Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Әлем әнмен ажарлы» байқауына алғыс - АРҚА АЖАРЫ

«Әлем әнмен ажарлы» байқауына алғыс

«Болашақ» сарайында «Жұлдыздар» үлгілі вокалдық тобының жетекшісі Әридаш Хамзина атындағы «Әлем әнмен ажарлы» деп аталатын облыстық екінші вокалдық конкурс болып өтті.

Бұл конкурс алғаш біздің жетекшіміз Әридаш апайдың мерейтойына арналып, ұйымдастырылған еді. Биыл тағы өз жалғасын тапты. Демек, бұл байқау жылда өтіп тұратын сияқты. Олай болса, оның біздей жас таланттардың ән өлкесінде шыңдалуына елеулі септігін тигізетіндігі анық.

Әридаш апай маған да вокалдан сабақ беретін музыка маманы. Біз, топтағы балалар ол кісіні өнер жолындағы өзіміздің жетекшіміз, яғни, ұстазымыз санаймыз. Бізге ән салуды үйретуде апайымыздың еңбегі өте зор. Осы тұрғыда қол жеткізген әрбір табысымыз, сахна төріндегі әрбір қуанышты сәттеріміз осы кісінің бізге деген ерекше қомқорлығымен, әрқайсымызбен уақытпен санаспай, беріле жұмыс істеуімен тығыз байланысты.

Апайымыз атындағы биылғы конкурсқа облыс орталығы Көкшетау қаласы мен өзге қалалар мен аудандардан өнерде талабы бар барлығы 21 бала қатысты. Қазылар алқасына біздің бәріміз сондай болсақ деп армандайтын Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші Шолпан Дүкімбаева апайымыз жетекшілік етті. Жас балғындардың өнерін тамашалауға келген көрермендердің қатары да көп болды. Осының арқасында аталған конкурс жоғары деңгейде өтті. Сол үшін де ұйымдастырушыларға, «Болашақ» сарайының басшылығына көптен-көп рахмет.

Байқау қорытындысында Гран-При жүлдесін тыңдарман қауымды әсем әнімен, жағымды даусымен баураған Зеренді ауданының жас өнерпазы Сәбитхан Қажымұқан жеңіп алды. Қос бірінші орынға Көкшетау қаласынан Алиф Табылды, Ясмин Қуатқызы ие болды. Ал, екі жүлделі орынды Жақсы ауданынан Тамирлан Жақыпов және Зеренді ауданынан Алина Кровякова деген қатарластарымыз бөлісті. Үшінші жүлденің біріне Көкшетау қаласынан Елнұр Қадырәлиева  қол жеткізгеніне де қуаныштымын. Сондай-ақ, менің өзім де осы байқаудың үшінші жүлдегері атанғанымды зор мерей санаймын.

Осы ретте, көпшілікке өзімді сәл-пәл таныстыра кетсем, мен Көкшетау қаласының тумасымын. Биыл мамыр айында 12 жасқа толдым. Васильковка шағын ауданындағы №17 мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысымын. Жастайымнан өнерді жаным сүйіп, Әридаш апайымыздың қол астында вокалмен айналысып келемін. Биыл маусым айында Алматы қаласында өткізілген халықаралық «Күншуақ» вокалдық конкурсында Гран-При иегері атандым. Бұл жетістігім мені одан сайын қанаттандырып, жаңа табыстарға бастауда.

Сондықтан да, мендей өнер жолындағы балалардың талабын шыңдайтын Әридаш апайымыз атындағы конкурс туралы айтпай тұра алмадым. Осы байқау алдағы уақытта да дәстүрге айналып, жаңа өнерлі балғындардың сахнадан көрінуіне септігін тигізе берсе екен. Ал, сондай конкурсқа лайық Әридаш Хамзина апайымызға зор денсаулық, біздей жеткіншектерді тәрбиелеуде жаңа табыстар тілеймін.

Мансұр ӘЛІБЕК,
№17 мектеп-гимназиясының оқушысы, жас әнші.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар