Әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын іске асыру қорытындылары қаралды.
Онда облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин және құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Азамат Байқуанышев баяндама жасады. Ш.Оразалиннің айтуынша, «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 4 негізгі бағыттан тұрады, 15 көрсеткішті қамтиды. Облысқа 3 бағытты іске асыру және 10 көрсеткішке қол жеткізу жүктелген. Оның ішінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасы, орта білім беру сапасы, қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік білім берумен қамту мәселелері бар.
А.Байқуанышевтің айтуынша, «Жайлы мектеп» жобасы аясында өңірде 2023-2024 жылдары жобалық қуаты 12 200 орындық 9 мектеп, оның ішінде Целиноград ауданында 7 және Көкшетауда 2 мектеп, ал, 2024-2025 жылдары қуаты 10 400 орындық 9 мектеп салу жоспарланған. Ұлттық жобаны іске асырудың бірыңғай операторы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ болып табылады.
Талқылау барысында депутаттар жоспарланған жобаларды іске асыру мәселелеріне, жүргізілетін жұмыстардың мерзімдері мен сапасына назар аударды. Жыл сайын оқушылар саны азаятын аудандардағы бірқатар колледждердің, атап айтқанда, ветеринария саласында мамандар даярлайтын Қатаркөл колледжінің тағдыры алаңдатады. Техникалық бейіндегі мамандардың тапшылығына байланысты депутаттардың пікірінше, жергілікті деңгейде колледж түлектерін кәсіпорындар мен мекемелерге бекіту жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Мәслихат төрағасы Б.Жүсіповтің пікірінше, мектеп құрылысын жоспарлау кезінде балалардың туу деңгейінің өсуін, елді мекендердің даму перспективаларын және басқа аспектілерді мұқият есептеу және талдау қажет, сонда жаңа нысандар бос қалмай, мақсатына сай қызмет етеді.
Отырысты қорытындылай келе, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы А.Балташева спикерлерге алғысын білдіріп, жыл бойы депутаттық корпус білім беру жүйесін дамыту мәселелерін бірнеше рет қарағанын, ведомство басшылығы басқаларға қарағанда жиі тыңдауға шақырылғанын атап өтті. Бұл туындаған проблемалық мәселелерді бірлесіп шешу үшін қажет.
Қарлыға МҰХАТАЕВА,
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз хатшысы.