Көкшетау қаласының бұрынғы әкімі, еңбек ардагері Айдар МУРЗИН: «Елдігіміз нығайып, ынтымағымыз арта түссін!»

Еліміз егемендігіне қол жеткізіп, өз алдына тәуелсіз мемлекет болған алғашқы жылдары республика бойынша экономикалық-әлеуметтік ахуал төмендеп, қиын жағдайларға тап болдық. Осынау алмағайып ауыр кезеңде Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған Айдар Хамзаұлы Мурзин облыс орталығын сол кездегі қиындықтар қыспағына бермеуге, күрмеулі мәселелерді байыппен шешіп, қала тіршілігін қалыпты ұстауға бар күш-жігерін салып бақты.  

Тәу еткен тәуелсіздігімізді атойлап қарсы алғанымызбен, екінші жағынан елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай кейіндеп кеткенін сол кезде буыны қатпаған бала болсақ та, байқап, көріп жүрдік. Әрине, ол кезде саясаттың не екенін, экономиканың түп-тамыры неде болғанын білмесек те, ауылдағы отбасылардың қандай күйде, қалай күнелтіп жүргенін бала көңілмен жоқтықтан, бір нәрсенің дұрыс емес екендігінен деп түйсінетінбіз. Сөйтсек, бұл еліміз кешегі үлкен Одақтан бөлініп, өз алдына тәуелсіздік алып, енді-енді тәй-тәйлап, жаңа қалыптасып келе жатқан заман екен. Сол кезде мемлекеттің негізгі экономикалық тетіктерінің бірі болған кеңшарлар жабылып, ондағы жұмысшы халықтың басым бөлігі нәпақасыз қалып, техникалардың бәрі таратылып, сатылып, талан-таражға түскені белгілі. Қалалық жерлерде де жағдай осының кебін киіп, кәсіпорындар жұмысы бірінен соң бірі кері кетіп жатты. Осы тұста Көкшетау қаласының әкімі болып тағайындалған Айдар Хамзаұлы Мурзин халыққа жақын болғанын ел біледі.

Бұл абзал ағамыз біраз жасты еңсеріп қалса да, сол бір ауыр кезеңдердегі түйткілді мәселелер санасында сайрап жатыр екен. Әңгімемізді әріден, тәуелсіздігімізге себеп болған Желтоқсан оқиғасынан бастадық. Бұл уақытта Айдар Хамзаұлы Көкшетау қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүріпті.

–1986 жылдың қазан айында Алматыдан, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумынан бір қызметкер келіп, қаланың әлеуметтік сала бойынша атқарылған жұмыстарын тексеріп кетті. Мәселен, көпбалалы аналарға қандай көмек көрсетіледі, оларды қалай құрметтеп жатырсыздар дегендей. Содан желтоқсан айының ортасына таман «Алматыға Жоғарғы Кеңес Президиумына есеп беруге келуіңіз керек» деп телефон соғылды. Бардым. Жиын кешігіп басталды. Мен содан есебімді тапсырдым да, кетіп қалдым. Сонда жүріп, Орталық комитеттің бірінші хатшысы Д.Қонаевты қызметінен алып, оның орнына Колбин сайланса, қазақ жастарының дүмпуі, көтерілісі болады дегенді естідім. Бұл арнайы ұйымдастырылатын жағдай екенін түсіндім де, Көкшетауға ұшып кетіп қалдым. Бұл күндері Көкшетау тыныш болды, ал, Алматыдағы жағдай өте қиын еді. Небары 18 минутқа ғана созылған Пленумда Колбинді Дінмұхамед Қонаевтың орнына бірінші хатшылыққа сайлап, жастар бас көтерген, оларды басып жаншу үшін күш қолданылған. Бұл саяси ұйымдастырылған жағдай болды ғой, –дейді  ақсақал желтоқсан көтерілісінен өзінше ой түйіп.

Содан Одақ ыдырап, Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста Айдар ағамыз қаладағы нан зауытында басшының бірінші орынбасары болыпты. Қызметін атқарып, апта аяғында Щучинск қаласына отбасына барып келмекші болып, дайындалып жатқанда Көкшетау облыстық әкімшілігі аппаратының басшысы  Амангелді Байкенұлы хабарласып, облысқа жаңадан әкім болып келген Ж.Кәрібжановтың өзін шақырып жатқанын хабарлапты. Содан облыс әкімі біраз әңгімелесіп, қаншама қарсыласып бақса да, қала әкімі болып тағайындалған екен.

–Осы қызметке келе сала, қалалық аппаратпен жедел жұмыс істей бастадым. Екі күн ішінде орынбасарларымды таңдап алдым, бөлім басшылары бұрынғыша қалды. Бір аптадан соң, облыс басшысына кіріп, өзім байқап, ақылға салып, мынау маңызды деп жазып алған негізгі мәселелерді жайып салдым. Сол уақытта Көкшетауда жылу тарататын жалғыз РК-1 қазандығы жұмыс істеп тұрған, онда мазутпен жанатын 3 қазандық болды. Ал, РК-2-нің құрылысы сол уақытта аяқталып қалғандай екен, бірақ, толық жабдықталмаған еді. Содан облыс әкіміне РК-2 аудандық қазандығын тездетіп аяқтап, іске қосуды ұсындым. Ол бізге не үшін керек десек, РК-1 мазутпен ғана жұмыс істейтін. Мазут қымбат болатын, оны кім қаржыландырады деген сұрақ та туындаған. Басында мазут бұрынғыдай, «Целинэнергодан» келіп тұрды. Бірақ, ертең бермей қойса, қаланың жылуын қалай ұстап қаламыз деген ой болды ғой. Одақ кезінде салына бастаған Жайлау шағын ауданын да аяқтау керек-ті. Оның да жылу мәселесі бар. Сондай-сондай 10-нан аса ірі мәселелерді тізіп апардым. Жәнібек Сәлімұлы Кәрібжанов екеуіміз араға екі апта салып жаңағы мәселелер бойынша қалаға шығамыз. Сөйтіп, ол кісімен бір жыл екі ай жұмыс істедім, біраз мәселелерді бірлесе шештік, –дейді тағы бір сөзінде ағамыз.

Тоқырау жылдары басталған өтпелі кезеңде зауыттардың жұмысы біртіндеп тоқтай бастағанын жоғарыда айттық. Тұрғындар жұмыссыз қалды, тіпті, кейбірі ауылдарды жағалап, жан-жаққа кетіп жатты.

–1985-1987 жылдары қалада атқару комитетінің төрағасы болғанымда 36 зауыт жұмыс істеп тұратын. Өндірістік орындар көп еді. Шикізатты Әзірбайжан, Тәжікстан секілді Кеңес Одағының құрамындағы елдерден алып тұрдық. Одақ ыдырағаннан кейін шикізаттың келуі де 2-3 айдан соң біртіндеп тоқтай бастады. Зауыттардың жұмысшылары жұмыссыз қалды. Қалада 20 мыңдай зейнеткер бар еді, олардың зейнетақылары уақытында берілмей, қинай түсті. Бұл – сонау 1994 жыл болатын. Содан қарамағымдағы қызметкерлерді жинап алып, «тұрғындармен айына бір рет жиын өткізейік, халықтың проблемаларын сұрап отырамыз. Жиын соңында әр адамға бір-бір пакет азық-түліктен береміз» дедім. Содан орынбасарларыммен азық-түлік дүкендерін аралап, халыққа азық-түліктің қандай түрлері жетпей жатқандығын қадағалап отырдық. Олардың біреуі Васильковка, біреуі Жайлау, біреуі Бармашинодағы, біреуі қала орталығындағы дүкендерді аралап, осыны қадағалайтын болды. Содан қажетті азық-түлікті біліп, қолымыз жеткендерін жеткізіп беріп отырдық. Қаншама қиындықтарды рет-ретімен еңсеріп жатсақ та, арамыздан халықты арандатушылар да шығып жатты. Дегенмен, барлығына түсіністікпен қарап, облыс басындағылармен келісе отырып, мәселелерді шешіп отырдық, – дейді АйдарХамзаұлы.

Көкшетауды мазутпен қамтып тұратын «Целинэнерго» 1994 жылдан сол қысқы отынды жібермей қояды. Содан бастықтарына хабарласса, «Біз мазутты Одақ кезінде Көкшетаудың жылыту қазандығы біздің баланста болғандықтан жіберетінбіз, енді біз көмектесе алмаймыз» дейтін көрінеді. Содан қала әкімі ретінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығын ертіп, Алматыға барады. Ондағы Жоғарғы Кеңестен кейін жаңадан құрылған Парламентке біздің облыстан депутат болып сайланған Николай Фомич пен Александр Мельник екеуіне хабарласып, Премьер-Министр Әкежан Қажыгелдинмен кездесуге көмектесулерін сұрап, төртеулеп Үкімет басшысына кіреді.

–Оның келісім берген визасын алып, сол кездегі Қазақстанның Мұнай және газ өндірісі министрі Нұрлан Балғымбаевқа барып, ол  Шымкенттің МПЗ-ынан 3 мың тонна мазут алуыма жағдай жасап берді. Содан кейін Жаңа жыл алдында Премьер-Министр өзі хабарласып, мазуттың жетпейтіндігін түсініп, тағы өзіне шақырып, сол жылдары осының арқасында қыстан аман шықтық. Кейін кәріз жүйесі арқылы шығатын қалдықтарды жинақтайтын қондырғы жарылып, дамбыны бұзып, бүкіл жаман су маңайындағы ауылдарға кете бастады. Осы апат орын алғанда бірден Қажыгелдинге барып, оны қалпына келтіруге 20 миллион теңге ақша сұрадым. Ол әрине, Үкіметте де ақша жоқтықтан, бірден бермеді. Тиісті министрліктер арқылы төрт айда 5 миллион теңгеден жіберіп отыратындығын айтты. Негізі қандай жағдай болмасын, халық үшін жауапкершілік алған соң, елдің амандығы мен өмір сүру жағдайын жасауға бар күш-жігерді аянбау керек. Жүріп-тұру керек, тиісті мекемелерге бас сұғу қажет. Қаржы болмаса сұрау керек. 1996 жылдың тамызында менің орныма қала әкімі Қ.Құсайынов келді, ал, мені сол кездегі облыс әкімі Д.Жанғалов өзіне орынбасарлыққа шақырды. Онда да осы Көкшетауды мазутпен қамту мәселесіне тікелей өзіме араласуға тура келді. Біраз қиыншылықтар болды, әрине. Маған «мазут қорын жинауды тоқтат» деп тапсырма беріп, облыс басшысының салдыр-салақтығынан оның қоры бітіп, Жаңа жыл түні бүкіл қалада тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жылу жүйелері жарылып, апатты жағдай орын алған, сөйтіп, суларын ағызып жіберген күніміз де болды. Көкшетаудың ауыр жағдайы осылай бүкіл Қазақстанға, қала берді, кейбір шет елдерге де мәлім болған. Оның бәрі халықтың есінде шығар, –дейді Айдар Хамзаұлы. Әрине, есімізде… Оны кім ұмытады?!.

Әңгіме барысында қала тарихындағы іскер басшылардың біріне «қазіргі басшылық қандай болуы керек?», «бізге осы тұрғыда не жетіспей жатыр?» деген сауалдарымызды да қойдық. Әділдіктің ақ жолымен жүріп, азаматтық арын таза ұстаған Айдар Хамзаұлы қазіргі сыбайлас жемқорлыққа жол беріліп жатқан жағдайларға сын көзбен қарайтындығын, әр басшы қалтадан гөрі елдің жайын ойлауды, халықтың ақ алғысын алуды мақсат тұтуы керектігін айтады.

Көкшетау облысы қысқарған соң, зейнетке шыққан ағамыз қоғамдық жұмыстармен айналысып, грек-рим күресінен ұйымдастырылған турнирдің бастамашыларының бірі болды, Көкшетауға триатлон спортын әкелді. Бірнеше мәрте Қазақстан Республикасының мерейтойлық, медальдарымен марапатталған. Бүгінде лайықты түрде Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Сөз соңын небір жауапты қызметтерде туған елінен қолдан келгенін аянбаған, әсіресе, облыс орталығы Көкшетау қаласын басқарған қиын-қыстау кезеңдерде өзінің іскерлігімен, ақыл-парасатымен көп көңілінен шыққан Айдар Хамзаұлы:

–Қазір барлығы да бар. Заман дамып келеді. Не киемін, не ішемін деген ой жоқ. Ақшаң болса, денсаулықтан басқаның барлығын сатып аласың. Тек жастарымыз елдігімізді жоғалтпасын, туымыз жығылмасын, –деген ағалық тілегімен аяқтады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар