Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.
(«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауынан.
1 қыркүйек, 2023 жыл.)
Айдос МАЙЛЫБАЕВ,
Ақмола облысының прокуроры,
3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси және әлеуметтік реформалар жүргізу барысында қазіргі кезде Әділ де Адал Қазақстан орнату барлық қазақстандықтардың абыройлы әрі жауапты міндеті болып отыр. Бұл орайда, қоғамдағы ең маңызды мәселенің бірі – заң үстемдігін қамтамасыз ету арқылы ел ішіндегі үйлесім мен бірлікті және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ете аларымыз анық.
Кез-келген өркениетті қоғамның басты өлшемі заң екендігін айта отырып, заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптастырарымызды терең ойлағанымыз жөн. Ақмола облыстық прокуратурасы осы міндетке қол жеткізу үшін өңіріміздегі заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету бойынша барлық құқық қорғау және арнайы органдар жұмыстарын үйлестіру арқылы жақсы нәтижелерге қол жеткізілгендігін айтқан ләзім.
Нақтылы атап айтатын болсақ, бірлескен жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда тіркелген қылмыстардың саны 63 пайызға азайды, яғни, 2020 жылы 7 670, биылғы жыл басынан бері 4 851 қылмыс тіркелді. Қылмыстың азаюының басты сыры облыс тұрғындары арасында қылмыстық құқықбұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жүргізуге ерекше назар аудардық.
Бізді соңғы кездері өздерінің жеке бас пайдалары үшін халықты алдап-арбаудың түрлі әдістері мен тәсілдері арқылы облыс тұрғындарын зар қақсатып кетіп жүрген түрлі алаяқтардың құрбаны болуы алаңдатып отыр. Осы жылдың өзінде мыңға жуық интернет-алаяқтық жасалды. Мұндай қылмыс өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға өсіп кетті.
Әдетте, қылмыскерлер ұялы телефон нөмірлерін ауыстырып, банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері болып қоңырау шалады.
Бұған қоса, интернет арқылы тауарларды сатып алу кезінде де тұрғындар алаяқтардың құрбаны болуда.
Міне, осындай алаяқтардың теріс әрекеттерінен азаматтарды қорғау үшін прокурорлар өңіріміздің мектептерінде, колледж бен университеттерінде жаппай заң түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Сол сияқты, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін де түрлі бейнероликтер әзірлеп, жариялаудамыз. Алайда, халықтың сенгіштігі және жеңіл ақша табуға деген құмарлықтары ақыры келіп, келеңсіз жағдайларға алданып қалуға әкелуде.
Қашан болсын, қай заманда болсын ешбір елде, ешбір мемлекетте оңай жолмен, яғни, еңбексіз көп ақша, жоғары табыс табу жоқ екендігіне облыс тұрғындарының назарын аударғым келеді. Қазір латентті қылмыстарды анықтау бойынша жұмысты күшейттік. Прокуратураның үйлестіруімен облысымызда, әдетте бопсалаумен, бұзақылықпен, тонаумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топтың 24 мүшесі ұсталды. Бұлардың үстерінен қозғалған 19 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Естеріңізде болса, жуырда Бурабай ауданы тұрғынының өз-өзіне қол жұмсағандығы үлкен қоғамдық резонанс тудырған болатын. Осыған қатысты жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесінде Щучинск қаласында бопсалаумен, яғни, бөтеннің мүлкін қорқытып тартып алумен, тонаумен, алаяқтықпен және өзге де қылмыстармен айналысқан маргиналды жастардан тұратын ұйымдасқан топ прокуратураның үйлестіруімен анықталып, құрықталды.
Бұл топ екі жетекшіден және 7 мүшеден құралған болып шықты. Бүгінгі күні осы ұйымдасқан топтың 5 мүшесі соттың қаулысымен қамауға алынды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың өзге мүшелеріне қатысты тергеу жалғасуда. Осы тұста, облыс тұрғындарынан қандай да бір бопсалау әрекеттерін көрсеңіз немесе оның құрбаны болсаңыз, міндетті түрде құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймын.
Біздің өңірімізде де кеңінен таралып келе жатқан есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық түрі қоғамның алаңдатушылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Еліміздің үш өңірінде есірткі сатумен айналысқан 12 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топ прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жойылды.
Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыс белсенді жүргізілуде. Осы саладағы қылмыстың 8 пайызға төмендегені байқалады.
Әрине, мұндай қылмыстарды мейлінше болдырмауды мақсат етіп отырмыз. Сол себепті, осындай зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтар немесе куәгерлер үнсіз қалмауы керек. Қазіргі уақытта қылмыстық істі тіркеу үшін арыздың қажеті жоқ.
Соңғы уақытта халықтың тұрмыс-тіршілігін, әл-ауқатын жақсарту үшін қажетті құрылыс объектілеріне бюджеттен үнемі қомақты қаражат бөлініп жүр. Өкінішке орай, кей жағдайларда қолы таза емес кәсіпкерлер тарапынан құрылыс нысандарын салу кезінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражатты аса ірі мөлшерде жымқыру, ұрлау сияқты жағдайларға жол берілуде.
Жалпы, прокурорлар пәрменімен өрескел заң бұзушылықтар бойынша 34 қылмыстық іс тіркеліп, олар бойынша бірқатар азаматтар сотталды. Оның кейбіреуін ерекше атап өткім келеді. Мысалы, прокуратура Қоянды елді мекенінде жол жөндеуге бөлінген 1 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатын жымқыруды анықтады. Қазіргі уақытта арнайы прокурорлар тергеу жүргізуде.
Тағы да прокурорлар емдеу мекемелеріне ескірген және жарамсыз медициналық жабдықтар алып, мемлекетке 1,4 миллиард теңге шығын келтірген тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіп, істі сотқа жолдап, соттың үкімімен қылмыскерлер, олардың ішінде бұрыңғы лауазымды тұлғалар 5-9 жылға дейін мерзімдерге бас бостандығынан айрылды. Осы іс барысында құны 4 миллиард теңгенің заңсыз алынған мүліктері тәркіленіп, мемлекетке қайтарылды.
Прокурорлық акті негізінде қоршаған ортаны қорғау заңнамасын бұзғаны үшін «Қазақалтын» серіктестігіне 6,7 миллиард теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ, өңірімізде кезінде алып, игермей, пайдаланылмай жатқан 37 су қоймасы мемлекетке қайтарылды. Орман шаруашылығында түрлі заң бұзушылықтарға жол берген жауапты басшылар қызметінен босатылды.
«Артспорт» бағдарламасын іске асыру кезінде жалған үйірмелер ашу, «өлі жандарды» жұмысқа алу арқылы бюджетке 16 миллион теңге шығын келтіру жайы анықталды. Осы фактілер бойынша 5 қылмыстық іс тіркеліп, кінәлілер қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Мемлекетке келтірілген материалдық залал өтелді, шарт бұзылды.
Прокурорлар «Бурабай Жылу» мекемесінен сметалық құжаттарды әзірлеместен, жылу құбырлары жүйесін жөндеуге бөлінген қаражаттан 105 миллион теңге жымқыруды анықтады. Бұл істі облыс прокуратурасының қызметкерлері тергеп, соттың үкімімен мекеме басшысы, бас-есепші бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
Әрине, осындай заң бұзушылықтардың орын алғандығы үшін өзге адал кәсіпкерлердің баршасына күйе жағуға болмайды. Бюджетке уақытылы салық төлеп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық салаларының дамуына үлес қосып жүрген адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау да прокуратура жұмысының басым бағыты болып табылады.
Бұл орайда, биылғы жылдың басынан бері және өткен жылы прокурорлар 13 мыңға жуық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғады.
Кәсіпкерлерге қарсы негізсіз қозғалған 7 қылмыстық іс прокурорлармен тоқтатылды. Бұл саладағы заң бұзушылықтарды жою үшін 200-ден астам қадағалау актілері енгізілді, 65 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикасына елеулі үлес қосып, дамытуға ниетті шетелдік және отандық ірі инвесторлардың жобасын заң аясында сүйемелдеу, қолдауды прокуратура органдарына жүктеді.
Президентіміздің тапсырмасын орындау аясында инвесторлардың жобаларын сүйемелдеу бойынша прокуратура қарқынды жұмыс бастады.
Мысалы, Испанияның «БИГ ФАРМА» серіктестігі біздің облысымызда асыл тұқымды ірі қара малын бордақылау бойынша инвестициялық жоба аясында 500 жаңа жұмыс орнын ашып, экономикамызға 60 миллиард теңгеден астам қомақты қаражат құюға ниетті болып келсе де, осы испандық серіктестік бірнеше жылдардан бері түрлі кедергілердің салдарынан өз істерін бастай алмай келген-ді. Испандықтардың осы инвестициялық жобасы облыс прокуратурасының сүйемелдеуі нәтижесінде олар өз жұмысын бастап кетті. Сонымен бірге, бұдан басқа тағы да 4 ірі инвестициялық жобалар прокуратураның сүйемелдеуімен жүзеге асырыла бастады.
Біздің өңір ауыл шаруашылығына бейімделгендіктен, шаруаларды, тұрғындарды мазалайтын маңызды мәселе – жер мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз. Прокурорлардың араласуымен заңсыз жер алуға жол бермеу, оларды игермеу, жайылымдардың тапшылығы, пайшылардың проблемалары сияқты біраз өзекті мәселелер оң шешімін тапты.
Тек осы жылдың өзінде 238 мың гектар заңсыз алынған, сондай-ақ, игерілмей жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып, оның 191,1 мың гектары айналымға түсті.
Егер жыл басында облысымыз бойынша жайылымдардың тапшылығы жарты миллион гектарды құраса, бүгінде прокурорлардың ықпалымен 77 елді мекендердегі жайылым жетіспеушілігі 127,2 мың гектарға азайды.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы алқаптарының ғарыштық мониторингін жүзеге асыру әдістері және жайылым тапшылығы проблемасын шешу үшін интерактивті карта әзірленуде.
Жерге қатысты тағы бір өзекті мәселе – пайшылардың өз үлестеріндегі жерлерден айрылуы, серіктестіктер құрамынан шығу мүмкіндігінің болмауы, алатын дивидендтер көлемінің аздығы халықты алаңдата түсуде. Прокурорлардың араласуымен жалпы 3 мыңға жуық пайшылардың банктердегі кепілдіктерді алу, қайта тіркеу, дивидендтерін арттыру, серіктестік құрамынан шығу және тағы да басқа құқықтары қорғалды. Мысалы, прокурорлар «Есіл Агро» ЖШС-нің 400 пайшыларының құқықтарын қорғады. Прокуратураның бастамасымен енгізілген талап-арыз негізінде облыстың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының осы жылдың 18-ші қаңтарындағы шешімімен «Есіл Агро» ЖШС-нің пайдаланылмай жатқан 30 мыңнан астам гектар жері мемлекетке қайтарылды.
Жер мәселесіне қатысты жасалған жұмыстар аз емес, дегенмен әлі де шешімін таппаған мәселелер де жеткілікті. Себебі, көп жағдайларда пайшылар бұрын-соңды осы жерлерді тастап, өзге елді мекендерге көшіп, қайта оралғандар, қолдарында жерге меншік иелігін дәлелдейтін құжаттардың жоқтығы, мұрагерлікпен өткен жерлерге тиісті құжаттардың болмауы немесе дұрыс рәсімделмеуі сияқты кедергілер орын алуда. Осыған байланысты, қажетті тиісті құжаттарды қалпына келтіру, жерге қатыстылығын сот арқылы дәлелдеу қажет, мұның барлығы ұзақ уақытты қажет етеді.
Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бойынша да айтарлықтай жұмыстар жүргізілді. Осы жылдың өзінде прокурорлардың араласуымен 13,3 миллиард теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заң бұзушылықтар, оның ішінде бір көзден жасалған шарттар анықталды.
Жұмысымыздың тағы бір басым бағыты – балаларды асырауға тиесілі алименттердің уақтылы төленуі болып табылады. Прокурорлардың ықпалымен осы жылдың өзінде 4 мыңнан астам балаға 820 миллион теңгеден астам төлем жасалды. Алимент бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін 97 борышкер әкімшілік, 4-і қылмыстық жауаптылыққа тартылды. Сондай-ақ, алимент төлеуге шамасы келмеген 60 жұмыссыз борышкер жұмыспен қамтылды.
«Әділ Қазақстанды адал азаматтар құра алады» деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бір айтқаны облыс прокуратура қызметкерлерінің басты ұстанымына айналып отыр. Қазіргі күні еліміздің бүгіні мен болашағы үшін саяси реформалар жасалып жатқан аса жауапты кезеңде заңның орындалуын қамтамасыз ету жолында абыройлы қызмет жасау басты парызымыз!
Мереке құтты болсын!