Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көкшетау Қорғанбегін алқалады - АРҚА АЖАРЫ

Көкшетау Қорғанбегін алқалады

Ежелден ән-жырдың алтын бесігі атанған киелі Көкше төрінде аяулы аты алты Алашқа белгілі ақын, қаламы жүйрік журналист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Зеренді, Біржан сал және Алматы облысының Талғар аудандарының құрметті азаматы Қорғанбек Аманжолдың пенде ғұмырдың бір биік шыңы – 70 жасқа толуына орай шырайлы шығармашылық кеші өткізілді.

Атан түйені алып жығатын аяз күшіне мініп, ақ қар, көк мұз табан астын құрсаулап тұрса да жыр отымен жылынғалы келген жалпақ жұрт Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында ине шаншар орын қалдырмай, иен тіресіп отырды. Осыдан-ақ, көкшетаулық қауымның сөз патшасы – өлеңге деген, ақ самалдай аңқылдаған ақжарма Қорғанбек ақынға деген шынайы көңіл, ілтипатты құрметін аңғаруға болады. Театр ұжымы көрген жанның көңілін тоғайтатын көрініс әзірлеген екен. Өне бойы Қорғанбек ақынның жасындай жарқылдаған, тыңдаған жанның жүрек қылын шертіп, тылсым бір ойдың түбіне бойлататын өлеңдерін оқыды. Зұлмат жылдар қан майданға өндірдей жастардың Көктеректің іргесіндегі киелі жер, қасиетті топырақ Әулиетастың ығынан аттанғаны, зар илеп, запыран жұтқан тәмам жұрттың тілегі, болаттай берік білегі, ел деп соққан жүрегі өлең болып шалқып, бүгінгі жастарды туған жерін қастерлей білуге, туған елін құрметтей білуге шақырып жатқандай. Ежелгі елдің ескірген суреті уақыт шымылдығынсерпіп тастап, көз алдыңа келгендей. Одан кейін жарқын заман, жасампаз уақыт бейнесі. Түнерген аспан жадырай ашылып, толқындай тулаған қаншама ғұмыр, сансыз тағдыр сиқырлы сөзбен суреттеледі. Құтты бір таңдайыңнан дәмі кетпес зәмзәм суынішіп отырғандай бар пейіл, бар ықыласың ауып тыңдай бергің келеді. Бәлкім көкірегіңді оттай қарып, жүрегіңді жылытатын өлең дейтін құдіреттің мық шегедей мықтылығы да осында шығар.

Қаршадайынан қазақтың қара сөзіне деген шексіз махаббат тұла бойын билеген тұлға туралы сөз сабақтағанда, алдымен оның ақын екендігін айтқан ләзім. Зерлі Зеренді өңірінің көрікті бір пұшпағы Көктерек ауылында туған адамның ақын болмасқа хақысы жоқтай. Туған жердің топырағынан тұла бойына өзгеше қасиет біткен Қорғанбек Ғалымтайұлы Зеренді аудандық «Коммунизм таңы» газетінен басталған журналистік жолы облыстық «Көкшетау правдасы», республикалық «Жұлдыз» журналы, республикалық «Ауыл» газеті, «Хабар» агенттігінде, ел газеті – «Егеменде» жұмыс істеген. Жай ғана жазарманның қатарында емес, қазақ қоғамынан ойландырып, мың толғандыратын күрделі тақырыптарды кәтепті қара нардай көтеріп, алмас қылыштай жарқылдаған қаламын сілтеген. Журналистика қиын өнер, беріле істеген, өндіре жазған адамның ерқашты болуыда әбден мүмкін. Бірақ, осыншама тауқыметті көтере жүріп, «Зеренді қарағайлары», «Сабат», «Мешітті ғалам», «Жырлаймын Көкшетауымды», «Алапа» сынды жыр жинақтарын жазды. Ежелгі қазақ тарихының сыр тұнған қиын қатпарларына ойлы көзімен үңіліп, Алаштың ардақты тұлғалары «Қанай-Абылай», «Олжас», «Шер кешу», «Мұсақұл балуан» поэмалары оқырманға олжаболды. Өміршең өлеңмен бірге оқырманның сезім қылын шертіп, таным көкжиегін кеңейтіп, нұрландыратын «Зұлмат пен ғибрат», «Біржан бұрмалары», «Ақиреттік аманат», «Қызыл сызық», «Айсберг астындағы ағыстар» тәрізді тарихи, әдеби эсселер жинағы жарық көрді. Аударма саласында да өндірте жұмыс істеді.

Біз білетін, ел білетін Қорғанбек Аманжол алдымен ақын дейтініміз сондықтан. Балалығы өткен Көкшесі көкірегін қоламтаның шоғындай қыздырып-ақ жүреді. Ескі естелік есінде. Бұл   пікірімізге ақынның өзі жазған өлең куә. «Қос бөлмелі қоржынтам қарағайдан қиылған, төбесі бар жатаған тағдырымдай бұйырған» дейді. Осы кішкентай ғана құрқылтайдың ұясындай қоржын тамда ер жетіп, отты өлеңімен Отанына танылған Қорғанбек ақынның тұтас туындылары ғажап бір дүние десек, асырып айтылған баға емес.

Жетпіс жылдық мерейтойының шымылдығын облыс әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов жүрекжарды құттықтау сөзімен ашып, туған жеріне келіп, жырын сыйлайтын жамағатпен жүздесіп жатқан жампоз ақынға сый-сияпатын тапсырды. Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің білім алушысы Берденбек Мырзат ақын ағасына жүрекжарды арнауын айтып берді. Әсерлі шумақтардың бірінде «Көктеректің көгерген көк бұтағы, қазақ өлеңінің бәйтерегіне айналды» деген тәрізді тауып айтқан тұстары сөз әлібін түсінетін ойлы оқырмандыбір желпінтіп тастады. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова бір ауыз естелік айтып, мерейтой иесіне ізгі тілегін жеткізген соң, әнмен әдіптеп, кеш шырайын келтіре түсті. Әсіресе, «Ағаларыма» әнінің алпыс екі тамырыңды шымырлататын ойлы да шырайлы сөзі құтты ақын ағамызға арналғандай. Ақынның өзі де жырында:

Қария көрсе өтеді қарамай кім,
Сәлем күтіп тұрғаның маған айқын.
Жүрісіңді сәл тежеп жөткіріңдің,
Уа қария, ассалаумағалейкум!

Ассалаумағалейкум, ақ қариям!
Ассалаумағалейкум, бақ дариям!
Аман ба өзің еккен қара орманың,
Бақуатты шығар-ау баққан ұяң?! – деп жырламай ма?!.

Жалынды жырды жанына серік еткен ақын осы бір сөзімен тұтас қауымға сәлем беріп тұрғандай көрінді бізге. Елін сыйлағанның, жерін құрмет тұтқанның мәртебесі қашан да биік. Асқар Алатаудың баурайында жүрсе де, Көкшесі көкейінен бір сәт шықпағандығын айқын аңғарар едіңіз. Өзі тебірене, емірене сөз сөйледі, әр сөзінің астарынан сарытап сағыныш, ел мен жерге деген перзенттік махаббаттың жібек орамалдай желпіген лебі театр залында иен тіресіп отырған жырқұмар қауымның жүрегіне құйылып-ақ жатты. Зерендінің Көктерек, Қызылегіс, Қарашілік, Ортағаш тәрізді ауылдарындағы қаймағы бұзылмаған қазақылық қалып сағынған перзентінің сезімімен өрнектелді. Құрғақ тамсану емес, әр сөзінің астарындағы атан түйеге жүк болатын бір ғажайып, тілмен айтып жеткізгісіз махаббат мұңға бөлейтіндей. Ақындық мұраттың тамыры тым тереңде екен ғой. Оны түйсіну үшін, түсіну үшін сөз өнеріне ғашық жүрек керек болар.

Қорғанбек ақынның жырын айтып, сырын айтып, сапарлас болып келген әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Иран-Ғайып ата-бабаларының топырағына табаны тигеніне қуанышты екендігін, сол бір сәтімен сабақталған сапарға жыр әлеміндегі қанаттасы Қорғанбектің себепкер болғандығы туралы тебірене толқып, баяндап берді. Қилы-қилы заманда осы Зерендінің топырағын мекен еткен арыдағы аруақты аталар Сырбойында қоныс тепкен. Бірақ, «қанына тартпағанның, қары сынсын» дегендей, түпкі қоныс, ежелгі мекеннің көзге көрінбейтін шырайлы шілтері Көкшеге табаны тиісімен шымқай орап, шымырлата ширықтырып, ғажайып күйге бөлегенін де тілге тиек етті. Мерейтой иесіне ойлы өлеңін арнады.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, қазақтың айтулы ақыны Ғалым Жайлыбай да әр өлеңі, әр сөзі ақ самалдай Алаш дидарын желпіп, Алаш жүрегін тебірентетін Қорғанбек ақын жайлы аталы сөз айтып, өлеңін арнады.

Кеш барысында белгілі айтыскер ақын Мұхамед Қоңқаев пен Жезқазған қаласында оқытушы болып еңбек ететін Думан Самат сөз қағыстырып, шығармашылық кештің шырайын арттыра түсті. Көкшетаудағы Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты, әдебиеттанушы ғалым Нұртас Ахат, ақын, әдебиетші ғалым Ерболат Баят, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры, ақын Қуаныш Оспан тәрізді азаматтар ағаларына арнап ақжарма тілектерін айтып, жырларын оқыды. Осы бір ел мерейін өсірген әдемі шараның басы-қасында жүрген, өткізілуіне мұрындық болған облыстық ішкі саясат басқармасының жанындағы  «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ермек Нұғыманов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры, белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек, Боранбай Бегалин, Көшек Сәменовтер мерейтой иесіне ат мінгізіп, шапан жапты.

Келесі күні жыр шеруі Қорғанбек ақынның туғантопырағы Зерендіде жалғасты. Аудандық мәдениет үйінде «Зерендінің зерегі, құйылып тұрар өлеңі» тақырыбында әдемі кеш өткізілді. Ақынын ардақтаған ел азаматтары қонақтарды құшақ жайып қарсы алды. Киелі сахна төрінде ел ағасы Тілекен Төлебаев, «Көкшетау» ұлттық табиғи паркінің директоры Ербол Сағдиев тәрізді арқалы азаматтар еліне келіп арқа-жарқа болыпжатқан ақынның иығына шапан жауып, ақ тілектерін жолдап, құрмет көрсетті. Иран-Ғайып ақынның жасындай жарқылдаған жырын тыңдап, бір желпініп қалды.

Көкшетау аспанында екі күн бойы жыр қалқып, ән әлдиледі. Оңтүстіктен сағынып жеткен перзентін аяз да тағы бір ширатып алайын дегендей, бетінен шымшып әзілдесті. Сөз атасын сыйлаған тәмам жұртты өміршең өлең өлкесіне жетектеп апарып желпінткен, қуаныш сыйлаған естен кетпес күндер болды бұл!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Бауыр

Қорғанбек Аманжолға

Жаныңа жылы екен бауыр деген,
Қашанда осы сөзді тәуір көрем.
Оның да елжіреткен кереметі,
Бұйырар адамды адам тануменен.

Айтасың елге келіп кездескенде,
Айтасың телефонмен сөйлескенде.
Бауырдың нарқы биік Алатаудай –
Қиянат, кесапатқа бермес кеуде.

Жазасың осы сөзді қолтаңбаңда,
Ақеділ қаламыңнан нұр тамғанда.
Ақында ағыл-тегіл жырын төгіп,
Ұсынар кітаптарын арман бар ма?!

Бауырдың күні бірге бауырменен,
Онысыз– ауыр өмір, ауыр өлең.
О, екі дүниеде мүмкін емес,
Бөтен сөз бауыр жайлы алу менен.

Шанышып ауырғанда бұл жүрегім,
Жырыңмен саулығымды шын тіледің.
Мен бекер айттым ба, алаңдаумен,
Аян ғой хал-жайымды оң білерің.

Күлерсің кейде күлкің төгіліп те,
Жүдерсің кейде көбең сөгіліп те.
Ойласам өзіңдей бір ағам барын,
Бұл өмір маған олқы көрініп пе?!

Жүр аға,  солай аппақ тілегімде,
Жүр аға, солай соққан жүрегімде.
Мен дағы келер күнге аттай берем,
Бауырым барын сендей, білемін де.

Қайырбай Төреғожа.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар