Жыл үздіктері анықталды

Зеренді ауданында өңір мәдениетінің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан мәдени қызметкерлердің жетістіктерін ұлықтайтын «Жыл үздігі – 2023» облыстық байқауының марапаттау рәсімі болып өтті. Игі дәстүрге айналған айтулы мәдениет мерекесі Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы мәдениет саласы қызметкерлері арасында өткізген облыстық байқаудың мақсаты – клубтық мәдениет нысандарын дамыту, неғұрлым құзыретті және мақсатқа бағытталған клуб қызметкерлерін анықтау, оларға үздік тәжірибелерді таныстырып, тарату, кәсіби шеберліктерін шыңдау және шығармашылық бағытындағы мамандықтарға жастардың қызығушылықты арттыру.

Байқауға аудандық, қалалық, ауылдық мәдениет үйлерінің клубтық құрылымдарының өкілдері қатысты. Олар қазылар алқасына өз жобалары мен жетістіктерін ұсынып, мәдени-демалыс қызметін ұйымдастыру және шығармашылық ұжымдармен жұмыс жасау барысындағы кәсіби дағдыларын көрсетті.

Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова өзінің құттықтау сөзінде өңіріміздің мәдени өмірінің өрісін кеңейтіп, өнерінің дамуына зор үлес қосып жүргені үшін майталмандарға шынайы алғысын білдірді. Қай кезеңде, қай елде болмасын мәдениет пен өнер – халықтың рухани болмысының айнасы, бағдарлы болашағының бастауы екендігін атап өтіп, жиналған қауымға ақжарма тілектерін арнады.

Кәсіби шеберлік байқауының қорытындысына сай целиноградтық Райхан Үсенова «Үздік әдіскер» аталымына ие болды, ал, «Домбыра сазы» үйірмесінің жетекшісі Бірлік Менеев «Үздік үйірме жетекшісі» атанды. «Үздік креативті жоба» аталымы бойынша «Екі жұлдыз», «Әнші ауыл» бағдарламаларын ұсынған қорғалжындық Ерзат Смағұлов пен бурабайлық Әйгерім Тастанова жеңімпаздар қатарынан көрінсе, көкшетаулық Ақмарал Елубаева «Үздік ұйымдастырушы» аталымына лайықты деп танылды. Егіндікөл ауданынан қатысқан Райхан Аманкелдінің «Сазды әуен» фольклорлық ансамблі «Үздік фольклорлық ұжым»  атанды, ал «Үздік хореографиялық ұжым» аталымына Аршалы ауданының Виталий Бакшеев жетекшілік ететін «Мираж» халықтық ансамблі ие болды. «Үздік вокалдық топ» аталымымен ақкөлдік Гүлмира Работягова жетекшілік ететін «Элегия» халықтық вокалдық ансамблі марапатталды.

Облысымыздың клубтық мәдениет нысандарында жүргізілген жөндеу жұмыстары, демеушілер мен меценаттардың көмегі, материалдық-техникалық базаны нығайту, ақылы қызмет көрсету, мәдени шараларға қатысу белсенділіктері ескеріле келе, Зеренді,  Аршалы, Атбасар, Целиноград аудандарының мәдениет үйлері мен Степногорск қаласының «Горняк» мәдениет сарайы үздіктер сапынан көрінді.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасып, аудандардан келген өнерпаздар жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлап, қошеметке бөленді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар