Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді Халықаралық еріктілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Еріктілер – бұл әлемді мейірімді етуге ұмтылатын, қамкөңіл жандарға көмек қолын созуға дайын кең жүректі адамдар. Соңғы жылдары біздің елімізде еріктілер қозғалысының қатары толығып,  қарқынды дамып  келеді. Бүгінде еріктілер қозғалысы біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды.

Әлемдегі еріктілердің барлығы қоғамға өз еркімен пайдасын тигізуді көздеп, жан баласына қол ұшын беруді өмірлік мақсаты санайды. Олар бұл көмегі үшін ешқандай ақы алмайды, жақсылықты өз еркімен, жүрек қалауымен жасайды. Бұл үлкен өнеге! Өзгенің жан жарасын өзіндікіндей сезініп, алтын уақытын сарп ете отырып, жанашырлық таныта білетін, қолдау көрсететін осындай кеңпейіл адамдар сөзсіз құрметке лайық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, еріктілік – бұл уақытша науқан емес, ол он мыңдаған азаматтарымыздың рухани байлығы мен жан дүниесінің көрінісі.

Біздің өңірде волонтерлік ұйымдарға қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Бүгінде бұл миссияға әртүрлі жастағы және әртүрлі мамандық иелері өз үлесін қосып, күн сайын мұқтаж адамдарға көмектесіп жүр. Альтруизмнің, адалдықтың, жанашырлықтың үлгі-өнегесін көрсете отырып, біздің еріктілер ең жақсы гуманистік құндылықтарды насихаттауда. Бұл – қоғам ахуалының жақсаруына ықпал етеді.

Құрметті еріктілер!  Сіздерге ақ адал көңілдеріңіз бен аппақ пейілдеріңіз, мейірімге толы қайырымды жүректеріңіз, еселі еңбектеріңіз бен ортақ іске қосқан баға жетпес үлестеріңіз үшін алғыс айтамыз. Өздеріңіз көмек қолын созған жерлестеріңіздің сүйіспеншілігі мен шексіз ризашылығына бөлене беріңіздер. Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, сәттілік және амандық тілеймін!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар