Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ең қымбаты – ел алғысы - АРҚА АЖАРЫ

Ең қымбаты – ел алғысы

Айтып келмейтін оқыс оқиғалар кезінде бастарын бәйгеге тігіп, құтқару жұмысын атқаратын азаматтардың еңбегі қашанда алғысқа лайық. Олар біз ерлік жасадық деп есептемейді. Ең қымбаты – шарапаты тиген адамдардың ақ алғысы. 

Кезекшілер бөліміне көп қабатты үйдің бір пәтерінде өрт болып жатқандығы туралы суыт хабар түсісімен оқиға орнына бірден жеткен. Алдымен, сәл-пәл барлау жасады. Шамасы ас үй болса керек, терезесі ашық. Пәтердің өзге терезелерінен қою қара түтін будақтап тұр. Ас үйдің терезесінен кішкентай қыздың үрейлі жүзі көрінеді. Әріптестері Рүстем Манатов пен Асқар Әлжанов бірден өрт сөндіруге кіріскен. Анас Зәйніш баспалдақ құра бастады. Шалт қимылдап, дайындық жұмыстарын қас-қағымда аяқтап, Қанат баспалдақпен жоғары көтерілді. Алдымен көргені кішкентай қыздың жасқа шыланған жанары. Бұл басу айтқан.

–Қорықпа ботам, қазір аман-есен жерге түсіремін, – деген Степногорск қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бөлімше командирі, аға сержант Қанат Асқаров кішкентай қыз қорқынышқа бой алдырмасын деп.

–Құтқарыңызшы, ағай, – деді тұла бойы үрейден қалшылдап тұрған кішкентай қыз.

Оның әр жағында тағы бір бала бар екен. Бажайлап қараса, екі жас шамасындағы кішкентай бүлдіршін. Абырой болғанда кішкентай қыз түтін кірмесін деген болуы керек, ас үйдің есігін жауып қойыпты. Әйткенмен, саңылаудан ащы түтін сыздықтап еніп жатыр. Ойланып-толғануға уақыт қайда, Қанат жетілер шамасындағы қызды оң қолымен қапсыра құшақтап алды да, баспалдақпен төмен түсе бастады. Қас-қағым сәт қымбат болып кететін мұндай уақытта жаттығу кезінде жай оғындай атылатын жылдамдық кеміп, уақыт шіркін, тез өтетін тәрізді. Кішкентай қызды қаумалған адамдарға тапсырған соң екінші сәбиді құтқаруға ұмтылған. Екі жасар баланы көтеріп, төмен түскен соң ғана ес жиды. Әлгінде көргені түс сияқты бұлыңғыр. Құтқарушының әбжіл қимылына тәнті болған бөгде біреулер алғысын айтып жатыр.

–Міне, азамат! – деген біреуі, – екі бірдей баланы ажал тырнағынан аман алып қалдың.

Бөлімше басшысы Қанаттың төтенше оқиғаға тап болған сәті жалғыз бұл емес. Бірде жылу электр орталығының қазандығында өрт шыққан. Оқыс оқиғаға себепші электр сымдары екен. Ауқымы үлкен, оның үстіне аз ғана уақыттың ішінде бел алып кеткен. Тыныстау қиын болған соң, оттегі толтырылған баллондарды пайдалануға тура келді. Әлсін-әлсін ауыстырып отырды. Бөлімшедегі жауынгерлердің бір-бірімен қоян-қолтық жұмыс істеулерінің арқасында өрт оқшауланған.

Кейіпкерімізбен тілдесіп отырып, мұндай оқыс оқиғалардың жиі кездесетіндігін ұқтық. Әсіресе, жылу беру маусымы басталған кезде көбейетін көрінеді. Бұлардың бөлімшелері Степногорск қаласының маңындағы бірнеше елді мекендерге қызмет көрсетеді. Ал, ауыл тұрғындарының басым көпшілігі көмір жағады. Қайсыбірінің электр қуатын тарататын сымдары ескірген. Кейбір пештерде де ақау бар. Әйтеуір, қауіп қайдан дерің бар ма?!

Кейбір оқиғалар кезінде құтқарушылардың өміріне де қауіп төніп жататыны бар. Бірде қала іргесіндегі саяжайда шағын үй өртенді. Іле жеткен бұлар мән-жайды барлаған. Саяжай ішіндегі газ баллоны дер кезінде шығарылды. Жазатайым ыстықтан жарылып кетсе, құтқарушылардың да өміріне қауіп төнер еді.

Жоғарыда аталған оқиға, яки, екі баланы өрттен құтқару кезіндегі қажырлы іс-қимылы үшін бөлімше командирі Қанат Асқаров арнайы төсбелгімен марапатталды. Өз жұмысына адал, жауапкершілігі жоғары жауынгердің ерлігін айғақтайтындай белгі. Бірақ, Қанат үшін ел алғысына бөленгеннен қымбат ештеңе жоқ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Степногорск қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар