Елдің азық-түлік қауіпсіздігі және елорданың азық-түлік белдеуі
Ақмола облысы жоғары сапалы азық-түлік бидайының төрттен бірін өндіретін еліміздің жетекші ауыл шаруашылығы аймақтарының бірі. 2023 жылы ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан ақмолалықтар 3 миллион тоннадан астам астық жинады.
Мал шаруашылығында ет өндіру 168 мың тоннаға дейін артып, 352 мың тонна сүт, 608 миллионнан астам тауық жұмыртқасы өндірілді. Жыл басынан бері 46 ет, 5 тауарлы—сүт фермасы құрылды. Нәтижесінде өңір елімізде құс етін өндіру бойынша көшбасшы облыстардың біріне айналды.
Ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі 664 миллиард теңгені құрады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорданың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ақмола облысында 73 қайта өңдеуші кәсіпорын бар. Азық-түлік өндірісі 8 %-ға өсті. Астанадағы 44 ірі сауда орталығына 130-ға жуық кәсіпорын экологиялық таза өнім жеткізеді. Бұл шамамен 38 мың тонна сүт өнімдері, 25 мың тонна ет өнімдері, 210 миллион дана жұмыртқа.
Өнеркәсіптік әлеует және ЖЭК-ті дамыту
Ақмола облысының өндірістік әлеуеті туралы айтар болсақ, 2023 жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 417 млрд теңгені құрады.
Жұмыс жасап тұрған ШОБ субъектілерінің саны – 58,6 мың бірлік, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 10,3%-ға жоғары.
Негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі 7%-ға өсіп, 530 миллиард теңгеден асты.
Сарапшылардың айтуынша, өсу динамикасына жеке инвестициялық жобалардың сәтті жүзеге асырылуы ықпал етіп отыр.
Салынған инвестициялардың басым бөлігі жаңартылатын энергия көздері саласына бағытталған, бұл облыстың «жасыл экономикаға» көшудің маңыздылығын түсініп, трендте болуын және заман талабына сай екенін аңғартады.
Ақмола облысы «жасыл» инфрақұрылымды пайдалану бойынша еліміздегі алғашқы плацдарм екенін атап өткен жөн. Осыдан шамамен үш жыл бұрын Ерейментау ауданында Қазақстандағы алғашқы жел электр станциясы жобасы іске қосылды.
Ал бүгінде жаңартылатын энергия көздері бойынша 13 жобаның 8-і Аршалы, Ерейментау, Целиноград аудандары мен Көкшетауда іске асырылды. Іске қосылған энергетикалық нысандардың белгіленген қуаты шамамен 280 МВт, тартылған жеке инвестициялар көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрады.
Бұл өңір үшін серпінді жобалар деуге болады. Инновация тұрғысынан ғана емес, оның экономикалық аспектілері де бар – инвестициялар, лайықты жалақы төленетін жаңа жұмыс орындарын құру.
Мәселен, Аршалы ауданында өңірдегі ең ірі жел электр станциясы қуаттылығы 150 МВт Борэй Энерго құрылысының екі кезеңі аяқталды. Зеренді және Ерейментау аудандарында жалпы қуаты 30 МВт-тан асатын 3 жел электр станциясы іске қосылды.
Өнеркәсіп саласында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. Мысалы, Бұланды ауданындағы құс фабрикасының үшінші кезегі. Степногорск қаласында қуаттылығы 350 мың тонна кенді өңдейтін модульдік өңдеу фабрикасының құрылысы, Көкшетау қаласында жалпы құны 2,6 миллиард теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы техникасын шығаруды кеңейту жобасы аяқталды.
Мұнымен қоса, жыл соңына дейін ірі жобалардың ішінде Қосшы қаласындағы құс етін өңдеу зауыты, сондай-ақ Ақкөл ауданындағы қонақ үй емдеу-сауықтыру кешені пайдалануға берілетін болады.
Болашаққа көзқарас
Зеренді ауданы мен Көкшетау қаласындағы екі ірі агроөнеркәсіптік кешен іске асырып, пысықтау сатысында. Биыл өнімділігі сағатына 18 тоннаны құрайтын жем зауыты мен өнеркәсіптік алмаз концентратын шығаратын зауыттың құрылысы басталып кетті. Сонымен қатар, Степногорск қаласында электролиттік марганец пен металл конструкциялар өндірісі жолға қойылады.
Жаңа инвесторларды тарту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Көкшетау қаласында тәулігіне 50 мың текше метр су өткізетін кәріздік тазарту құрылыстарын салу жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ жылу электр орталығының құрылысы мәселелері қарастырылуда.
Жолдар, инфрақұрылым, ТҮКШ
Өңірде көлік-логистикалық секторды дамыту жобалары сенімді түрде іске асырылуда. Биыл бір мың шақырымға жуық жол салынып, жөнделді, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың және 100-ден астам елді мекенде көше-жол желісінің жай-күйі жақсартылды.
546 мың шаршы метр немесе 2022 жылғы деңгеймен салыстырғанда 101,1% тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 5 мыңнан астам ақмолалықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Оның ішінде 130 отбасына арналған 3 әлеуметтік тұрғын үй тапсырылды: Көкшетау қаласында 40 пәтерлік жалдамалы үй, Щучинск қаласында 45 пәтерлік және Степногорск қаласында 45 пәтерлік тұрғын үй. Жыл соңына дейін жалпы ауданы 19 мың шаршы метр болатын 290 отбасына арналған тағы 6 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы, облыста бюджет қаражаты есебінен 52 көппәтерлік тұрғын үй, оның ішінде 37 тұрғын үй «Отбасы банкінің» салымшылары және 15 жалдамалы тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтары үшін салынуда.
Қалаларда орталық сумен жабдықтауға қолжетімділік 95,3%, жылумен жабдықтау 68,6%-ды құрайды. Ауыл тұрғындарының 93%-ы орталық сумен қамтуды пайдаланады. 2023 жылы сумен жабдықтау жүйесін дамытуға 21 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Білім беру және денсаулық
2023 жылы әлеуметтік салаға 325,5 миллиард теңге қарастырылған. Білім беру саласында мектептердің құрылысы белсенді жүріп жатыр. Сонымен, ағымдағы жылы 3592 оқушыға арналған 5 жаңа мектеп пайдалануға берілді. 7 мектептің құрылысы жалғасуда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 18 мектеп салу көзделген. Оның тоғызының құрылысы биыл басталды. Келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Тағы 9 мектептің құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Білім беру мекемелерін салудың жоғары қарқыны үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Мұнымен қоса, барлық білім беру мекемелері педагогикалық кадрлармен қамтылған.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде ауылдарда 38 медициналық ұйым салу және екі ауданаралық аурухананы (Степногорск және Атбасар ауруханалары) жаңғырту көзделген.
Биылғы жылы Ақмола облысының ауылдарына 130-дан астам дәрігер жұмыс істеуге барды. Оның ішінде, 76 жас маман бар. Осы шаралардың нәтижесінде облыста дәрігерлер тапшылығы 22%-ға азайды.
Өңірде жұмыс орындарын құру, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамту, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру, жалақыны өсіру және т.б. мәселелерге баса назар аударылады. Осылайша, ағымдағы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 29 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Сонымен қатар Ақмола облысы үшін басым салалардың бірі саналатын туризмді назардан тыс қалдыруға болмайды.
Облыстың туристік кластерінде 600-ден артық кәсіпорын бар, мұнда 22 мыңнан астам ақмолалық жұмыспен қамтылған. Жалпы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағына жыл сайын әлемнің әр түкпірінен 1 миллионға жуық турист келеді. Осы жылы туристерді орналастыру бойынша 16,5 миллиард теңгеге қызмет көрсетілді. 2023 жылы облыстық бюджетке орналастыру нысандарынан 2,3 миллиард теңге салық түсті. Сондай-ақ, қазір облыста туризмді дамытуға бағытталған 23 миллиард теңгеге 65 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда.
Жалпы алғанда, өтіп бара жатқан жылдың қорытындысы Ақмола облысының қарқынды дамып келе жатқанын және келесі жылы жаңа нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті экономикалық және адами әлеуетке ие екендігін көрсетеді.
Дереккөз: ortcom.kz