Мәдениет саласының майталманы

Тектілік атадан-балаға қанмен берілетін қасиет десек, «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген де анық. Өнегелі отбасында дүние есігін ашқан адам тәрбиеге уызынан жариды, әкенің қанымен, ананың сүтімен адами абзал қасиеттерді сүйегіне сіңіріп, ізгілікті бойына дарытып өседі. Иә, адамды абзал атына сай ететін де, өмірін өнегемен өрнектейтін де оның мінезі мен адал еңбегі ғой. Осындай көркем мінезді, жаны таза, еңбегі ағадал бір адам болса, ол әрине, Қазима Құрманғалиқызы дер едік біз нық сеніммен.

Қазима Құрманғалиқызы қырық жылға жуық ғұмырын мәдениет саласына арнаған жан. Соның ішінде 35 жыл өмірі облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайымен тікелей сабақтас. Өз басым Қазима  апаны осыдан жиырма жыл бұрын алғашқы рет сол «Көкшетау» мәдениет сарайында жолықтырғанмын. Редакцияның арнайы тапсырмасымен мәдениет ошағында болып жатқан іс-шарадан репортаж жазуға барған болатынмын. Мәдениет үйінің табалдырығын енді аттай бергенімде есімімді атап, алдымнан «ботам» деп қарсы алғаны күні бүгінгідей есімде. Ақ шуақты нұрлы жүзі жылылыққа, сөз жеткізгісіз мейірімге тұнып тұрды. Қалың қалаға арман қуып келген, ауылдағы ата-анасын сағынып жүрген бала үшін «ботам» деген бір ауыз сөздің астарында-ақ, қара шаңырақтың ып-ыстық қуаты тұнып тұрғандай еді. Жақын адамымды жолықтырғандай апайға бір көргеннен бауыр басып кеттім. Шынымен де, кей сәтте адамды бір көргеннен-ақ, жақын тартып кететінің болады ғой. Іштей таңданысымның болғанын да жасырмаймын. Себебі, сол жылдары газет редакциясына орналасқанымызға санаулы ғана уақыт болған еді. Бірақ, апай, газет-журналды үзбей оқитын көзі қарақты, көкірегі ояу оқырманымыздың қатарынан екен. Өңіріміздегі зиялы қауымды, оның ішінде ақын-жазушылардың, журналистердің барлығын танитынын кейін білдім. Апай біріне ағам деп құрмет көрсетсе, бірін бауырым дейтін, ал енді біз секілді жас буынды «ботам» деп еркелетіп, сіңлісіндей көретін.

Бұл кездесу балаң жүрегімде жатталып қалғанымен, бұдан кейін біз апаймен әртүрлі іс-шараларда жиі жолығатын болдық. Себебі, Қазима апай ол кезде біз жоғарыда атап өткен «Көкшетау» мәдениет сарайының әкімшілігін басқаратын. Бұл –  лауазымды қызмет қой, дегенмен де, қызмет деген бүгін бар, ертең жоқ өмірдің бір өтпелі белесі ғана. Қандай қызмет атқарсаңыз да, кішілік пен кісіліктен асқан биік жоқ-ау, сірә! Ол кісі дәл мен үшін сол мекеменің әкімшілігін басқаратын басшы ғана емес, бір тұтас мәдениет саласының бір мәйегіндей көрінетін маған. Себебі, ол кісінің жүріс-тұрысы, адамдармен қарым-қатынасы, сөйлеу мәнері, киім киісі, тіпті, жарқырап тұратын әшекейіне дейін бойындағы жақсы қасиеттерін, көркем мінезін жасындай жарқыратып көрсетіп тұрғандай көрінетін де тұратын. Мәдениет саласындағы адам қандай болуы керек десе, мен бірден ойланбастан Қазима апамды айтар едім.  Сөйлеу мәнерінің өзі қандай! Жылы жүзіне күннің өзі қызыққандай! Тән сұлулығы мен жан сұлулығы өзара үйлесімін тапқан адамға әрине қандай мақтау айтсаңыз да артық емес. Біздіңше, адамның бойындағы осындай ғажап гармония алдымен жүрек тазалығынан.

Таяуда редакциямыздағы аға-апалардан естідім, санаулы күндерден кейін Қазима апайымыз мерейлі 80 жасқа толады екен. Осы мерейлі биігі қарсаңында бар ғұмырын мәдениет саласымен сабақтастырған, майталман маман Қазима Құрманғалиқызының ғұмыр жолына біз де тағы бір мәрте көз жүгіртіп, бойлай түссек дедік. Апай туралы жазылған мақала да, ол кісіге арналған өлеңдер де көп. Біз апайдың ғұмыр жолымен жақынырақ таныспақ ниетте солардың басым көпшілігін оқып, шолып шықтық. Сәл сырқаттанып жүргенімнен кейін, жолығып сұхбаттасуымыздың сәті келмеді. Әйтпеген күнде апайдың өзімен жолықсақ, жарасымды әңгіме құрып, тағылымға толы естеліктерімен де бөлісері анық еді. Осындай себептерге байланысты қолда бар деректерді, көңілге түйген жайттарды саралап отырып, мақала жазып отырмыз. Сол өлеңдер мен естеліктердің арасында қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Қажыбаевтың «Қазима» деп аталатын арнау өлеңі де бар екен. Сол бір өлеңде:

Жақсы күннен жаралғандай, Қазима,
Ақ шуақтан нәр алғандай, Қазима.
Келбетіңе қараған жан тояттар,
Дидарың бар ақ армандай, Қазима.

***

Русланды жарым деген, Қазима,
Жарым менің – арым деген, Қазима.
Ұрпағыммен тамыр жайған емендей,
Сол ұрпақты бағым деген Қазима, –

деп өрілсе, Қазақстан Республикасының экология, Ресей тау-кен ғылымдары академияларының академигі, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Маржан Нұрпейісова апайымыз былайша өлеңмен өз ойын сабақтайды.

Сал-серісі бүгінгінің Қазекең,
Тұла бойы тұнған сұлу наз екен.
Көкшетауда дәл өзіңе тең келер,
Қарындасы Біржан салдың бар ма екен?!.

Паһ, шіркін?! Неткен теңеу, неткен әділ баға еді! Қолымыздағы сағыныш тұнған, сарытап болған газет қиындылары мен қолжазбаларды ақтара отырып, апайдың өзі туралы жазған «Тегімді менің сұрасаң…» деп аталатын мақаланы оқи отырып, тәлімнің бәрі ұядан көрген тәрбиеден бастау алатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Қазима апайымыз Біржан сал ауданының Құдықағаш ауылында дүниеге келген. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, береке мен бірлік тұнған сол ауылда, өнегелі отбасында  өмірге келген Қазима апайдың  тегін жан емес екендігі де анық.               – Мені ата-анам «сарым, барым», «жұлдызым-құндызым» деп еркелететін. Анамның сүт суалтар кенжесі едім. Балалық шағым бақытқа толы болды. Әкеміз көкірегі ояу, зердесі биік, көңілге тоқығаны көп адам болатын. Арабша мүдірмей оқып, жаза білетін, қолынан құраны түспей, бізге оқығанын қазақшаға аударып, үйреніңдер деп отыратын.  Әкем он саусағынан өнер тамған шебер, көркем мінезді әрі өте биязы, мәдениетті адам болатын еді.  Қатты дауыс көтергенін естіген емеспін, тек қана жылы көзқараспен тәрбиелейтін.  Ел сыйлап, «Құрекең» деп атайтын ол кісіні.  Ал, анам Шайза өте кірпияз, таза, қонақжай, қолы ашық адам еді. Ауылға алыстан қонақ келсе, «Құрекеңнің үйі жайлы сонда апарыңдар» дейді екен үлкендер. Балалық шағымда біздің үйге жиі қонақ келетіні есімде қалыпты. Анамыз үй шаруасына бізді жастайымыздан бейімдеді. Ұқыптылықты, тазалықты анамыздан үйрендік. Қолы епсекті, шебер адам болатын. Кез-келген құрақты іс қылатын, көрпелердің сан түрін, тіпті алаша, текемет, бітпес басып, оларды ою-өрнектетіп, көздің жауын алатындай әдемі етіп әшекеймен әспеттетейтін… Біз атадан үшеуміз. Уәли ағам, тетелес апам Дина және мен. Уәли ағам мен Сартай жеңгеміз бұрынғының салтымен бізді алақанына салып, еркем деп еркелетіп өсірді, – деп жазыпты апай балалық шағын еске алып бір естелігінде.

Иә, ерке өскен қыз  баланың бойында тектілік пен өзіне жарасымды бір тентектік болады. Тентектік дегеніміз басбұзарлық асау мінез емес. Жауға намысын алдырмайтын жігер, бекем қайрат, асау желге ырық бермес еркіндік деген сөз! Осы бір екі қасиет ғұмыр бойы адалдықтың ақ туын жықпауына мол септігін тигізіп келе жатқандығы анық. Біз Қазима апамыздың бойынан дәл осындай екі қасиетті байқаймыз. Ол кісі реті келсе, шындықтан тайсалмайтын өткірлігімен де, ақылына сүйенген көрегенділігімен де, көптің көңілінен шыға білетін жайдарлы бұла мінезімен де өз ортасына сыйлы болып жүрген абзал жан.

Қалай дегенмен де, өзі өнегелі отбасында тәрбиеленген қыз бала өз шаңырағының шамын жаққанда да сол үдеден шығуға тырысатыны бар.  Себебі, оның жүрегінде «ата-анама кір келтірмесем екен» деген бір ауыз сөз тұратыны және ақиқат. Қазима апа да ұядан ұшқан сәттен осы бір сөзді ойынан әсте шығармаған. Тағдыр жолында Руслан Өміралин есімді азаматты кездесіп, шаңырақ көтеріп, инабатты келін, аяулы ана, асыл әже атанды.

–  Қайын атам Өміралин Мұхамәди мен қайын енем Зәйда Қойлыбаева Степняк қаласына сыйлы адамдар еді. Екеуі де лауазымды қызмет атқарған, Степняк қаласының құрметті азаматтары болған жандар. Жан жарым Руслан Целиноградта, Аршалы, Есіл, Жарқайың, Рузаев аудандарының құрылыс саласында абыройлы еңбек етті.  Көптеген лауазымды қызметтерді атқарып, ел алғысына бөленді. Үш ұл, бір қыздың ата-анасы атанып, бақытты ғұмыр кештік. Жолдасым 2004 жылы дүниеден өтті. Қазіргі таңда балалар мен немерелерімнің ортасында солардың қызығына ортақтасып, тілекші болып, Алланың рұқсатымен жасап келемін. Менің өмірім Құдықағашым мен Көкшетауымның алақанында ғой, – дейді апай.

Иә, әйел азаматшаның қызметте абырой биігінен көрінуі алдымен отбасындағы ахуалына тікелей байланысты. Мұндайда жаныңды ұғар жан жарың болса, зор бақыт. Әсіресе, мәдениет саласында еңбек ететін жандардың қызметі белгіленген жұмыс уақытына бағына бермейтіні бар. Әрбір концерттің, мәдени іс-шаралардың басы-қасында жүріп, оның ойдағыдай өтуіне ат салысып, келген қонақтарды қазақы дәстүрмен қарсы алып, әрбір әртіске, өнер иесіне  шынайы жанашырлық, қамқорлық көрсету зор жауапкершілікті, еселі еңбекті талап етеді.  Күні бүгінге дейін апаймен  бірге жұмыс істеген  әріптестері Қазима Құрманғалиқызының қамқорлығын, аналық ақ пейілін, мейірімін, жанашырлығын жыр қылып айтады.

Шынымен де,  жүрегі таза адамның өмірі де шынайылыққа толы болатынын Қазима апамыздың ғұмыр жолынан-ақ аңғаруға болады. Расында, «Менің өмірім Көкшетауымның алақанында ғой» деп жазыпты бір естелігінде. Сол өзі меңзеген  ғұмыр жолы айнадай, тап-таза.  Арамызда адалдықты ту ғып ұстаған жаны жаздай жайдары, рухы биік, арлы да әрлі қазақы қалпымен талайға үлгі-өнеге болған осындай аға буын апаларымыздың бары қандай керемет! Жасай беріңіз, айналаңызға жаншуағыңызды әлі де төге беріңіз, жақсы апа!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар