Қоғамға пайдалы болу – депутаттық қызметтің айнымас қағидаттары

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы мәслихатының депутаты, әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы Айнагүл Балташева өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы депутаттық корпустың рөліне тоқталды.

Брифинг барысында  халық қалаулысы облыс аумағында депутаттық корпустың жыл бойы атқарған жұмыстары жөнінде баяндай келе:

−Халықтың Парламенттен бастап аудандық, қалалық мәслихаттарға дейінгі барлық деңгейдегі депутаттарға артқан үміті бұрынғыдан да әлдеқайда жоғары деп ойлаймын.Мұны біз сайлау науқаны кезінде округ бойынша жұмыс істеп, халықпен кездескен кезде сезіндік.Жалпы,депутаттар мен билік өкілдерінің арасындағы сындарлы диалог барысында ғана облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін мәселелер талқылана отырып,оң шешім табуы тиіс. Әрине, ең басты міндет − халықтың мүддесін қорғап, өтініш-тілектерін орындау. Алайда, бәрі де біз қалағандай бола бермейді. Бір жерде заңнама мүмкіндік бермесе, бір жерде бюджеттен ақша жетіспейді, бірақ, біз ең өзекті деген мәселелерді бақылауда ұстап, мүмкіндігімізше шешіп отырдық,−деді өз сөзінде Айнагүл Балташева.

Әлеуметтік сала проблемаларын шешу көбінесе, қаржыландыру көлемімен байланысты болғандықтан, тұрақты комиссия мүшелері бюджетті қалыптастыру мен орындаудың барлық мәселелерін талқылауға белсене қатысады.Ағымдағы жылы осы саланы қаржыландыру үлесі облыс бюджетінің жартысын құрады.  Оның басым бөлігі білім беру саласына тиесілі.

−Комиссия денсаулық сақтау,  білім беру, мәдениет, спорт, мүгедектігі бар жандарға әлеуметтік көмек көрсетумәселелеріне ерекше назар аударады. Жыл бойы комиссия мүшелері аудандық, қалалық және облыстық деңгейлерде білім беру сапасы, мектептердің, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жеткілікті материалдық-техникалық базасын құру, денсаулық сақтау қызметтерінің қолжетімділігі, жүргізілетін жөндеулер мен әлеуметтік объектілер құрылысының тиімділігі сияқты маңызды мәселелерді көтерді.Тұрғындардың сұрақтарыныңбасым бөлігі денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларына қатысты болды. Кейбір себептерге байланысты  мәселелердің  шешілмегендері де бар,−деп толықтырды өз сөзін Айнагүл Балташева.

Сонымен бірге, брифинг алаңында келесі жылы облыстық бюджетте әлеуметтік саланы қаржыландыру үлесі 57 пайызды құрайтынын, бұл 330 миллиард теңгеден сәл асатыны атап өтілді. Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, халық қалаулылары өңірдегі бірқатар өзекті мәселелерді шешуге көмектескен, бірақ, нормативтік-құқықтық деңгейде шешілуі қажет мәселелер әлі де аз емес. Осындай толып жатқан мәселелердің бірі – Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының кредиторлық берешегі. Аурухананың коммуналдық қызметтерге, дәрі-дәрмекке, жанар-жағармайға және салыққа берешегі 500 миллион теңгеден асып отыр, Бүгінде бұл мәселе депутаттардың бақылауында.Бүгінгі таңда мемлекетіміз жан-жақты дамуы үшін депутаттардың стратегиялық міндеттерді шешуге, жалпы маңызы бар өңірлік проблемалардың жүйелі шешімін іздеуге, өздерінің сайлауалды бағдарламасын дәйекті орындауға бағытталған жеке және саяси жауапкершілігі елдің дамуына кедергі келтіретін пайдакүнемдік мақсаттардан басым болуы керек. Өйткені, елдің экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерін жақсарту көбіне депутаттардың халықпен тығыз қарым-қатынасына байланысты.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар