Заңды бұзған нысандар жауапқа тартылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде  Ақмола облыстық техникалық реттеу және метрология департаментінің басшысы Нұрбек Хабиев мемлекеттік бақылау бойынша атқарылған жұмыстың  қорытындылары  туралы   брифинг өткізді.

2023 жылы  департамент мемлекеттік бақылауға қатысты 300-ден астам іс-шара өткізді. Оның барысында  32 заң бұзушылық тіркелген.  Осыған байланысты салынған әкімшілік айыппұл сомасы 23 миллион теңгеден асты.

Сонымен бірге, өткен жылдың қыркүйегінен бері департамент мамандары жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 20-ға жуық арыз-шағымды қараған. Облыстық техникалық реттеу және метрология департаменті басшысының айтуынша, барлық арызданушыларға  уақытылы жауап беріліп, екінші қайтара шағымдар түспеген.

−Департамент 2023 жылдың ақпан айында «Гелиос» серіктестігінің Көкшетау филиалына жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Оның басты себебі, Қазақстанның автохимия өндірушілері мен тұтынушылары қауымдастығының  тарапынан түскен шағымдар еді.  Олар «Арнайы сұйықтықтар мен майларға, майлау материалдарына талаптар туралы» Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сай емес Mannol EXTREME 5W40 мотор майын сатқан екен.  Таңбалауында аталған өнімге қатысты мемлекеттік тілде мүлдем ақпарат болмаған. Тексерудің нәтижесінде  субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай бұзушылықтар басқа нысандарда да тіркелді. Біз өзімізге түскен барлық шағымдарға міндетті түрде жауап беруге тырысамыз, −деп атап өтті  Нұрбек Хабиев.

Сонымен қатар, облыстық және қалалық прокуратуралармен бірлесіп, балабақшаларда, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен лагерьлерге тексеріс жүргізілді. Ондағы басты мақсат ата-ана қамқорлығынсыз қалған, жетім балалардың, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балғындардың құқықтарының сақталуын қадағалау болды. Орын алған заңсыздықтарға қатысты 12 миллион  теңгеге жуық айыппұл салынды.

Брифингте мемлекеттік тексеру барысында  медициналық кабинеттердің де  тексерілгені алға тартылды.

–Барлық жағдайларда мұндай кабинеттердің құрылғыларының тексерілгені туралы сертификаттары болмаған.  Олар тонометр, термометр, бойдың ұзындығын, қан қысымын өлшейтін құрылғылар. Олардың көмегімен әлдебір сырқаттың көрсеткішін анықтауға болады. Медициналық кабинеттің қызметкері дене қызуын өлшей отырып, нақты ем қабылдау шарасын өткізуі тиіс. Егер ол құрылғының сертификаты болмаса, өлшем де нақтыланбаған болып есептеледі. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған. Сосын да әкімшілік іс қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылды, – деп толықтырды спикер.

Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар планшеттерде электрондық нұсқада беріледі. Сондай-ақ, кәсіпкерлік субъектілерінің жетекшілік ететін салалардағы заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі және осы талаптарды бұзудың салдары туралы хабардарлығын арттыру үшін Facebook желісінде парақша жүргізілуде. Онда департаменттің жұмысы туралы ақпарат және кәсіпкерлік субъектілері үшін түсініктемелер тұрақты және жедел жарияланады.

Брифинг соңында Нұрбек Хабиев жоспардан тыс және бірлескен тексерулер кезінде анықталған кемшіліктердің бәрі бүгінгі күні ретке келтіріліп, әкімшілік өндіріп алулар толық көлемде өтелгенін  жеткізді.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар