Жетістік – кәсіптік білімнің сапалылығынан

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин  «Worldskills Kazakhstan-2023» республикалық чемпионатында Ақмола командасының қол жеткен жетістіктері ментехникалық және кәсіптік білім беруді дамыту  мәселелері жөнінде  брифинг өткізді.

Елордада кәсіптік-техникалық білім беретін колледждердің студенттері арасында WorldSkills Kazakhstan-2023 жұмысшы мамандықтарының чемпионаты өтті. Ақмола командасы 2 алтын, 4 күміс және 3 қола медальонды жеңіп алды.  Оған облыстан 30 құзырет бойынша 32 студенттер қатысып, Көкшетау қаласының құрылыс-технологиялық колледжінің екі өкілі чемпионаттың жеңімпаздары атанды. Бұл – «Сырлау және сәндік жұмыстар» мамандығы бойынша құзыреттілігіндегі Күмісжан Жолдығұл және «Дәнекерлеу технологиялары» Юрий Шаяхметов.   Екінші  орынды Елизавет Ермолович «визуалды сауда және витринистика», Антон Чикирда – «прототиптеу», Нұрәлі Сәлімов – «Плиткамен қаптау», Еламан Қабиболла – «Электромонтаж» құзыреттіліктерінде иеленді. Үшінші орынды Олжас Ғылымжан «жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», Маргарита Демченко «кіші сыныптарда оқыту», Қасиет Жексембай – «Графикалық дизайн» құзыреттіліктерінде қанжығаға байлады. Облыстық білім басқармасы басшысының айтуынша, ақмолалық қатысушылар 8 медальонмен марапатталды.

Биылғы чемпионатқа бүкіл елімізден 22 жасқа дейінгі 545 жас маман – WorldSkills өңірлік чемпионаттарының жеңімпаздары, сондай-ақ, 520 сарапшы жиналды. Командалық есепте Ақмола облысы алғашқы бестікке кіріп, төртінші орынға ие болды,−деді өз сөзінде ведомство басшысы.

Брифингте Шоқан Оразалин сондай-ақ, облыста техникалық және кәсіптік білімді дамыту  мәселелеріне тоқталды.   

−Облыста 30 колледж жұмыс істейді. Оның 24-і мемлекеттік және 6-уы жекеменшік. Контингент 21 мың студентті құрайды, оның 80 пайызы  тегін оқумен қамтылған. Бүгінде 24 мемлекеттік колледждің 17-сінің техникалық және технологиялық бейіні бар. Олардың 13-і агроөнеркәсіптік кешен үшін кадрлар даярлауды іске асырады. Сондай-ақ,  2  педагогикалық, 2 мәдениет пен өнер бейіні бойынша колледж, медициналық колледж, олимпиадалық резерв колледжі, сондай-ақ, университет жанындағы колледждер де осы бағытта  жұмыс істеуде.

Облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары 97 мамандық және 165 біліктілік бойынша кадрлар даярлайды. Еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, студенттердің шамамен 40 пайызы инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларында оқиды,−деді өз сөзінде ведомство басшысы.

Биыл мемлекеттік тапсырыс аясында колледждерге кадрлар даярлауға 5 524 адам қабылданды және 1,5 мың студент кәсіпорындардың өтінімдері бойынша нысаналы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқиды.  Бұл оларға оқу кезеңінде жұмыс орындарын табуға, ал, жұмыс берушілерге білім беру процесіне қатысуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, спикер 2023-2024 оқу жылында нысаналы мемлекеттік тапсырыс аясында кәсіпорындардың өтінімдері бойынша 667 талапкер қабылданғанын атап өтті.  Аймақтық еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы байланыс түлектерді бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмысқа орналастыру арқылы бақыланатынын алға тартты.

−2023 оқу жылын бітірген  5 679 түлектің   ішінен  4 007 адам жұмысқа орналастырылды. Соңғы жылдары жұмысқа орналастырылған түлектердің саны тұрақты бола түсті. Бұл ретте, жұмыспен қамту бойынша оң динамика байқалады. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда жоғары оқу орындары мен колледждерде оқуды жалғастырған түлектер саны 300 адамға көбейді,−деп толықтырды өз сөзін Шоқан Оразалин.

Колледждерде индустриялдық кеңестер жұмыс істейді. Онымен қоса, 500-ден астам жұмыс берушілермен ынтымақтастық байланыс орнатылды. Бүгінде дуальды оқыту жүйесін 28 колледж қолданады.   Осы технология бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 4 651 студент білім алуда.  Сондай-ақ, тағылымдамалар мен практикалар кезеңі еңбек өтіліне енгізіледі. Облыс колледждері «КАИК», «НОВОПЭК», «Көкшетау Жолдары», «Көкшетауавтодор», «РегионСтрой», «EurasiaGroup Kazahstan» серіктестіктері,  «Тыныс»,  «Алтыналмас» акционерлік қоғамдары және басқа да кәсіпорындармен ынтымақтастық қарым-қатынаста.

Биылғы жылы жаңа мамандықтарды игеру мәселесі өзекті болып тұр.   Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, бұрыннан келе жатқан белгілі бір модульдерді кәіпорындар болашақ жұмыскерді иеленуге мүмкіндік беретін қажетті құзыреттерді қалыптастыратын жаңа модульдермен алмастыруы тиіс. Жалпы, қарастырылып жатқан осы шаралардың барлығы жас кадрларды жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге септігін тигізетіні анық.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар