Ауыз сумен жабдықтау мәселелері талқыланды

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қорғалжын ауданы Сабынды ауылында Егіндікөл және Қорғалжын аудандары әкімдерінің, су ресурстары комитеті, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, мердігер ұйымдар, Нұра топтық су құбыры және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен сумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша жедел кеңес өткізді.

Марат Ахметжанов халық үшін сумен жабдықтау мәселесін шешудің маңыздылығын атап өтті.

–Мердігерлік ұйым жұмысты тоқтаусыз жүргізгеніне қарамастан, Нұра топтық су құбырын қайта құрудың екінші кезеңінің бірінші учаскесі өкінішке орай, жоспарланғанындай Жаңа жылға дейін аяқталмайды. Осы кезеңнің аяқталуы су шығынын азайтуға мүмкіндік берер еді, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.

Ирригация және су ресурстары министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Аяшевтің айтуынша, бұл мәселе ерекше бақылауда.

Мердігер ұйымның өкілі Рустам Манатаев атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

–Бүгінгі таңда Егіндікөл ауылынан 26 мың метр, Сабынды ауылының бас құрылыстарынан 31630 метр, барлығы 57696 метр траншея қазылды. 42570 метр құбыр төселді. 22 құдық орнатылды. Барлығы 68,4 шақырым магистральдық су құбыры ауыстырылуы тиіс. Соңғы кездері  ауа райы жағдайларынан жұмыс баяуламай қоймады. Қазір нысанда 12 экскаватор бар, – деді «Bertys Construction» ЖШС директоры Р.Манатаев.

Кездесу барысында өңір басшысы Ушаково ауылындағы магистральдық су құбырындағы ақауды жоюды, сондай-ақ, кезекші бригадалар мен ақауларды жою үшін техниканы ұйымдастыруды және 31 желтоқсанға дейін халыққа су беруді қамтамасыз етуді тапсырды.

–25 қазанда үйлерге ұзақ уақыт болмаған су келді. Қазір аудан әкімдігі су тасымалдауды ұйымдастырып отыр, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, ұзындығы 337 шақырым су құбыры Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін ауыз сумен жабдықтау көзі болып табылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар