Жанашырлық – жақсы қасиет

Қылышын сүйретіп қыс келгелі халық қармен алысып қарекет етуде. Облыстық жастар ресурстықорталығының жанындағы «Волонтерлерді қолдау орталығы» фронт кеңсесі қарлы десант акциясын ұйымдастырды.

Қуат кеміп, қажыр сарқылғандай болған шақта көбік қардың өзі көп-көрім жүк. Егде адамдарды осы бейнеттен құтқарғысы келген еріктілер облыс орталығындағы қарттар мен мүгедектерге арналған пансионаттың маңайын тазалап, қолғабыс көрсетті. Бірер күн бұрын ғана жапалақтап қалың қар жауған. Биік көктен билеп, ойнап жауған қар аумағы атшаптырым ауланы да, жаяу жүргіншілер жолын да жауып тастаған. Қолдарына бір-бір күрек ұстаған жастар тығыздалған қасат қарды кірпіштей ойып алып, әп-сәтте тазалап шықты. Сөз арасында мұндай ізгілікке толы ізетті істің аудандарда да ұйымдастырылатынын айта кетелік. Ең жақсысы, қиналған жанға қол ұшын беретін жастар қатарының көбейе түсуі. Қар тазаланар, аула күрелер, мұқтаж жандарды мейірімді жүрек лүпілімен жылытатын жас толқынды көргенде көңілге сенім ұялайды екен.

–Біздің жастардың осы бір мейірімді ісі көпке үлгі болуға тиіс, – дейді «Мейірімді жүрек Lider.kz» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ирина Катухова, – осының барлығы тәлімді тәрбиенің нәтижесі. Ұстаздары мен ата-аналарының ақылынан ұққан өмірлік ұстаным деп айтсақ артық болмайтын шығар.

Ел қамын ойлаған еріктілер аула тазалаумен бірге қариялардың отындарын жарып, көмірлерін тасып, қолдарын ұзартып отыр. Мейірімді жандар мекеніндегі ізгіліктің аспаны осылайша жан жылуымен жадырай түсуде.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар