«Аманаттық» депутаттар жиыны

Кеше облыс әкімі Марат Ахметжанов «Аманат» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы облыстық форумында құттықтау сөз сөйлеп, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан халық қалаулыларына алғысын білдіріп, алда да осы бағытта бірлесе жұмыс істелетініне  сенім білдірді.

Биыл маусым айында Астана қаласында «Аманат» партиясының атынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы өткен болатын. Осыған орай, облыстық деңгейде де бұл іс-шара жалғасын тауып, депутаттардың бір жыл бойы атқарып келе жатқан жұмыстары сараланды. Форумға облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, департаменттер мен басқармалардың басшылары, партияның саяси кеңес мүшелері қатысты. Іс-шараны облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Берген Беспалинов жүргізіп, өткен сайлау қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттарда 70 пайыз орынға аманаттықтардың ие болғандығын тілге тиек етті. Бүгінде өңірдің 273 бастауыш партия ұйымында 38 мың адам тіркелген.  Өңірімізде партияның 1 облыстық, 20 қалалық және аудандық  депутаттық фракциялар жұмыс істейді.  Қазіргі таңда «Аманат» партиясы ең ірі ықпалды саяси күшке айналып отыр.

Форумның ашылуында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі  Марат Ахметжанов жыл басында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Парламент мәжілісінің және барлық дейгейдегі мәслихат депутаттары өз өкілеттіктерін тоқтатып, қайта сайланғандығын атап өтті.

–Президенттің бұл шешімі  уақыты және қажетті жаңа тарихи кезеңге аяқ басып, жаңа реформаларды,  дағдарысқа қарсы шараларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік берді, –дей келе, форум қатысушыларын өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштермен таныстырды. Биылғы он  айда облыста дамудың оң көрсеткіштері байқалатындығына назар аударып, өнеркәсіптік өндірісінің көлемі 1,4 триллион теңгені құрап, 13 пайызға өскендігін,  аймаққа 530 миллиард теңгенің инвестициясы тартылғандығын, құрылыс жұмыстары артып, индустриалды сектор да  алға жылжығандығын, бірқатар оңтайлы жетістіктерге қол жеткізілгендігін баса айтты. Бұл көрсеткіштер бойынша көшбасында болғанымызбен, санға емес, халықтың жағдайын жасау бағытында жұмыс істеу керектігіне назар аударды.

– Бүгінде Мемлекет басшысының сындарлы саясаты бойынша жергілікті атқарушы органдар депутаттармен бірлесе отырып, өзін-өзі басқару функциясына ие болды. Сіздер депутаттыққа сайланар алдында халыққа берген уәделеріңізді, ұсынған сайлауалды бағдарламаларыңызды орындау керексіздер. Енді сол бағдарламаларды жүзеге асыру үшін қаржы керек. Жергілікті әкімдермен тығыз жұмыс істеп, бірлесіп бүгінгі өзекті мәселелерді шешесіздер деп ойлаймын, –деп облыс әкімі бірқатар мәселелерді алға тартты. Алда облыс орталығында жылу электр стансасының құрылысы басталып, келесі жылы су тазарту құрылғысы пайдалануға берілетіндігіне, алдағы жылы кәріз тазалау құрылғыларын жаңарту жұмыстары қолға алынатына тоқталды. Өңірдегі агломерация мәселесі де өзекті екендігін тілге тиек етіп,  астанаға жақын аудандардың көші-қон, жұмыс жайын егжей-тегжейлі баяндады.

–Астанаға жақын орналасқан Қосшы қаласында жүргізілген тәжірибеге сүйенсек, онда ресми 50 мың адам тұрады деп тіркелген, ал нақты шынтуайтына келсек, 105 мыңнан астам адам тұрады. Сондықтан, облыста ресми тіркелген адамдар саны аз болғанымен, нақты тұрып жатқан халық 1 миллионнан асты, – деді аймақ басшысы. Осы орайда, келесі жылдың ақпанынан бастап, Астана қаласының әкімімен келісілген жаңа қаулы негізінде агломерациялық аймақтарға жататын облыс аудандарының кей елді мекендерінің әлеуметтік жобалары елорда бюджетінен қаржыландырылады. Бұл әрине, облыс бюджетін үнемдеп, басқа да аса қажетті жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұл үшін Президенттің тапсырмасымен бөлек бюджеттік бағдарлама, бөлек кешенді жоспар әзірленбекші екен.

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов форумда:

–Облыстық мәслихаттың 79 пайызын «Аманат» партиясының депутаттары құрауы – бұл саяси партия үшін сәтті жұмыстың нәтижесі.  Мәслихат пен партия саясатының ортақ мақсаты мен жоспарларының орталығында – адам, оның өтініштері мен әл-ауқаты, сапасы тұр. Партиядан сайланған депутаттардың белсенді жұмысы алдағы үш жылғы бюджеттік жоспарлауда көрініс берді. Облыстың депутаттық корпусы өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік сипаттағы 500-ден астам маңызды жоба ұсынды. Партияның Жол картасы сайлауалды бағдарламасы бойынша келесі жылы да осы бағыттағы жұмыстар жалғасып, біраз мәселе шешімін табады деп сенемін, –деді.

Облыстық мәслихаттың «Аманат» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Айнагүл Балташева өз кезегінде депутаттық фракция алдында тұрған міндеттер бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, партияның депутаттық корпусы 70 пайызға жаңартылған. Депутаттардың міндеттері – сайлау алдындағы уәделерін орындау, партияның жол картасы көрсеткіштерінің іске асырылуын сапалы қамтамасыз ету. Облыста партияның Жол картасы сайлауалды бағдарламасы негізінде жоспарланған 117 іс-шараның 53 пайызы орындалып, қалған 62-сі іске асырылу үстінде. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде 700 есептік кездесу өткізілген.  Шалғай ауылдардағы мәселелерді зерделеу мақсатында көшпелі мобильді қоғамдық бөлмелер тәжірибесі енгізіліпті. «Аманаттық» депутаттар 590 жеке қабылдау өткізіп, 1179 азаматтың өтінішін қараған. Облыстық мәслихаттың  5 депутаты өңірлік кеңестерді, 20-сы аумақтық кеңестерді басқарады, ал, қалған депутаттар кеңестер мен комиссиялардың мүшелері болып табылады.

–Партияның 18 ірі жобасы бар. Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» жобаларына ерекше мән береді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста 1,2 миллиард теңгенің  200-ге жуық несиесі берілді. Былтыр «Жер аманаты» бойынша 302 мың гектар, биыл 200 мың гектар жер мемлекет меншігіне халық игілігі үшін қайтарылды. Келесі жылдан бастап облыста азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатындағы «Қарызсыз қоғам» жобасы іске қосылады, –дей келе, Айнагүл Қыдырбайқызы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарламаларға және фракциялардың жұмысына тоқталды.

Бұдан әрі облыстық бюджетті жоспарлау және экономика басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақованың баяндамасы тыңдалып, ол «Аманат» партиясының Жол картасы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру туралы айтып, жергілікті әкімдіктерге өзін-өзі басқару бойынша бірқатар жобаларды өз бюджеттері есебінен шешуді ұсынды.

Форумның негізгі бөлімінен кейін депутаттар екі секцияға бөлініп, өз жұмыстарын жалғастырды. Облыс әкімінің орынбасарлары мен партия мүшелері әртүрлі салалардағы көкейтесті мәселелерді талқылады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар