждік тобын құрды. Бұл ретте, білім ордасындағы  «Жарқын» би ансамблі туралы сөз бөлек. Ансамбльді ұйымдастырған Гүлмира Ордабаеваның еңбегін ерекше атап өтсек ләзім. Ансамбль  2012 жылы  III облыстық Ұлттық жастар Дельфий ойындарында жүлделі бірінші орынға, республикалық  Ұлттық жастар Дельфий ойындарында күміс медальға ие болды, 2013 жылы ансамбльге  «Халықтық» атағы берілді және  ТМД елдерінің  «Жастар энергиясы» VII ашық жастар  Дельфий ойындарында  күміс жүлдегер атанды.  2015 жылы «Тарих толқындары» ұранымен өткен XI  Ұлттық жастар Дельфий ойындарында алтын медальді иеленді. 2023 жылғы аймақтық Дельфий ойындарының алтын жүлдегерлері атанды. «Каспий – достық жағалауы» (Дагестан), «Қазақстан раушандары» (Қазақстан – Ресей-Болгария) жобаларына қатысып, «Жарқын» халық би ансамблі 1-ші дәрежелі лауреат атанды, «Ресей раушандары» және «Болгария раушандары» халықаралық шығармашылық жобасына қатысуға арнайы шақыру алды.

Қазақстан Республикасының XIV ұлттық жастар Дельфий ойындарының өңірлік іріктеу турында «Халық биі» номинациясында 1-ші орын, «Театр өнері» номинациясында 1-ші орынға ие болды. Колледжге П.А.Омарованың келуімен «Халық аспаптары оркестрінің жетекшісі» мамандығының негізінде құрылған қазақ халық аспаптары оркестрі  жұмысын бастады.  Осы уақыттан бастап оркестр  барлық қалалық және облыстық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Колледж студенттерінің хоры құрылды.
Колледжімізге заманауи сипат беріп, бүгінгі талап-сұраныстарға байланысты «Дизайн» мамандығында өзгерістер болып,  оның «екінші» тынысы ашылды. Оқытушылар Қ.М.Құсайынованың,  Ұ.С.Мамбетованың, К.Хавдыразахтың  жетекшілігімен   2012 жылы «Интерьер дизайны» біліктілігінің 2-4 курс білім алушылары  ХV халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде екінші және үшінші  орындарға ие болса, 2014 жылы «Дизайн» мамандығының білім алушысы  Лолита Хугаеваның жұмысы  «Шабыт» байқауында Гран-При жүлдесін жеңіп алды.  2016 жылы «Киім дизайны» құзыреттілігі бойынша аймақтық чемпионат жоғары деңгейде өткізілді, сол жылы дизайнерлер жетінші облыстық Дельфий ойындарында да жүлделі орындар алып, 2017 жылы «ЭКСПО» аясында  «Этно-Fashion» фестиваліне қатысу құрметіне ие болды.

«Флористика» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Kazakhstan – 2021» VI республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында Бас жүлдені жеңіп алды (Саакян А.) 2023 жылы «Ewroskils-2023» чемпионатының ұлттық құрама командасына енді.                                                                                                     –  Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде 16 жыл директор қызметін атқарған екенмін. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін, жауапкершілігі зор салада өзім де өмір мектебінен өткендей әсерге бөлендім. Еңбекпен шыңдалдым, ордалы оқу орнын дамытуға барынша күш салдым, кейбір жағдайларды «басқа қырынан» қарауға мүмкіндік туды,  тәжірибе жинақтадым, қиындықта жасымауға, абырой биігінен көрінсем тасымауға үйрендім. Осы жылдар аралығында  көңілге де, жүрекке де түйгенім көп.  Қалай болғанда да, бұл менің өмірімдегі үлкен тәжірибе болды.Ең бастысы, Ақан серінің айшықты есіміне кір келтірмеуге, серінің үкілі үмітін сөндірмеуге барынша тырыстым, – дейді Құралай Ғазизқызының өзі.

Апайдың өзі емес, жүрегі сөйлеп тұрғандай. Иә, өз ісін жүрегімен сүйетіндер ілуде біреу ғой. Ол кісі колледждің әр шәкіртіне туған бауырындай қамқор. Олардың әрбір сәтті ісіне сүйініп, сәтсізіне күйініп, барынша қолдау көрсетуге тырысады. Ұжымындағы әрбір қызметкердің көңілін көзінен ұғып,  ақылдаса отырып, шешім қабылдаған, бірлесе отырып, бар күш-қуатын, тәжірибесін бір арнаға тоғыстырған білікті басшы, білімді ұйымдастырушы бола білді.  Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз – бақытты. Қоғамымыздың игілігі, жастарға білім мен тәрбие беру жолындағы жауапты қызметтің, жасампаз істердің жарқын  жемісін көрер сәт туған сияқты.  Жасай беріңіз, Көкшенің көркем мінезді Құралайы!

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар