Сөзден іске көшетін уақыт келді. Көкшетауда жылу электр станциясы салынады

Мемлекет басшысы жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жүргізуді тапсырғанын білеміз. Осы орайда, 25 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей үш жылу электр станциясын салу туралы келісімге қол қойғаны белгілі болды. Белгіленген орындардың қатарында Көкшетау, Семей және Өскемен қалалары бар.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса айтқанындай, жылу электр орталығының салынуы энергия тапшылығын толығымен жауып, облыс орталығын одан әрі дамытуға және жергілікті экономиканы жақсартуға септігін тигізеді.ЖЭО қондырғылары электр энергиясын өндіруге қабілетті қуатты генераторлармен жабдықталатын және жылуы сыртқы көздерден жылуы оқшауланатын болады.

– Үлкен құрылыс мүмкін емес, өйткені, жылу тапшылығы болады. Сағатына 520 Гкалмен есептелген ЖЭО құрылысы тапшылықты жояды. Автономды генерациямен жұмыс істейтін басқа да қалалық жылумен қамту нысандары іске қосылады, – дейді қала әкімі. ЖЭО энергия мен жылуды қамтамасыз ете алатын ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырылады. Бұл жұмыс орындарын құруға, экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жылу электр орталығын салу үшін жергілікті ресурстар мен жұмыс күшін пайдалану қажет, бұл жергілікті экономиканың дамуына үлес қосады.

Брифинг барысында журналистер сұрақ қойды. Тұрғындар энергетикалық нысан құрылысын бақылауға ала ма деген сауалға, «Міндетті түрде! Бұл өте күрделі нысан. Бізде қоғамдық кеңес бар, осы салада қызмет еткен тәжірибелі мамандарымызды да тікелей тартамыз», – деп жауап берген әкімнің сөзін «Жылу электр орталығының құрылысы басталады, қалауын білдірген азаматтардың арасынан қалалық және облыстық деңгейде жұмыс топтарын құра аламыз. Біз мемлекеттік орган ретінде бұған мүдделіміз, өйткені, алдағы уақытта жылу электр орталығының игілігін көреміз» деп Ақмола облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев та қолдады.

Берілген мәліметке сүйенсек, түзетулер қазірдің өзінде аяқталды. Бұл алып жобаның облыс орталығы үшін құны бүгінде 380 миллиард теңгені құрайды. Сондай-ақ, Данияр Қуанышбаев айтып өткеніндей,алдағы уақытта Көкшетауда газ құбыры пайда болған кезде жылу электр орталығы газбен жұмыс істей алады. Алғашында көмір қазандықтарын пайдалану қажет болғанымен, бұл қала экологиясына зиян тигізбейді, өйткені, ЖЭО заманауи жапондық және ресейлік фильтрациялық технологиялармен жабдықталады.

Ал, жылуэлектрорталығында тарифтердікімбелгілейді?Көкшетау қаласының әкімі қазіргі тарифтердің ең арзан екенін және шығындардыөтей алмайтынын, сол себепті,қаланы абаттандыруға жұмсалуы мүмкін бюджет қаражаты жылумен қамтуға жұмсалып жатқанын атап өтті.

– Жылу электр орталығы салынуымен тарифтер көтеріледі. Өйткені, бұл қайтарылуы қажет инвесторлар үшін миллиардтаған доллар шығындар. Инвестор келеді, ақша салады және ол бұл ақшаны қайтарып алуы керек. Бірақ, тарифті қорғауда сіздер бен біздер қатысамыз және оның жоғары көтерілмеуіне тырысамыз. Біз сіздермен осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деп сендірді Бауыржан Ғайса.

ЖЭО станциялары сенімді инфрақұрылымы мен апаттық резервтік мүмкіндіктерінің арқасында үздіксіз электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етуге қабілетті екенін атап өткен жөн. Бұл әсіресе, ауа райының қолайсыздығы немесе басқа электр станцияларында орын алып қалатын апаттар сияқты қиын жағдайларда маңызды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар