Чемпионат нәтижелері қуантады

Шорт-трек ақмолалықтар арасында танымал болып келеді. Конькимен жүгіруші балалар бұл спорт түрімен туыстарымен және жақындарымен қатар айналысады. Бұл күні еліміздің төрт өңірінен 80-нен астам бала Көкшетауда облыстың ашық чемпионатына жиналды. Оған Шымкент, Петропавл және Астанадан да 4 команда қатысты.

Бірнеше облыстың ұлдары мен қыздары ең мықты спортшы болу және ел құрамасына кіру құқығы үшін жарысты. Бастапқы ысқырықпен балалар бас жүлдені алуға ұмтыла бастады. Жарыстың ережесіне сәйкес, спортшылар қашықтықты мүмкіндігінше қысқа мерзімде сырғанап өтуі керек.

−Жарысқа Ақмола облысының атынан «Бурабай» балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің спортшылары қатысты. Біз Көкшетауда  шорт-трек бойынша чемпионатты жоғары дәрежеде өткіздік деп ойлаймын.   Алдағы уақытта да мұндай жарыстарды дәстүрлі түрде жыл сайын  ұйымдастыруға тырысамыз.  Ең бастысы, өңіріміздің  балалары бізді  маңдай термен жеңіп алған жүлделерімен қуантты,−деді  Ақмола облысының шорт-тректен аға жаттықтырушысы Рүстем Тоқжанов.

Қатысушылар бірнеше жас санаттарында және бірнеше қашықтықта бақ сынасты. 500 метрге жүгіруде ең үздіктердің бірі Санжар Аушев болды. Спортшы өзінің отбасында коньки тебетін жалғыз адам емес екенін мақтан тұтады. Соның айғағындай, ол өзімен  бірге жарысқа қатысқан  әпкесі үшін де алаңдады.

−Жаңа мен 500 метрге жүгіруде бірінші орынды иелендім. Осы спортқа әпкемнің арқасында келдім.  Үлкен әпкем жаттығуды бірінші болып бастады. Содан кейін анам және  туыстарым мені осы спортқа  әкелді. Бұл спортпен айналысып жатқаныма 5 жыл толды. Бүгін міне, чемпион атандым. Ал, менің әпкем осы жарыста екінші орын алды. Болашақта әлем чемпионы болғым келеді, − деді Санжар Аушев.

Алдағы уақытта облыстық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін республикалық жарыстарға қатыстыру жоспарлануда. Ұйымдастырушылар өз кезегінде еліміздің басқа өңірлерінен де командаларды келесі жарыстарға шақыруды жоспарлап отырғандарын  атап өтті.

Алда әлі спортшыларымызды көптеген жарыстар күтіп тұр.  Жерлестерімізге осы додаларда сәттілік пен үлкен жеңістер тілейміз!

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар