Елімізде өткен аптада 20 миллионшы қазақстандық жас сәбилер дүние есігін ашып, сол сәбилердің отбасы мүшелері, туған-туыстары, жақындары мен жерлестері ғана емес, күллі қазақ жұрты ақ түйенің қарны жарылды деп қуануда.
Бала – адамның өмір гүлі, көз нұры емес пе?! 20 миллионшы тұрғындардың бірінен соң бірі өмірге келіп жатқаны – елімізде демографиялық ахуалдың көтеріліп келе жатқандығының жарқын көрінісі. Көкшетауда бұл күні 12 ана босанып, тоғыз ай бойы күткен сәбилерін құшақтарына басты.
Еліміз халық саны осы мерейлі межеге жетті деп арқа-жарқа болып, қуанып жатқанда облыстық әкімдік жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы іскер әйелдер кеңесімен бірлесіп, Көкшетау қаласындағы облыстық перинаталдық орталыққа барып, 20 миллионыншы сәбилерді дүниеге әкелген жас аналарды құттықтады.
– Біз сіздерді ең алдымен сәбилі болған қуаныштарыңызбен құттықтаймыз! Екіншіден, еліміздің демографиялық өсуіне қосып жатқанүлестеріңізге алғыс білдіреміз. Сәбилеріңіз бен өздеріңіздің денсаулықтарыңызды күтіңіздер, – деп жоғарыда аталған іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Әсемгүл Мұстафина ақжарма тілегін жеткізген соң, дүниеге келген 13 баланың анасына тербетілетін шезлонгтар сыйға тартылды.
– Біз мұндай құттықтауларды күтпеп едік, сондықтан, әрине, жылы лебіздеріңізге қуаныштымыз. Оның үстіне біздің отбасымызда егіздер туып, одан бетер ерекше күй кешудеміз, – деді екі бірдей ұлды дүниеге әкелген Зеренді ауданы Қонысбай ауылының тұрғыны, «Жұлдыз» шағынорталығының тәрбиешісі Райхан Ыбыраева.
Айта кетер болсақ, ағымдағы жылғы қарашаның 1-і мен 16-сы аралығында облыс орталығындағы перинаталдық орталықта 190 бала туған екен, олардың 115-і ұлдар, 75-і қыздар. Олай болса, жақсы күнде өмір есігін ашып, 20 миллионыншы тұрғындардың қатарын толықтырған сәбилердің бауы берік болсын!
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.