Отыз көшпелі концерт ұйымдастырылды

Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы «Көкше» мәдениет үйінің негізгі қызметі – көркемөнерпаздар шығармашылығын дамыту, дәстүрлі халық мәдениетін жаңғырту және сақтау, халықтың мәдени бос уақытын ұйымдастыру болып табылады.                   

Осы міндетті жүзеге асыру үшін аталмыш мәдениет үйінде 30 клубтық құрылым жұмыс істейді, онда әртүрлі жастағы адамдар ортақ мүддеге сай бірігіп, өз өнерлерін шыңдауда. Табиғи талантына өріс ашып, өнер өлкесіне  үлесін қосып жүрген 600-ге жуық адам шығармашылықтарын дамытып келеді. Өткен жылы осындай өнер ұжымдарының қатысуымен ауыл мекемелері мен жақын маңдағы елді мекендерде  30  көшпелі концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ол бес мыңнан астам көрерменді қамтыды. Өнерлі ұжымдардың арасында, әрине, «Ритм» халық би ансамблінің орны бөлек. Мәселен, аталмыш өнер ұжымы өткен жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған халықаралық хореография байқауында топ жарып, бас жүлдені иеленді. Ансамбль репертуарында халықтық және фольклорлық стильдендірілген билердің қойылымдары бар. Сахнада 30 жыл өнер көрсетіп жүрген бишілердің қарым-қабілетіне ел тәнті. Сондай-ақ, мәдениет үйі жанындағы «Әжелер», «Рябинушка» фольклорлық ұжымдары мен «Алтын жас» клубы халық шығармашылығын, қазақтың әдет-ғұрыптарын насихаттаумен айналысып келеді.

Осы орайда, осындай ауқымды жұмысты  жүйелі атқарып, еселі еңбек етіп жүрген мәдениет үйінің қызметкерлерінің еңбегі орасан екендігін баса айтсақ деп едік.  Халыққа рухани-адамгершілік, эстетикалық тәрбие беру, мәдени бос уақытын ұйымдастыру бойынша әдістемелік және ұйымдастыру жұмыстарын 10 мәдениет қызметкері жүргізеді.Соңғы жылдары мәдениет үйінің қызметкерлері өздерінің тың жобаларымен де көзге түсіп жүр. Жыл сайын балалар арасында «Күміс дауыс», «Сәби аруы», жастар арасында «Екі жұлдыз», «Жас жауынгерлер курсы» және «Қане, әжелер» байқауларын жүйелі ұйымдастырып келеді.

«Көкше» мәдени үйінің ұжымы биылғы  жылы да осы игі дәстүрді жалғастырып,  қызмет аясын кеңейте түсіп, халықтың шығармашылық қабілеттері мен таланттарын жан-жақты дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстарды жоспарлап отыр.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар