Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Антқа адалдық сын сағатта сыналды - АРҚА АЖАРЫ

Антқа адалдық сын сағатта сыналды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде (3 қаңтар 2024 жыл)  жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбатынан оқығаннан кейін 2022 жылғы қаңтар оқиғасын  қайра бір ой елегінен өткіздік. Мұндағы ниет: енді қайра Тәуелсіздігімізге қауіп төнбесе екен!

Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық алдындағы парызым! Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін!

 (Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Республикасының
сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөзінен.  12 маусым 2019 жыл).

 Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан, осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін.

 (Қасым-Жомарт Тоқаев «Біз озық ойлы ұлт ретінде
тек қана алға қарауымыз керек» «Egemen Qazaqstan»  газетіне сұхбатынан. 3 қаңтар 2024 жыл).

 Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері,
Сенаторлар кеңесінің мүшесі

 Әлқисса… Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған  «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбаты бізді өткенге… әсіресе, қазақстандық қоғамды әлі күнге шейін толғандырып келе жатқан және де жаныңды сыздатар Қаңтар оқиғасына қайра бір оралып, ой толғауға жетеледі.

Өйткені, Қазақ елін дүрбелеңге салып, ел ішінде үрей туғызған және әлем жұртшылығының назарын аударған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік тағдырына, ел мен халықтың тағдырына тәуелсіздіктің отыз жылынан кейін  төнген қауіп бізді де әлі ойландыра беретіні бар.

Тіпті қазір де қазақстандық қоғамды «Қаңтар оқиғасының» елесі кезіп жүргендігінің  алаңдатары және де жасырын емес. Тәуелсіздік тағдырын саудаға салуға бола ма екен?

Тура екі жыл өткен Қасіретті қаңтар  оқиғасына орай тілшінің «Сіз қазір қалай сипаттар едіңіз? Оның басты себебі неде және оған не түрткі болды деп ойлайсыз?»,–деген  сұрағына берген жауабында Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасі­ретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-эко­но­­микалық проблемалар, жалпы тоқы­раудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт, – деп жауап бергені Қаңтар оқиғасының туындауының басты себебін нақтылы анықтап беріп отыр.

Және де Президентіміздің «Әлі де жиі ойланамын!» деуі  тумысынан гуманист және әлемдік саясаттың белді өкілінің бірі Қасым-Жомарт Тоқаев үшін сол қаңтар оқиғасы кезінде қатаң шара қолдануға баруы да оңай болмағандығын, қаңтар оқиғасы әлі де   жанын ауыртып, жүрегін сыздатар жай екендігін ұғындыра түседі.

Тәуелсіздігіміздің тағдыры оққа байланып, былайша айтқанда өлім мен өмір бетпе-бет арбасып тұрған сәтте, бандиттер мен террористердің алдын ала терең әрі жан-жақты ойластырылған заңсыз әрекеттеріне тойтарыс беруді қамтамасыз ету үшін Тоқаевтың  батыл шешім жасауын өз Антына адалдығы деп бағалаймыз.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол бір қаңтардың қасіретті де сындарлы кезеңінде Ақорданы апталап, күні-түні бір тастамай, елдегі жағдайды өз бақылауында ұстап, батыл шешімдер қабылдап жатты.

Дүние мәңгілік емес, сол дүниенің өзінде мәңгілік те ешнәрсе  жоқ және  болмасы да анық. Әлемдегі ең биік шыңның да ұшар басы бар… әлемдегі ең терең мұхиттың да түбі бар… әлемдегі ең ұзын өзеннің де ағып барып, жылымшылап  таусылатын тұсы бар. Әйтеуір бәрі де таусылатын, бәрі де бір бітетін дүние. Мәңгілік емес дүние…

Мәңгілік емес сол дүниедегі адам баласының ғұмыры да  мәңгілік емес… Мәңгілік ғұмыр болмаса, мәңгілік байлықтың да, мәңгілік биліктің  де болмасы анық.

Ешқашан  мәңгілік бола алмайтын дүние тіршілігіндегі сол ғұмырын мәңгілік билігімен барынша жалғастырып, барынша ұзарта  түсудің  қаншалықты амалдары мен әрекеттерін жасап бақса да, 2019 жылдың 19 наурызында 19.00 сағатта   Қазақстанды 30 жыл басқарған 78 жастағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәлімдеме жасады.

–Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес,– деді Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде.

Әрине, мұның оңай шешім болмағаны анық екендігін баршамыз сол естіген сәтте-ақ  ұққандай болдық.  Ұзақ… тіпті  тым ұзақ жылдар бойы Қазақстанды бір өзі, бір өзі емес-ау барлық үрім-бұтағымен, өз әулетімен, өз сыбайластарымен бірге билеп-төстеп келген Назарбаев үшін және оның билік жүйесі үшін алда не күтіп тұрғанын болжау әрине, сол сәтте оңай да әрі мүмкін де емес-ті.

2019 жылдың 19 наурызындағы сағат 19.00-де жасаған сол мәлімдемесінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан билігіндегі отыз жылғы кезеңі әлі аяқталмағандығын және де аяқталмайтындығын тағы да өзі мәлімдеп, тағы да өзі нықтап та,  нақтылап та  жалпақ елге жайып салды.

Өзінің осы мәлімдемесінде Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Нұр Отан» (қазіргі «АMANAT»)  партиясының жетекшісі және Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып қала беретіндігін  де жария етіп:

–Өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді,–деп биліктің бір тармағы өзінің қолында болатындығын өзі шешіп, өзі кесіп-пішіп, осылайша ашып айтты.

Алайда,  «халықтың өзімен бірге болғысы келе ме, келмей ме? дегенді  осы арада Нұрсұлтан Назарбаев  ешкімнен де сұрамады.

Өйткені, тап сол билік ауысар тұста халықтың сол кездегі билікке деген ашу-ызалары кернеп, кектері күйіп тұрған-ды. Назарбаев өзіне және өзінің билігіне деген наразылықтың шамадан тыс күн сайын өршіп келе жатқандығын да білмегенсіді,  халқының наразылығын елемеді.

Тәуелсіз Қазақстанның сол кездегі Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  2019 жылдың 19 наурызында 19.00 сағаттағы өз мәлімдемесінде 2020 жылы өтуі тиіс сайлауға дейін уақытша президент қызметін Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты.

Сөз арасында «Тоқаевтың бірнеше тіл білетіндігін және адал әрі жауапкершілігі жоғары адам, ол  Қазақстанды басқаруға лайықты азамат» екендігін де атамай кете алмады.

–Өздеріңізбен бірге боламын!– деген Назарбаевтың осы бір ауыз сөзі халықтың ашуы мен ызасын, наразылығын  одан әрі ушықтыра түскені де анық еді.

«Шал кет!» деп біресе ұрандаған, «шал кет!» деп біресе улап-шулаған наразы  халық ірі-ірі қалалардың көшелеріне де дамылсыз шығып жатты. Елдің береке-бірлігі де кете бастады. Осы бір «шал кет» деген кекті сөз тіпті аға ұрпақ өкілдері мен жас буын өкілдері арасына жік түсіргендей болды.

«Шал кет!» деп ұрандаған топ әдбен ашынған жандар болатын. Сол кездің өзінде  халықтың Назарбаевтың «әлі де өздерімен бірге болғанын» ендігі арада  қаламайтындығын төреші  уақыт айқындай түскені бар-ды.

«Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші,  халықтың сол наразы топтары  қыстың  қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында, көктем мен күздің жауын-шашынына да қарамастан, Назарбаевтың және оның төңірегіндегілердің барлық билікті босатуларын «шал кет!» деген бір ауыз ызбарлы  сөздерімен  жеткізіп жатты.

«Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс»,– деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың («Egemen Qazaqstan» газеті. 3 қаңтар 2024 жыл) осы бір ауыз сөзі Қаңтар оқиғасының әрдайым және де әр кезең ұрпақтарының жадында жүрер басты сабағы болса етті.

Әлқисса… сол кезде халықтың өз ыза-кектерін де, жан ашуларын да Қазақстан қалаларының көшелеріне шығып, лықсытып сыртқа шығарып жатқандықтары да  орынды емес деп айта да алмас едік. Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі қарапайым халықтың өзі елді отыз жыл билеген Назарбаев билігінің түбі жақсылыққа апармайтындығын бұған дейін де, біраздан бері, тіпті Назарбаевтың өзі билік басында отырған  кезінде,  бұрын да  ашық айтып та келген болатын.

Қазақ қоғамындағы наразылықтың барлығын да біліп, бәрін де көріп отырған сол кездегі билік өз халқының көңіл-күйін біліп отырса, онда сол наразылықтарды  неге ескермеді?! Өйткені, өз халқының мұң-мұқтажын, көз жастарын  ескермегені  сол отыз жылғы биліктің астамшылығы, мейманаларының әбден тасқандығы және  қарапайым халықты әбден басынғандықтан болған    жағдай еді.

Халық Қазақстанды  отыз жыл бойы билеп-төстегендердің өздеріне де, сөздеріне де сенуден қалған-ды. Бұл келіп халықтың болашаққа деген сенімін жойған болатын.  Бәлкім билік үшін өз халқының болашаққа деген сенімін жойып алуы – бұл ешқандай заңда көрсетілмеген және жазасы  да жоқ ауыр қылмыстың бір түрі  деп санаймыз.

Қолдағы мемлекеттің билігін тұтастай  болмаса да, тек өз игіліктері үшін жарата білген отыз жылғы биліктің айналасын жайлаған жемқорлық пен заңсыздық,  сыбайластық пен таныс-тамырлық етек алғандығын айтып, билікке деген ашу-ызалары, тіпті кектері  кернеп көшелерге шыққан  халықты басу, сабасына түсіру  қоғамдық тәртіп сақшылары үшін сол кездері ең ауыр жұмыс болды.

Биліктің астамшылығы дегеніміз сол, көшеге шыққан халықты кәрі-жасына да, ол  бала ма, әйел ме, мүгедек пе  соған да қарамастан  сүйрелеп арнайы көліктермен алып кетіп жатты.

Бұл сүйрелеп апарып, темір тордың аржағына қамап  жатқандары да биліктің  өз халқы емес пе еді?! Отыз жыл ел билеген «кемеңгерлер» осыны ұқпады ма?!  Жоқ, ұға алмады. Ұққылары да келмеді.

Қолдағы зор билік пен зор көлемдегі ақша, одан қалды, есепсіз дүние мен қисапсыз байлықтан бастары айналған адамда туған халқын, айналасын ойлайтындай  ес болмайтындығын ұққандай болдық.

Жә… не де  болса, Назарбаев кландарының халықтың  Тоқаев  билігіне, Тоқаевқа деген халық наразылығы күшейе түссін, елдегі жағдай күн сайын ушыға түссін деген  пиғылдары билік ауысқан алғашқы сәттен  бастап  болғандығын да міне, енді  ұғына түскендейміз.

Біздің бұл ойымызды Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ашығын айтсам, осы жаңа бағдары­мыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады», – дегені  («Egemen Qazaqstan» газеті. 3 қаңтар 2024 жыл) қуаттай түсері бар.

Ескі билік пен жаңа биліктің арасында көзге көрінбейтін текетірес пен мылтықсыз майдан жүріп жатқандығын қалың ел толық білмесе де, әйтеуір, бір алакөзділік бар екендігін сол кездің өзінде-ақ сезіп те  отырған болатын.

Тіпті кей жағдайда президенттік мәртебесі жоқ болса  да, билігін адал ниет, адал көңілімен  «өз еркімен бергені» рас болса, Назарбаевтың қымсынбай, былайша айтқанда өркөкіректікпен іс басындағы ел Президенті Тоқаев қатысатын жиындарда жүруі, қауіпсіздік кеңесінің отырыстарын өзі өткізуі сияқты шаралардан көрген жұрт «елді басынып болды-ау! Кетсе біржола кетпей ме?», – дегенді ашу-ызамен күйініп, осыны айтып та жатты.

Қазақстан қалаларының көшелеріндегі «шал кет!» деген ұрандаған шерушілерді күшпен таратып, оларды қамауда ұстау және айыппұл салынуы іс басындағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанын ауыртып, жүрегін сыздатпады, билігіне сенімсіздік туғызбады, бетіне шіркеу болмады дейсіз бе?!

Қазақстанның бүкіл күштік құрылымын, соның ішінде Қарулы Күштерін, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетін, полициясын Қауіпсіздік Кеңесі арқылы өзі басқарып, өз уысында ұстап отырған Назарбаевтың көшедегі шерушілерді күштеп таратып отыру жөніндегі ұстанымына сол кезде Президент Тоқаевтың  қарсы тұруы және де қарсы шығуы  мүлдем мүмкін де емес еді. Бұл аса қауіпті болатын…

Жағдай осылайша ушыға түскендігіне және тағы да қайталап айтамыз Тоқаевтың беделіне  көлеңке,  абыройына дақ түссін, елге нұқсан келсін, орынтағы шайқала бастасын деген  зымиян әрекеттерге қарамастан, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 25 мамырында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қазақстанда бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілетінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы Заңды қабылдамай тұрып-ақ,  2019 жылдың 2 қыркүйегінде халыққа арнаған Жолдауында айтқан да болатын.

Бұл арада Президент Тоқаевтың  қазақстандық қоғамды  демократияландыруға деген шынайы ниеті болғандығын айтар едік те, соны жоққа шығара да алмас едік.   Осылайша, осы Заңды қабылдатып, оған қол қоюы арқылы  Қасым-Жомарт Тоқаев сол тұста Назарбаев басқарған Қауіпсіздік Кеңесінің аса қауіпті құрсауында отырса да, бейбіт шеру ұйымдастыруға заңмен рұқсат берді, шерушілерді қорғауға деген адал көңілінің бар екендігін айғақтап еді.

Бұл әлі де болса Назарбаев басқарып отырған Қауіпсіздік Кеңесінің бағынышында  қалып отырған күштік құрылымдардың көшелердегі шерушілерді күштеп, сүйрелеп  таратып жатқан кезінде Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың  өз халқына деген  шынайы жанашырлығын танытқаны еді деп ойламасқа өзге лажың да жоқ.

Президент өз халқын қолдаудың қолынан келген бар амалын осы заңға  Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы  жасады.

Бұл да болса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан көшелерге шығып, ашу-ызадан өртенген өз халқының жағдайына қарлығаштың қанатымен су сепкендей  болған адамдықтың амалы болатын. Алайда… осыған да, яғни, бейбіт шеру ұйымдастыруға заңмен рұқсат етілгендігіне де қарамастан, бейбіт шерушілерді ұстап әкету, кейбір азаматтарды аңду, негізсіз қамау тоқтамаған еді.

«Тоқаев! Бейбіт шеруге рұқсат берген жоқ па едің?! Мынау не бассыздық?!» деген бейбіт шерушілердің наразы үндері шығып та жатты сол кездері.

Назарбаевтың кландарына керегі де осы еді. Және де «Президент Тоқаев кім, біз кімбіз?» деген мұртынан күлушілік те байқалмай қалмады және тамырын тереңге жіберген Назарбаев төңірегіндегілер әлі де өздерінде күш те, ықпал да барын осылайша көрсетіп бақты және соны көрсетуге  барынша тырысып та жатты.

Осы арада Назарбаев кландарының Тоқаев билігіне деген халықтың наразылықтарын күшейтуге әрекет жасағандығы анық бола түседі де, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы бір күнде, бір ғана сәтте ғана бұрқ ете түскен жоқ деген түйін жасар едік.

«Бастапқыдағы бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке, өртеу мен қиратуға ұласқан қайғылы оқиғаларға бүкіл әлем куә болды. Кім бейбіт шеру­ге автомат, тапанша және суық қару ұс­тап барады?! Ниеті дұрыс адам әске­ри қызметшілерді ұрып-соғып, өлтіре ме, оларды тірі қалқан етіп, әкім­шілік ғимаратқа шабуыл жасай ма?!. Қаңтар оқиғасының себеп-салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ. Турасына көшсем, бұл халық көтерілісі болды деген пікірлер қыл­мыс­тық әрекеттерді ақтау үшін айтылу­да. Барып тұрған бұзақыларды ба­тыр­ға балап, жұртты арандататын әрі жауапкершіліктен жұрдай сыңар­жақ пайымдар қылмыстық психологияның қоғам санасына сіңуіне әкеп соқтырады. Мұндай әңгімелер – ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар. Бұл – өте қатерлі үрдіс. Сондықтан, осындай жүгенсіздікті сынға алу мәселесіне келгенде мемлекет пен қоғамның ұстанымы ортақ болуы керек. Мен бұған сенімдімін», – деп өз сұхбатында Президентіміз («Egemen Qazaqstan» газеті. 3 қаңтар 2024 жыл) Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын және қаңтар оқиғасын «халық көтерілісі болды» деген пікірлердің «ұлттық қауіпсіздікке және халықтың жаймашуақ өміріне қатер төндіретін жаппай тәртіпсіздікке шақырумен пара-пар өте қатерлі үрдіс» екендігін терең ойланып барып, ешбір әсірелеусіз айтып отыр. Болмаса Қасым-Жомарт Тоқаев өзін, одан қалды, өз билігін ақтау үшін айтып отырмағандығы тағы да анық.

Әлқисса… қазір күн құрғатпай, Алматының маңынан әр жерге жасырылған қару-жарақтар табылып жатқандығы жайлы хабар тарап тұрады. Бұл қайдан келген қару? Бұл қару-жарақ Алматының маңына неге жасырылды? Сол қару-жарақтарды кім жасырып жүр?

Міне, осы тектес сауалдар ойға оралады. Бұл жай бір қарапайым адамның қолынан келетін шаруа емес. Бұл кешегі Қаңтар оқиғасын алдын ала ұйымдастырушылардың болғандығын, солардың елдегі билікті басып алу ниеттері болғандығын айғақтай түседі.

Қару-жарақты Алматының маңына жасырып, кейін сол қару-жарақты таратып, Алматыда қанды қырғын ұйымдастырған топтар сол оқиға кезінде қаза болған адамдардың  шығынына да жауапты!

«Самолетің дайын, мін де кет! 20 мың содыр тұр!», – деп  Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов Ақордаға келіп, Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа оқ атпаса да, осы бір оқты сөзімен біздің Тәуелсіздігімізге  опасыздық жасап, оқ  атқанымен бірдей  әрекетке барған еді.

«Самолетің дайын, мін де кет! 20 мың содыр тұр!», – деп мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшысы Мәсімов осылай деп дікіңдеп, жан алқымға алып тұрған сәтте Қазақстанның Президенті болып отырған Қасым-Жомарт Тоқаев не істеуі керек еді, қандай амал жасауы керек еді?!

Қазақстанның Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Шымкент, Тараз қалаларында сол Қаңтар оқиғасы кезінде орын алған аса қауіпті жағдайларды саралайтын болсақ,  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Ұлттық қауіпсіздік шарты Ұйымының (ОДКБ) күштеріне де жүгінуіне толық негіз бар еді деп санаймыз.

Әйтпегенде… иә, әйтпегенде… террористерге әуелі қарудың күшімен тойтарыс берілмегенде және ОДКБ  күштерінің әскерлерін енгізбегенде  билік басына қайра келгісі келген назарбаевтық жүйені жақтайтындар мен оларға қарсы тұрар күштер арасында қақтығыс орын алатын еді де, Қазақстан бойынша азаматтық соғыс өртінің тұтанып кетуіне шақ қалған жағдай болды.

Осы бір қатерлі сәтте барлық қазақстандықтардың өміріне, құқы мен мүддесіне Конституция бойынша жауапты Қасым-Жомарт Тоқаев дайын тұрған самолетке мініп, шет елге қашып кетіп қалмағаннан кейін, ел ішіндегі бей-берекетсіздікті, қарулы қақтығысты тоқтату үшін шара қолдануға баруға Президенттің Конституция бойынша тікелей міндеті де болатын!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сол конституциялық міндетін орындады және сіз бен бізді қорғап қалды! Ең бастысы, Тәуелсіздікті құныққан жемқорлар мен заңды белшесінен басып өмір сүруге үйреніп те, соған әбден кәнігіп те алған, өз халқын кедейшілікпен әбден титықтатқан құлқынқұмарлар мен мансапқорлардан қорғап қалды!

Өйткені, Мемлекет басшысының пікірінше, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін деген ойының шет жағасы біздің қоғамда 2022 жылғы  Қаңтар айындағы оқиғадан-ақ көрініс бергені де анық.

Президент айтып келе жатқан  «аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігінің табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндірді. Бұл қоғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін» дегені келді де тұрды.

Біз Тәуелсіздігіміз өмір бойы тоймен өтетіндей күйде болдық. Қолында байлығы барлар несін айтасыз, айға қарай сырықпен секірмесе де, дүниені шайқап бақты. Жарайды өз тапқан малдары дейік. Бірақ, тым астамшылыққа бой алдырдық емес пе?

–Тәуелсіздікке опасыздық жасалғаны емей немене, Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті сол кездегі елде қалыптасып отырған жағдайды білмеді ме, білді, әрине!

Қару-жарақтың жиналған ортасын білмеді ме, тағы да біліп отырды! Елде бүлік шығуына солардың өздері ынталы болғаны да анық! Өйткені, оларға билікті өз қолдарына алу керек болды. Өйткені, оларға қалың қазақтың ояна бастағаны, жемқорлардың заңсыз әрекеттерін тыюға талап қоя бастағаны жақпады, қорықты!

Қара халықтың елді жемқорлық жайлап, биліктегілердің ойларына келгендерін істеп жатқандықтарын біле бастағандарынан қауіптенді! Заңды-заңсыз ие болған байлықтарын сақтап қалуды ойлады!

Және де Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз», «жемқорлық мемлекеттің болашағына балта шабатын кесел», «әлеуметтік теңсіздікті болдырмаймыз» деген сияқты халықтың ойы мен көкейінде жүрген сөздерді айтып, қоғамда әділдік пен адалдық орнату жолындағы қадамдарын да жақтырмағандар болмады емес, болды.
Міне, қара халықтың жағдайынан да, қара бастарының жағдайын ойлап кеткендер, Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа да әділетті Қазақстан құрамыз деген және ол идеясы барлық қазақстандықтардың көңілдерінен шығып, қолдауларына ие бола бастаған  харекетіне қарсы енді бір амал жасаулары керек еді.

Тоқаевқа қарсы топтар және де оның қолындағы президенттік билікті қайра алу үшін халықтың бейбіт наразылығын қарулы қақтығысқа ұластырудың және де елдегі жағдайды ушықтырудың жоспарын алдын ала жасамады деп кім айта алар?!

Осы бір аса қиын жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатқа тән салқынқандылық танытып, сабырын тауыспай, қорықпай, үрікпей, батылдықпен шешім қабылдап, не де болса, сол бір қиын да күрделі кезде Тәуелсіздікті сақтап, елді төнген қауіптен аман алып қалу және осы бір мақсат үшін  қатаң шараларға бару  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа  оңай  тимегендігі айдан  анық мәселе.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымында Қазақстан Республикасының сайланған   Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі:

– Антқа адал болу, сертке берік болу – менің халық  алдындағы парызым!    Қазақстанның жарқын болашағы үшін, халық үшін аянбай еңбек етуге серт беремін!», – деген анты мен сертіне адалдық танытты, сертіне беріктігін көрсетті деген пікірімізді батыл қоса айтар  едік!

Ақиқаты сол, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде өз Антын адал орындады, сертінде тұрды!

«Самолетің дайын, мін де кет! 20 мың содыр тұр!..»

Қазақстанның Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында тұрып, сатқындық жасап, осыны айтқан Кәрім Мәсімов кім еді?!

Бір ақиқат: осы Мәсімов  екі мәрте Үкімет басшысы болғанын  және  одан кейін  Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы лауазымын иеленіп, ұзақ отырып  алуын   халықтың әуелден ұнатпағаны да анық болатын.

Халықтың арасында «мұрт» деген лақап аты бар Мәсімов жайлы түрлі қауесеттер  сол кездің өзінде ел ауызында ашық айтылып та жүрді.  Алайда, халық жақтырмаған және ұнатпаған осы «мұртқа» Назарбаевтың неге соншалықты ықыласы ауып, неге осыншалықты пейілі түсті  екен?!

2016 жылдың 8 қыркүйегінде Кәрім Мәсімов еліміздің Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы болып тағайындалу  кезінде: «Нұрсұлтан Әбішұлы –  ұлы адам. Ол жайында «Елбасы көмекші көзімен» деп аталатын кітап жазамын!», – дегенін де естіген  едік.

Тағы да өмірбаян жолдарына зер салсақ, Кәрім Қажымқанұлы Мәсімов 2003-2006 жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі, Премьер-Министрдің орынбасары,  2007-2012  және 2014-2016 жылдары екі мәрте Қазақстанның  Үкіметін  басқарды.       Бұған қоса, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігіне жетекшілік еткендігін де білгеніміз абзал.

– 2007 жылы қаңтарда Нұрсұлтан Әбішұлы, мені алғаш рет Премьер-Министр етіп тағайындадыңыз», –  деген еді Кәрім Мәсімов 2011 жылы. – Сол кезде қандай қызметте болсам да, сіздің адал көмекшіңіз боламын деп уәде берген едім. Нұрсұлтан Әбішұлы, бүгін қайта айтқым келіп тұр: мен әлі де сіздің көмекшіңізбін, әлі де шәкіртіңізбін. Қазақстанды дамыту бойынша үлкен істерді жүзеге асыруға менің де қатысуыма мүмкіндік бергеніңізбен мақтанамын,– деп бір қайырса, 2014 жылдың 2 сәуірінде екінші қайтара Премьер-Министр болған Кәрім Мәсімов тағы да:

– Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Сіздің көмекшіңіз болдым, көмекшіңіз болып қала берем және барлық уақытта да Сіздің көмекшіңіз боламын», –  деп  өз иесіне адал болатындығын, адал болып қала беретіндігін осылайша бірнеше рет ашық түрде мәлімдегенін де қалың ел жақсы біледі.

«Мәсімов Қытайда кезінде жұмыс жасаған екен, сол елдің қолдап отырған адамы» және «Мәсімов шет елдердегі  Назарбаевтар отбасының елден заңсыз шығарылған қаржыларының есебін жүргізіп, соларды  шашау шығармай ұстап отырғандардың бірі» деп сол кездегі сол биліктегілердің төрт көздері түгел отырған кезінде айтылып та, жазылып та жатқан  жайларға неге жауап қайтарылмады?

Бұл үндемегендік… әлде «жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегеннің растығынан болды  ма?!

Назарбаев Мәсімовтен неге айырылмады? Әлде… «барлық уақытта да Сіздің көмекшіңіз боламын» деген  уәделі сөзіне сенді ме? Әлде Мәсімовке тәуелді болды ма?  Неге… неге?!..

Әлде… әйтеуір өзінің тағы үшін түптің-түбінде бір болар шайқастың қанды қолын Мәсімовке бастату үшін де жанынан бір елі шығармады ма екен?!

Әйтеуір не де болса, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов  Қаңтар оқиғасының басты ұйымдастырушыларының бірі және дем берушісі болғандығы әлі де анықтала түсер деген ойдамыз.

Не де болса және қалай да болса, «Мен сіздің шәкіртіңіз болып қала беремін» деп талай жиынның мәртебелі мінбесінен талай рет айтудан бір танбаған Мәсімов соңғы рет өз ұстазы Назарбаевтың соңғы үмітін ақтау үшін Тоқаевты тақтан тайдыру әрекетіне барғаны да  анық бола түседі.

Алайда,  Кәрім Мәсімов өз қызметінде жалғыз Назарбаевтың мүддесінен басқа, тағы да  қазақ елі және оның бұқара халқы бар, олардың да мүдделері бар екендігін  мүлдем ойына да алмады. Өйткені ол өз ғұмырында тек бір ғана адамның, Назарбаевтың ғана мүддесіне қызмет етуді өмірлік мұраты еткен-ді.

Назарбаевтың «өмір бойғы шәкірті» Кәрім Мәсімов бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мүлдем басқа ой мен ұстанымның, басқа мүдденің және де тап өздерінен  жаратылысы, білім-бітімі, тегі мен тәрбие алған отбасы мен оқыған ортасы  мүлдем бөлек және де  ар мен ұяттың адамы және халықшыл да ірі тұлға екендігін білмеген де, ескермеген де  еді осы жолы.

«Самолетің дайын, мін де кет!», – деп тұрды Мәсімов…

Тоқаев не істеуі керек еді сол сәтте?! Еліне, өз халқына, тәуелсіздікке қатер төнген сол сәтте Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің қара басының қамын ойламағаны да анық екендігін көңіл түйсігіміз  анық сезеді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол сәтте дайын тұрған самолетке мініп, елден кетіп қалса, ең әуелі өзіне зор үміт артқан әкесі Кемел Тоқаев пен анасы Тұрар Шабарбаеваның үмітін ақтамағандығы болар еді!  Ол әуелі осыны ойлады!

Және де ел басына күн туған сәтте елді тастап кетіп қалса, ең бастысы, өз  халқына жасаған опасыздығы мен сатқындық боларын кемел ойлы, арлы да ұятты жанымен, ақыл-парасатымен  айқын сезген еді.

«Сатқын», «опасыз» деген қара таңбаны Тоқаевтардың бар әулетінің сүйегіне түсіргенше,  өліп кеткенім артық деп ойлағаны да кәміл еді сол бір қысылтаяң шақта.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең әуелі өз халқының алдында,  одан  қалды, әлем жұртшылығы алдында масқара болғысы келмегені де анық еді.

Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлемдік аты бар, әлемдік дәрежесі бар,  әлемдік деңгейдегі абыройлы тұлға!

Біздің  кемеңгер халқымыз өз Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевты түсіне де білді және түсіне де отырып, қолдай да алады деген адал ойлы сенім үстінде отырмыз. Солай болғандықтан да,  қазіргі уақытта Мемлекет басшысына деген  өз халқының сенімі мен құрметі артқан сайын арта түсіп отырғанын да көріп отырмыз.

Адами қасиеті мол және де адал жанды Қасым-Жомарт Тоқаев ешқашан сатқындық жасай алмайтын жаратылысынан ақыл мен парасаттың адамы болатын.

Арды ойлайтын кез келді! Ел болудың жаңа бір кезеңіне, Жаңа да Әділетті Қазақстанды құруға кірісіп кеткен ­осы бір үмітті шағымызда әрқайсымыз ақыл-парасатқа жүгіне отырып, берекелі іс қылайық, елге және де желкілдеп өсіп келе жатқан ұлдарымыз бен қыздарымызға есті де жөн сөз айтайық! Берекелі, ынтымақшыл, еңбекқор ел болуды ойлайық!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар