Теңгенің тарихы – тәуелсіз еліміздің жолы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақмола филиалының қолма-қол ақшамен және кассалық операциялармен жұмыс бөлімінің басшысы Данияр Ахметжановтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде «Ұлттық валюта – Қазақстанның тәуелсіздігінің символы» атты журналистермен брифинг болып өтті.

Ұлттық валюта – Теңге күні еліміздің әр өңірінде аталып өтіп, төл теңгеміздің айналысқа ену, тарихи қалыптасу кезеңдері туралы көптеген тұшымды пікірлер мен саралы ойлар айтылып жатыр. Брифингте:

– Бүгінгі таңда теңге – Қазақстанның ұлттық символы. Ел тарихын, оны мекендейтін халықтардың мәдениетін, ұлттық тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін танып-білу ақшадан басталады. Теңге – ең жоғары сапалы жұмыс және ерекше дизайн, – деп Данияр Мағбутұлы ұлттық валютамыздың қалыптасу кезеңдеріне тоқталып өтті. Теңге 1993 жылы 15 қарашада тұңғыш Президенттің  Жарлығымен айналымға енгізіліп, Қазақстан Республикасындағы жалғыз заңды төлем құралы болды. Ұлттық валюта – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің мемлекеттік рәміздерінің бірі және ерекше белгісі. Ұлттық валютаның енгізілуі Қазақстанға ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құруға, сондай-ақ, тәуелсіз ақша-несие және фискалдық саясат жүргізуге қажетті алғашқы қадамдарды жасауға мүмкіндік берді. Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу қажеттілігі КСРО-ның біртұтас ақша айналымы жүйесі ыдырағаннан кейін қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайға байланысты болды. Украинада, Қырғызстанда, Ресейде ұлттық валюта енгізілгеннен кейін Қазақстанда инфляциялық процестер күшейіп, 1993 жылдың 1 қарашасында ол 1045 пайызды құрады. Гиперинфляциялық процестер барлық салаларда өндірістің құлдырауын күшейтті, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеді, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы төленбей қалды. Халық пен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Үкіметі өзінің ұлттық валютасын жасау туралы шешім қабылдады.

– Бүкіл Қазақстандағы сияқты, Ақмола облысында да Ұлттық валютаны енгізу шаралары 1993 жылы 15 қарашада таңғы сағат 8-де басталды. Кеңестік рубльді теңгеге айырбастау 20 қарашаға дейін жалғасты, – дей келе, бөлім басшысы «Осы кезеңде Қазақстан Ұлттық Мемлекеттік банкінің облыстық басқармасының және екінші деңгейлі банктердің филиалдарының қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп, халық пен кәсіпорындар тапсырған кеңестік сомаларды жинап, өңдеп, қайта санады. Қазақстандық банкноттардың алғашқы партиясын ағылшынның «Harrison & Sons» компаниясы басып шығарды. Қазақ ақшасы Англияда басылды, кейіннен барлық банкнот номиналдары Алматыдағы Қазақстан банкнот фабрикасында, монеталар Өскемен қаласындағы Қазақстан теңге сарайында шығарыла бастады, – дейді теңгеміздің тарихынан сөз қозғап.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, «теңгенің дизайны ежелгі дәстүрлер мен заманауи технологияларды сәтті үйлестіреді». Ұлттық валютаның банкноттары мен монеталары ең озық технологияларды қолданудың және банкнот фабрикасы мен теңге сарайының жоғары сапалы өндірісінің арқасында тарихы бай және мәртебесі жоғары, беделді көрмелер мен түрлі байқауларда лайықты бағаланды. Түрлі теңгелік банкноттар үздік дизайн мен сапа үшін марапаттарға ие болды. Мысалы, республика тәуелсіздігінің жиырма жылдығына шығарылған номиналы 10000 теңгелік банкнот 2011 жылдың ең үздік жаңа банкноты аталса, 5000 теңгелік купюра 2012 жылдың ең үздік жаңа банкноты деп танылған. Және түркі жазуына арналған 1000 теңгелік купюра 2013 жылы үздік дизайн жүлдесін алды. Оған қоса, 20000 теңгелік банкнот 2015 жылдың үздік өңірлік банкноты аталды.

Сондай-ақ, Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы құрылып, содан бері түрлі материалдардан, соның ішінде түсті металдардан, алтын мен күмістен ұлттық валюта монеталарын шығарады. Әртүрлі елдердің мемлекеттік наградалары мен медальдарын дайындауға тапсырыстарды да орындайды. «Қазақстан теңге сарайы Англия корольдік теңге сарайы сияқты басқа да атақты теңге сарайлары кіретін «Монета сарайлары» қауымдастығының мүшесі. Қазақстан – ғарыш өнеркәсібінде қолданылатын құнды металл-танталдан монеталарды шығарған жалғыз мемлекет. Ғарышқа арналған тантал монеталарының сериясы көптеген халықаралық марапаттарға ие болды, – деді Данияр Ахметжанов валютамыздың ерекшеліктеріне тоқталып. Сонымен бірге, Қазақстан Ұлттық Банкі де инвестициялық және коллекциялық монеталарды шығарады. Инвестициялық қорлар күміс, алтын сияқты бағалы металдардан жасалып, жоғары құндылыққа ие болуда.

Ұлттық валюта – теңгенің айналымға енгізілген күнінің тарихи маңызын атап өту және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етудегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің рөлін арттыру мақсатында тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 1997 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен Ұлттық валюта – теңге күні Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі деп жарияланды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар