Болашақ ұлт мүддесін ойлаудан басталады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында алдағы жылдардың стратегиялық бағдарын баяндап, ел халқын толғандырған бірқатар түйткілді, әбден қордаланып қалған әлеуметтік мәселелерге тоқталды. Өткенгебайланысты білдірген ашық пікірлері көптің ойынан шықты деп ойлаймын.

Жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің бас газетінде бірқатар өзекті сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап беріп, ел дамуының алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағыт-бағдарын баяндады.

Ел басшысы атап өткеніндей, соңғы жылдарда Қазақстанда аса маңызды саяси реформалар жүргізілді. Саяси институттар да нығайтылды, Парламентте кең өкілдік қамтамасыз етілді және азаматтардың құқықтарын қорғаудың пәрменді институты ретінде Конституциялық сот құрылып, өз жұмысын бастады. Ауыл әкімдерінен бастап, былтыр бірқатар аудан және қала әкімдерін халық өзі сайлады. Мәселен, біздің Ақмола облысында 5 ауданға 5 жаңа әкімді сол өңірдің тұрғындары өздері сайлап, таңдап алды.

Мемлекет басшысы 2019 жылдан бастап билікті өз қолына алғаннан бері еліміздегі саяси реформалар жүйелі түрде ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын сипатқа ие болып келеді. Себебі, ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналуда.

Жұртшылықтың алғашқы әсеріне қарап-ақ, қазақстандықтар сұхбатта айтылған ойларды толығымен қолдайды деуге толық негіз бар. Сонымен қатар, Президентіміз көптен бері көптің көкейінде жүрген қасіретті Қаңтар оқиғасының себебі мен оған не түрткі болғанына қатысты сауалға ашық әрі тура жауап беруі кім-кімнің де назарын аудартатын әрі ойландыратын жағдай. Тергеу нәтижелері мен осы оқиғадан бәріміз қандай сабақ алуымыз қажет екеніне де жан-жақты тоқталған.

Шын мәнінде, біз Мемлекет басшысының еліміздің заңдарына, ұлттық мүдде мен халық бірлігіне негізделген берік ұстанымы негізінде Қазақстанның жаңа тарихындағы ең шиеленісті кезеңді еңсере алдық деп ойлаймын. Елімізді тоқырауға ұшырататын мұндай оқиғалар енді ешқашан қайталанбауы керек. Оған елімізде Президентіміздің басшылығымен іске асырылып жатқан демократиялық өзгерістер басты кепіл болып отыр.

Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбатта экономикалық дамудың негізгі басымдықтарын да нақтылап айтты. Алдағы уақытта өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, экономиканың жаңа салаларын дамыту сапалы экономикалық өзгерістердің негізгі драйверлері болмақ. Еліміздің алдында 2029 жылға қарай экономика көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиард АҚШ долларына жеткізу міндеті тұр. Осыған орай, Парламент биыл Бюджет, Салық кодекстерін және басқа да қажетті заңдарды қабылдауды жоспарлап отыр.

Сұхбатта еліміздегі жылу-электр орталықтары мен коммуналдық шаруашылықтардың бүгінгі мүшкіл ахуалы да кеңінен қозғалды. Қыстың көзі қырауда, қытымыр аязда жылу мен энергия көзі жүйелерінің істен шығып, әуре-сарсаңға салғаны тұрғындарымызды әлі де толғандыруда. Осыған орай, Үкіметпен бірлесе отырып, Көкшетауда жылу-электр орталығын салу мәселесі пысықталуда. Ресей мен Қазақстан арасында ЖЭО салу туралы Меморандумға қол қойылып, қазір бұл мәселе Энергетика министрлігінің бақылауында ұсталуда.Орталықтың салынуы тұрғындарымызды ыстық сумен қамтамасыз етеді және электр энергиясын тұтынуды төмендетеді, әрі коммуналдық қызмет шығындарын азайтады. Бұл нысан экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан да маңызды.

2024 жылы еліміз өңірлік және халықаралық деңгейдегі бірқатар ықпалды ұйымдарға төрағалық етеді. Бұл – Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы жауапты және сенімді серіктес ретінде мойындалуының жарқын көрінісі болмақшы. Еліміз шетелден инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай қалыптастырады. Сонымен қатар, өзінің барлық халықаралық міндеттемелерін орындап, жаһандық және өңірлік проблемаларды шешуге ықпал ететіні анық.

Шетелдік серіктестер Қазақстандағы тұрақтылықты, сындарлы диалог пен ынтымақтастықты көздейтін бағыт-бағдарды жоғары бағалайды.

Мемлекет басшысының сұхбатында осы және басқа да маңызды мәселелер жан-жақты талқыланып, қоғамды алаңдатқан көптеген сауалдарға нақты жауап берілді. Дамудың қазіргі кезеңінде мемлекетіміздің алдында тұрған негізгі міндеттер белгілі. Осыған байланысты ел ертеңіне бейжай қарамайтын барша азамат, саяси және қоғамдық ұйымдар Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси, экономикалық бағдарына қолдау білдіріп, Мемлекет басшысының саясаты төңірегіне тығыз топтасып, әділетті, демократиялық және инклюзивті Қазақстан құру жолындағы реформаларды іске асыруға өз үлестерін қосуы маңызды.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар