Математика ғылымының дарабозы

Ақмола облыстық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Айнагүл Балташева мен депутат Дуанбай Ыбырай Көкше өңірінен шыққан белгілі математик, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, профессор Мыңбай Ысқақовтың 100 жылдығына арналған  еске алу кешіне қатысты.

Бір ай бұрын Мыңбай Ысқақовтың туыстары – мемлекеттік кірістер департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы Теңбай Ыбыраев пен  баспасөз маманы Нұрлан Ысқақов мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіповтің қабылдауында болып, Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 көпсалалы мектеп-гимназиясында белгілі ғалымның 100 жылдығына арналған еске алу кешін өткізу туралы ұсыныс білдірген. Олардың бұл өтініші орындалып, аталмыш орында  мерейтойлық іс-шара өткізілді.

Мыңбай Өтежанұлы Ысқақов 1923 жылы Зеренді ауданы Қойсалған ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысушы. Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітіріп, бес жылдай орта мектептерде, соның ішінде Көкшетау қаласының №3 қазақ мектебінде мұғалімдік кызмет атқарады. Кейін ҚазПИ-де математика  пәнінің оқытушысы болды.

Мыңбай Өтежанұлы көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Проективтік геометриядан педагогикалық институттарға арналған қазақ тілінде тұңғыш екі томдық оқулық жазды. Осы оқулықтарды математика пәнін меңгеріп жүрген студенттер әлі де пайдалануда. Мыңбай Ысқақовтың ғылым саласында қалдырған мұрасы, педагогикалық кадрларды тәрбиелеу ісіне қосқан үлесі баға жеткізгісіз.

Мыңбай Ысқақовтың балалары, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Алма Ысқақова, Ұлттық «Тарлан» сыйлығының иегері, Алматыдағы «Архимед» мамандандырылған мектебінің негізін қалаушы – Архимед Ысқақов та әкесінің жолын қуып, еліміздің білім және ғылым саласына зор еңбек сіңіруде.

Еске алу кешіне жиналған ғалымның туыстары, зиялы қауым өкілдері, педагогтар сөз сөйлеп, Мыңбай Ысқақовтың есімі, қалдырған мұрасының мәңгілікке сақталуы өте маңызды екенін атап өтті.

Айнагүл Балташева Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының ұжымына және оқушыларына сәттілік тілей отырып, Ақмола облыстық мәслихатының және өзінің атынан осы мерейтой шараларының ойдағыдай өтіп жатқаны үшін  алғысын білдірді.

–Бүгінгі гимназиялықтар Мәлік Ғабдуллин мен Мыңбай Ыскақовтай оқуда озат болып, келешекте үлкен жетістіктерге жететініне нық сенімдемін, – деді ол өз құттықтау сөзінде.

Қарлыға МҰХАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар