Су айдындары қата бастады. Жұқа мұзда абай болған жөн!

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Жанат Асылбековтың қатысуымен «Абайлаңыз, жұқа мұз!» атты брифинг болып өтті.

Брифинг барысында, алдағы уақыттағы ауарайының суытуына байланысты аймақтардағы су айдындарында мұз қатуының пайда болуы және қалыптасуы кезеңіндегі қауіпсіздік ережелері туралы ақпараттар берілді.

– Адамдардың қауіпсіздігі – маңызды міндеттердің бірі және өміріміздің ажырамас бөлігі. Сондықтан, басқарма облыстың су айдындарында қайғылы жағдайдың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді. Сөзімді бастамас бұрын облыстағы су айдындарындағы адам өлімі мен бірқатар қайғылы оқиғалардың статистикасын келтіргім келеді. Соңғы үш жылда облыстың су қоймаларында балық аулау кезінде 2021 жылы бес, өткен жылы екі, осы жылы бір, кісі өлімі, барлығы сегіз жағдай тіркелді, – деді Жанат Сапарғалиұлы. Өңірдегі суға батқандар Атбасар, Аршалы, Целиноград, Астрахан және Зеренді аудандарынан. Өлім себептері қайықтағы қауіпсіздік шараларын сақтамау, алкогольдік сусындарды ішу, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру кезінде жеке құтқару кеудешелерін қолданбаудан болған.

–Облыста төмен температураның қалыптасуына байланысты енді бұдан былай су айдындарында мұз түзілуі байқалады, – деп жеткізді Ж.Асылбеков. Ескеретін жағдай, көбінесе күзгі-қысқы және көктемгі кезеңдерде бұл құбылыс балалар мен балық аулау әуесқойларының қайғылы жағдайларына әкеледі. Сондықтан, өзіңізбен бірге жеке құтқару құралдары, жилеткалар, кеудешелер және құтқару шеңберлерін алу арқылы бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Күзгі уақытта мұздың ыдырауының ең жылдам процесі жағалауға жақын жерде жүреді және үсті қармен жабылған күзгі мұздың қауіптілігі басым болады. Сондықтан, су айдынында мұзды тексеріп алу қажет. Ағысы қатты суда, өзендердің сағаларында, қамыс, ағаштар мен бұталар өсетін жерлерде мұз жұқа әрі сынғыш келеді. Мұз үстінде жүргенде бір орынға көп адам жиналмаған, балық аулауға арналған ойықтарды да бір-бірінен алшақ қазған жөн. Мұздың беріктігін көзбен анықтауға болады. Мысалы, көк өңді мұз қатты, сенімді болса, ақ мұз одан екі есе күшті болады. Ал, айдындағы сұр және күңгірт немесе сарғыш мұз сенімсіз, жарылғыш келеді.

Сондай-ақ, басқарма бастығының айтуынша, егер ауа температурасы үш күннен астам уақыт 0 градустан жоғары болса, онда мұздың беріктігі 25 пайызға төмендейді. Демек, айдынға шығарда ауарайын болжағанда, басты ережеңіз осы болуға тиіс. Және де тұщы суда қалыңдығы кемінде он сантиметр, тұзды суда он бес сантиметрден кем емес мұз адам үшін қауіпсіз болып саналады. Осы тұста, айдынға барсаңыз, мұздың қалыңдығын өлшеу, өзіңіздің сенімділігіңізді арттырады. Сонымен бірге, су айдынында шұғыл көмек керек болса, кез келген ұзын таяқ, тақтай, сырықты немесе арқанды қолдану қажет. Шарфтарды, белдіктерді, киімдерді біріктіруге де болады. Осылайша, судағы адамнан бірнеше метр қашықтықта тұрып, жасаған құралыңызды немесе бар болса арқаныңызды лақтырыңыз. Жәбірленушіні құтқарып алған жағдайда, бірден жылы жерге апарыңыз. Дымқыл киімін шешіп, құрғақ киімдер беріңіз. Егер медициналық жабдықтар қасыңызда болған жағдайда, спирт құйған алақанымен суға түскен адамның терісін қызарғанша уқалаңыз. Бұл оның, тез жылынуына мүмкіндік береді. Есіңізде болсын, бұндай жағдайда газды немесе алкогольды сусын ішкізу жәбіренушінің өміріне қауіп төндіреді. Мүмкіндік болса, ыстық шай ішкізуге тырысыңыз.

Брифинг соңында спикер су қоймаларына жалғыз бару қауіпті екенін айтып, қауіпсіздік құралдарымен ержелерін сақтау адам өмірін жазатайым жағдайларға апармайтынын ескертті.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар