Жастарға оңтайлы жағдай қарастырылуда

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаевтың және облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермековтың қатысуымен өңірдегі жастар саясаты ахуалы жайында сөз қозғалды.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында 225331 жас азамат тұрады. Бұл шамамен облыс халқы санының 29 пайызын құрайды. Оның ішінде ауыл жастары 98255 адам болса, қала жастары – 127076 адам. Көкшетау қаласы бойынша отыз бестен астам жастар және еріктілер ұйымы, ал, жалпы облыста осындай жүз отыздан астам ұйым қызмет атқарады. Сабырхан Мейірханұлы өз сөзінде:

– Жастар саясатын жүзеге асыру және жастарды қолдау аясында ішкі саясат басқармасы тарапынан жеті әлеуметтік маңызды жастар жобалары қарастырылып, жастардың барлық санаттарын қолдау шаралары жүргізілуде.  Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жастар өмірінің түрлі салаларында он екі индикаторға қол жеткізуді көздейтін 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді, – дейді.

Бұл тұжырымдаманың негізгі идеясы «жастар үшін» парадигмасының «жастармен бірге» бағытына ауысуы. Аталған бағытта сапалы жұмыстар атқару мақсатында Ақмола облысының өңірлік жоспары әзірленген. Жоспар шеңберінде жастармен жұмыс 79 бағыт бойынша жалғасуға тиісті болған. Іс-шара жоспары негізінде жастардың жан-жақты дамуына, білімі және кәсіби дамуына жағдай жасалып, жұмысқа орналасуға,  өз ісін, кәсібін ашуға қолдау көрсету көзделген.

Қазіргі уақытта облыста жұмыссыздық деңгейі 4,1 пайыз немесе 8692 адамды құрайды. Жастармен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі – жұмыспен қамту, NEET санатындағы, яғни, жұмыссыз жастар санын төмендету, жастардың білім алуына ықпал жасау екені де белгілі. Спикерлердің мәліметінше, жыл басынан бастап Жұмыспен қамту орталықтарына жастар арасынан 9786 адам жүгініп, жұмыспен қамту шараларымен 8200 адам қамтылған. Жұмыспен қамту органдарында тіркелген жастар қоғамдық жұмыстарға, әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасына, кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға жіберіліп келген.

Сондай-ақ, Ақмола облысының «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы осы жылы жастарға арналған 2,5 пайыздық несиені кем дегенде жүз сексен жас алған, ол қаржының көлемі 855 миллион теңге болған. Оған қоса, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы 259 маманға 1,1 миллиард сомасында бюджеттік несиелер және 551 маманға 168,8 миллион теңгеге көтермелі жәрдемақы берілген.  «Жастарды жазғы кезде жұмыспен қамту мақсатында, жыл сайын облыста «Жасыл Ел» жобасы жүзеге асырылады. Облыс бойынша квота 1356 адам, төлемақысы ең төменгі жалақы есебімен 70 мың теңгені құрайды. Бүгінгі таңда аталған жобамен 1000-нан астам адам қамтылды, – деді баяндама барысында Сабырхан Кенжебаев. Ал, облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Д.Ермековтың айтуынша, жастарға ақпараттық-консультациялық көмек көрсету мақсатында, Ақмола облысының Жастар-ресурстық орталығы жанынан «Жастарға қызмет көрсету орталығы» қызмет етіп келеді. Аталған орталықта заң мәселелері бойынша жастарды жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламалар, ипотекалық несие беру, өз ісін ашу жөнінен тегін кеңестер беріліп, психолог консультациясы жүргізіледі.

– Қазіргі таңда облысымызда волонтерлік қызметте 3,800-ден астам ерікті белсенді жұмыс істеуде. 2020 жылдан бастап «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ  жанында Ақмола облысы өңірлік «Еріктілерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесі жұмысын бастаған болатын. Бүгінгі күні облыста 89 волонтерлік ұйым белсенді жұмыс атқаруда. Еріктілер өз қызметтерін аталмыш тоғыз бағытта, атап айтсақ, «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «TazaÁlem», «Umit», «Saýlyq», «Күміс волонтерлік» және «Корпоративтік волонтерлік» бағыттары бойынша жүзеге асырып жатыр. Күміс, авто және зоо еріктілік сияқты бағыттар да қарқынды дамуда, – дей келсе, «осы бағыттар бойынша облыста 3894 еріктінің ұйымдастыруымен 1110 іс-шара жүзеге асырылды, – деп атап көрсетті Дастан Амангелдіұлы.

Сонымен бірге, облыста кадрлардың тапшылығын азайту, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында «Ақмола облысы әкімінің атаулы стипендиясы», «Ақмола облысы әкімінің гранттары» сияқты өңірлік білім беру бағдарламалары жұмыс істейді. 2023-2024 оқу жылында білім басқармасы тарапынан жоғары оқу орнының студенттері үшін облыстық бюджеттен бакалавриатқа жүз алпыс  грант және резидентураға отыз бес грант бөлінсе, атаулы стипендия сомасы 125 миллион теңгені құрап,  243 ақмолалық жас шәкіртақы алушылардың қатарына қосылған. Жалпы, осы жоба бойынша 2500 жас білім алып, облыстағы тапшы болып келетін кадрларлар дайындалып, оқуды аяқтағаннан кейін жұмысқа орналасуларына мүмкіндік жасалған. Және де осы жылдан бастап жастардың шығармашылық идеяларын, стартаптар мен жобаларды іске асыру үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бойынша өңірлік жоба іске асырылуда. Грант бес бағыт бойынша беріледі: ғылым, мәдениет, ақпараттық технологиялар, бизнес, медиа. Бұл туралы брифинг барысында

–Облыстық бюджеттен осы мақсаттарға 11 миллион теңге бөлінді. Он бір жоба бойынша жеңімпаздарға 1 миллион теңге көлемінде гранттар қарастырылған. Гранттарға өтінімдер  20 қарашаға дейін қабылданады, – деді атап өтті Д.Ермеков.

Облыстың жас буындары республикалық деңгейде өткізілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына, «JAS AQMOLA» облыстық жастар сыйлығына, «AQMOLA POWER» инновациялық жобалар конкурсына, «Студенттік көктем» талантты жастар фестивалі және тағы  басқа конкурстарға жыл сайын белсенді қатысып келеді. Қаламыздың волонтер жастары бұған дейінгі жылдары облыстағы мұқтаж жандарға 19 425 000 теңгені құрайтын қаражат жинаса, осы жылы 20 миллион теңгеден астам қаражат жинауды жоспарлаған. Қаңтар айынан бастап жиналған қаражат көлемі жеті миллионтеңгені құрап отыр.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар