Аймағымыздағы діни ахуал тұрақты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Алмаз Мұқажанов мекеменің ағымдағы жылдың 11 айында атқарған жұмыс нәтижелері бойынша баяндап, аймақта діни ахуал тұрақты екендігін жеткізді.

Бүгінде облыс аумағында 195 діни бірлестік пен 156 діни нысан тіркелген. Бірлестіктердің 93-і ислам дінін ұстанушылар болса, 48-православтық, 41-протестанттық, 11-католиктік, 1-еуі Бахаи және 1-еуі Кришна қауымдастығы секілді сенім ұйымдары. Өңірдегі діни нысандардың 93-і мешіт, 29-ы православтық шіркеу, 12-сі католиктік костел, 22-сі протестанттық құлшылық үйлері екен.

–Ақмола облысының аумағында бүгінде 32 миссионер діни насихат жүргізіп жүр. Олардың 20-сы Польша, 5-еуі Филиппин, 2-еуі Қазақстан, 2-еуі Ресей, 3-еуі Германия елдерінің азаматтары. Елдегі конфессияаралық келісімді сақтау, азаматтардың діни көзқарасы мен құқықтарын қорғау, терроризм мен діни экстремизмге қарсы әрекет ету үшін халық арасында жүйелі мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Сонымен бірге, облыста дін мәселелеріне қатысты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын іске асыратын 24 топ бар, оның құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, діни конфессиялардың жетекшілері, дінтанудан сабақ беретін мұғалімдер, жергілікті жерлердегі белгілі тұлғалар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған 217 адам кіреді. Бұл топтар облыс аумағында 5 мыңнан астам іс-шара өткізіп, оған 83 мың адам қатысты, –дей келе, басқарма басшысы іс-шараларда қамтылатын негізгі аудитория жайында, БАҚ-тарда жарияланған материалдар туралы, барлық діни қызмет субъектілерінің заңнаманы сақтауына тұрақты бақылау жүргізілетіні, дін істері басқармасының құқық қолдану практикасы жүзеге асырылатыны хақында баяндады. Сонымен бірге, профилактикалық және қарсы насихат қызметін ұйымдастыратындарға, интернет-кеңістігіне мониторинг жүргізілетінін сөз етті. Мұндай жағдайда «аналитикалық интернет-карта» бағдарламасы қолданылып, оның көмегімен деструктивті сайттардың жазылушылары болып табылатын тұлғалар және дін саласындағы құқыққа қайшы материалдарды қамтитын мазмұн енгізілетін «Кибербақылау» ақпараттық жүйесі пайдаланылады екен. Жалпы, облыстағы діни ахуалға жасалған талдау нәтижелері өңірде бұл мәселе тұрақты екендігін көрсетеді деп қорытындылады сөзін басқарма басшысы.

Конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының басшысы Болат Қасенов өз кезегінде облыс тұрғындары арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған бірқатар іс-шараларды қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайында айтып берді. Мәлімдеуінше, орталықтың теолог мамандары деструктивті діни ағым өкілдерімен 662 іс-шара өткізіпті. 11 айдың қорытындысы бойынша жат ағым өкілдерінің арасынан жалпы саны 99 адам қазақстандық қоғамның құндылықтарына бейімделіп, 40 адам дәстүрлі дінге қайтарылыпты.

–Дін саласындағы заңсыз материалдары бар контентті анықтау мақсатында интернет-ресурстарға мониторинг жүргізу барысында 3357 материал анықталып, Кибер қадағалау жүйесіне енгізілді. Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды облыс мектептерінде 108 оқушы сақтамай, діни атрибутикасы бар киімдер киіп келіп жүрді. Осыған орай, орталық бұл оқушылардың ата-аналарымен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 24 оқушы хиджабтарын шешіп, мектеп формасын киюге көшті. Бұл оқушылардың 2-еуі Атбасар, 7-еуі Целиноград аудандарынан болса, 7-еуі Көкшетау, 8-і Қосшы қалаларынан. Орталық 2023 жылы құрылған жылдық жоспарға сәйкес өз жұмыстарын осы бағытта сапалы жүргізіп келеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілуде. Алдағы уақытта сол тұжырымдама бойынша жұмыс істейтін боламыз, – деді Болат Нығметжанұлы.

Журналистер брифинг барысында діни жат ағымдарды ұстанып жүрген отбасылар мен жастар қауымына қатысты бірқатар өзекті сауалдар қойып, ұлтымызға жат діндерді насихаттаушыларға, әсіресе, әлеуметтік желідегі діни парақшаларға бақылауды күшейтіп, жауапкершілікке тарту тәртібін қатаңдату туралы ұсыныстарын жолдады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар