Мал дәрігерлік қызметтің мұң-мұқтажы  көп болып шықты

Ақмола облыстық мәслихатының аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтіп, онда облысымыздың индустриялық-инновациялық дамуының жай-күйі мен болашағы және ветеринария басқармасының биылғы жылғы қаңтар-қазан айлары аралығындағы жұмысы қаралды.

Осы ретте, ведомство басшысы Талғат Жүнісов ветеринария саласының  міндеті және  жұмыс қорытындыларын кеңінен баяндады.

– Ақмола облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес, ветеринария басқармасы32 функцияны жүзеге асырады.Облыстық, аудандық және қалалық ветеринарлық станцияларда штат саны 720 адамнан тұруы керек болса, нақты 584 маман жұмыс атқарады. Яғни, осы саладағы қызметкерлер жетіспейді. Бұл – ортақ іске де қолбайлау, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.

Облыста ветеринарлық станцияларды тиісті ғимараттармен қамтамасыз ету бойынша проблемалар бар. 19 ветеринарлық станцияның тек 11-і өз үй-жайларымен қамтамасыз етілген, қалғандары үй-жайларды жалға алған немесе басқа ұйымдармен бірлесіп орналасқан. Қолда бар 216 ветеринарлық пункттермен де тек 3-еуі ғана өз үй-жайларына ие. Санитарлық нормаларға сәйкес ветеринария нысандары жеке тұрған ғимараттарда болуы тиіс.

Сондай-ақ,  ведомство басшысы ветеринариялық мақсаттарға арналған қолда бар техника, технологиялық жабдықтар жиынтығы және ветеринариялық станциялардың компьютерлері 2013-2014 жылдары сатып алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың барлығы бүгінгі күні тозған. Сондықтан, ветеринарлық станциялар жөндеуге, қосалқы бөлшектерді сатып алуға, техникалық қызмет көрсетуге үлкен шығындар жұмсауда. Облыстың ветеринарлық станцияларының материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін 3,6 миллиард теңге қаражат қажет. Осы айтылғанның бәрі проблемалық мәселелерді шешуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді.

Осыған қатысты  депутаттар да  ведомство басшысына көптеген сұрақтар қойды. Соның ішінде қаңғыбас иттерді аулау туралы, әсіресе, ауылдық жерлерде, ветеринарлық зертханалар мен басқа да жұмыс буындарының қызметі, эпизоотиялық ахуалдың мониторингі, бруцеллездің және басқа да қауіпті аурулардың алдын алу жөніндегі шаралар, мал қорымдарын салу туралы мәселелер көтерілді.

Сонымен бірге, отырыста Ақмола облысының биылғы жылғы  индустриялық-инновациялық дамуының жай-күйі мен перспективалары туралы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жаслан Айдрахманов айтып берді.

– 2022 жылдан бастап Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасы және «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заң шеңберінде жүзеге асырылады. Өнеркәсіптік саясатты іске асыру мониторингі индустрияландырудың бірыңғай картасы арқылы жүзеге асырылады. Мәселен, ағымдағы жылы Бірыңғай Индустрияландыру картасы аясында 26,1 миллиард теңгеге 3 жоба іске асырылды. Индустриялық-инновациялық дамудың  мемлекеттік бағдарламасының  кәсіпорындары өндірілген өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемінің 56 пайызын өндірді. Мемлекеттік бюджетке түсетін салық түсімдерінің көлемі 128,6 миллиард теңгеге жетті. Индустрияландырудың бірыңғай картасы жобаларынан басқа, жеке инвестицияларды тартуға және экономиканың барлық секторларындағы жобаларды іске асыруға көп көңіл бөлінетінін атап өткім келеді. Жыл басынан бері 1,4 мың жаңа жұмыс орнын құрылып, 135 жоба іске асырылды, – деді басқарма басшысының  орынбасары.

Бұл жобалардың ішіндегі ең ірілері «Borey Energo» және «Energo Trust», «Эталон Пауэр» серіктестіктері, «Accent Development Solutions»  мектебі, «ADELYA Gold» серіктестіктерінің кенді қайта өңдеу бойынша модульдік байыту фабрикасы жел электр станциялары.  Жыл соңына дейін 778 жұмыс орнын құра отырып, 72,6 миллиард теңгеге 88 жобаны іске қосу жоспарлануда.   Отырыс барысында Жаслан Айдрахманов жобаларды іске асыру, алға қойылған міндеттерді орындау басқарма  бақылауында болатынын және  осы бағыттағы жұмыс жалғасатынын атап өтті.

Дегенмен, кейін туындаған кейбір мәселелерге орай, тұрақты комиссия мүшелері отырыста басқарманың бірінші басшысын тыңдаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, отырысқа міндетті түрде мемлекеттік тілде дайындалып келу ұсынылды.

Комиссия төрағасы Саят Сыздықов депутаттардың міндеті мемлекеттік органдардың басшыларымен бірлесіп проблемалық мәселелерді анықтап, оларды шешу екендігін алға тартты. Отырыс соңында тұрақты комиссияның ұсыныстары атап көрсетілген қорытынды қаулыны мүдделі мемлекеттік органдарға жолдап отыру жөнінде шешім қабылданды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар