Еріктілер қозғалысы күш алып келеді

Халықаралық еріктілер күні аясында облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы «Жастар-ресурстық орталығы» еріктілермен кездесу ұйымдастырды. Салтанатты шараға Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Сабырхан Кенжебаев, жастар ұйымдарының басшылары мен көшбасшылары, сондай-ақ, еріктілер ұйымдарының өкілдері мен журналистер  қатысты. 

Аталмыш іс-шарада жалпы саны 50-ден астам қатысушы жиналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының бастамасымен 1985 жылдан бастап 5 желтоқсанда Халықаралық еріктілер күні атап өтілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында «Бүгін – Халықаралық волонтер күні. Біз өзгеге қол ұшын беретін жандарды әрдайым құрметтейміз. Еріктілер мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. «Адал азамат» тұжырымдамасының тірегі – осы мызғымас құндылықтар» – деп жазған еді.

Шынтуайтында, ерікті болу – ерліктің ісі. Мұқтаж жандарға қол ұшын тигізіп, жәрдемдесу әркімнің қолынан келе бермейтін ерекше қасиет. Аталған кездесуде волонтерлер өздерінің жыл бойы жасаған жұмыстары жайлы баяндап, келер жылға жоспарларын бекітті. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары барлық еріктілерді атаулы күнмен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

−Барлықтарыңызды бүгінгі 5 желтоқсанда атап өтілетін мереке Еріктілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінде еріктілер өз қызметін тоғыз бағытта  атқарып жатыр. Атап айтқанда, «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asylmura», «Qamqor», «Taza Аlem», «Umit», «Saуlyq», «Күміс волонтерлік» және «Корпоративтік волонтерлік»  бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуде.  Оның  ішінде 1500-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, мұқтаж жандарға 21 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Әрине, барлық міндеттер мұнымен бітпейді. Белсенділеріміздің үлгілі, жанкешті еңбектері  әлі алда.   Биылғы жылдағыдай,  келер жылы да мемлекет тарапынан  барлық еріктілерге қолдау көрсетіледі. Осынау елеулі еңбектеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін. Істеріңіз алға баса берсін,−деді ол. Сондай-ақ, облыстық «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт-кеңсесінің басшысының міндетін атқарушы Дидар Хамзин жыл бойы атқарған жұмыстар жөнінде айтып өтті.

−Ақмола облысында 10 794  еріктіні қамтитын 1282 іс-шара жүзеге асырылды. Сондай-ақ облыста 807 отбасына азық-түлік жиынтығы және демеушілік көмек көрсетілді. «Жақсы жүрек  Lider.kz» орталығы , «Феникс» волонтерлік  орталығы, «Қазақстан студенттер Альянсы» Ақмола облыстық филиалы және «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігі өз жобалары бойынша жоғары деңгейде жұмыс істеді. Былтырғы жылы Орта Азия елдерінің волонтерлері форумы өтсе биыл Халықаралық форумы өткен еді. Облысымыздан оған 7 ерікті қатысты.  Бұл біздің еріктілер үшін баға жетпес бір тәжірибе болды.  Жыл басынан бері «Мен – донормын», сондай-ақ, «Қарттар –асыл қазына», «Ұлы Отан соғысының ардагерлері», «Үміт», «Біз біргеміз»,  «Таза Әлем», «Жастар керуені» сияқты әртүрлі бағыттағы іс-шаралар  жүргізілді,−деді ол өз сөзінде.

Аймақтағы ең үлкен бірлестік саналатын «Феникс» волонтерлік орталығының басшысы Омар Бекин өз ұйымының атқарған жұмысы туралы айтып берді.  Оның айтуынша, қазір ұйымға 12 бөлімше кіреді. Оның ішінде Астана мен Щучинск қалаларынан 14-35 жас аралығындағы еріктілер жұмыс істейді.

−Біздің орталықта көптеген қызықты жобалар бар. Онда әркім өз қалаған ісін таба алады.  Соңғы бастамалардың бірі  «Алтын тостағандар» деп аталады. Біздің еріктілер облыс орталығының барлық қоғамдық тамақтандыру ұйымдарына қоңырау шалып, қаңғыбас жануарларға көмектесетін ұйымдарға азық-түлік жинап, жеткізді, – деді ол. Омар Бекиннің  бұл орайдағы еселі еңбегі Қазақстан Республикасы  Президентінің «Шапағат» және «Халық алғысы» наградаларымен атап өтілген.

Шара барысында Сабырхан Кенжебаев белсенділерді Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың, ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алиннің және «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Миронюктің атынан Алғыс хаттармен марапаттады.     Сонымен бірге, атаулы күн шеңберінде өткізілген байқаудың қорытындысы бойынша комиссияның шешімімен «Доброе сердце Lider.KZ» басшысы Ирина Владимировна Катухова – «Жыл волонтері – 2023», «Феникс» волонтерлік орталығының  мүшесі Даниал Қуанышбекұлы Жағыпар – «Жас волонтер – 2023» және Атбасар қаласының «Лутошкиндер отбасы» бастамашыл тобының мүшесі Марина Васильевна Лутошкина – «Кәсіби волонтер – 2023» номинацияларының жеңімпаздары болып танылып, дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында қатысушыларға арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар