Қазақстан мәслихаттары –Тәуелсіздік дәуірінің берік жүйесі

 Халық арасында «депутат» сөзінің кең тарап кеткен баламасы бар. Ол – «халық қалаулысы». Осы тіркес жұртшылық өзі таңдап сайлайтын өкілдердің – мәслихаттардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі рөлі мен жауапкершілігін айқын көрсететіндей. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан мәслихаттары жұмысының тиімділігін арттыру бойынша түрлі өзгерістер жасалғаны анық. Дегенмен соңғы жылдардағы орын алған саяси-қоғамдық құбылыстар көптеген процестерді одан әрі жылдамдатып, халықтың мәслихаттарға қоятын талабы артты. Қоғамдағы көзқарас та, билік пен халықтың арасындағы қарым-қатынас та жаңаша сипат алды. Ендігі мәслихаттар – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге алып, өздерін сайлаған жұртшылықтың талап-тілегін орындау үшін ашық, әділ жұмыс істеуі тиіс құрылым. 

Қазақстан Республикасының Конституциясында: «…Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық…. Жергілікті өкілді органдар – Мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.   Мәслихаттарды жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды» – деп  атап көрсетілген.Мәслихаттардың қызметі Қазақстан Республикасының  2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» №148 Заңымен реттеліп отырылады.

Егер тарихқа көз жүгіртетін болсақ, Қазақстанда тұңғыш  рет жергілікті өкілетті билік органдары – мәслихаттардың сайлауы 1994 жылы 7 наурызда өтті. Бұл күн Қазақстан мәслихаттарының құрылған күні болып тарихқа енді. Содан бергі отыз жылдық кезеңде елдегі саяси, әлеуметтік өзгерістерге байланысты мәслихаттарда ұдайы жаңғырып келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз сая­си жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Қоғамдық-саяси өзгерістер жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінде де орын алды. 2023 жылдың наурыз айындаконституциялық реформаның жалғасы ретінде еліміз бойынша мәслихаттар сайлауы өтіп, аудан және облыстық маңызы бар қалаларда азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс берді. Бұл сайлаушылардың мүддесін жалпыұлттық және аймақтық деңгейде толық қамтамасыз етуге жасалған батыл қадам еді. Бір атап өтерлігі,мәслихат сайлауында қаламыздың тұрғындары үлкен белсенділік танытты. Ал, біз өз кезегімізде азаматтарға таныстырған сайлауалды бағдарламамыздың орындалуын алдымен, өзіміз қадағалауды, халықты толғандырып отырған мәселелерді шешеміз деп уәде алғанымызды ұмытпауға міндет алдық.

Конституциялық реформалардың мәслихаттарға қатысты жаңғырған тағы бір тұсы – енді облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімін тағайындау кезінде Президент екі кандидат ұсынады. Депутаттар дауыс беру арқылы соның бірін таңдайды. Бұл да жаңа демократиялық негізде мемлекетті басқару институтының бір тармағы ретінде мәслихаттардың рөлі мен беделі жыл сайын артып отырғандығын айғақтайды.

Ал, 2022 жылытәуелсіздік кезеңіндегі ең қасіретті оқиға болып тарихқа енген «Қаңтар қырғыны» халық пен биліктің арасы едәуір жақын болу қажеттігін, халықтың талап-тілегін орындау барлығымыздың алдымыздағы басым міндет екенін тағы да бір көрсетті. Сонымен қатар, ықпалды күштердің мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті жүзеге аспай қалған бұл оқиға Президентіміздің халықпен, халықтың Президентпен бірге екенін дәлелдеді. Ендігі міндетіміз – осы билік пен ел арасындағы өзара сенімді барынша нығайту жолында қызмет жасау. Тұрғындардың жергілікті билікке деген сеніміне, өзара тығыз байланысына осы біздердің, мәслихат депутаттарының жұмысы тікелей ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында бірмандатты жүйе негізінде сайланған депутаттар нағыз халықтың ішінен шыққан, тұрғындардың мұң-мұқтажын түсінетін, азаматтық борыштарын терең ұғынатын патриоттар деп толық айта аламын.

Мемлекет басшысы 2024 жылдың басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында жергілікті атқарушы және өкілетті органдардағы жастарға сенім артатынын атап өтті. «Саяси реформалар аясында партия­лардың сайлау тізімін жасақтағанда және депутат мандатын бөлгенде әйел­дер, жастар және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін квота енгізілді. Соның нәтижесінде көптеген отаншыл жас Мәжіліс және мәслихат депутаты атанды. Өкілетті билікте жастардың үні жарқын естіле бастады. Осындай нақты қадамдар билік органдарының құрамын жаңартуға тың серпін берді» деп атап көрсетті Президент Қ.К.Тоқаев. Еліміздің бүгіні мен болашағын кемелдендіру үшін, Мемлекет басшысы мен өңіріміздің тұрғындарының сенімін ақтау үшін білікті кадрлар керек. Бұл орайда, депутаттық корпустың мүшелері өздерінің кәсіби біліктіліктерін тұрақты түрде арттырып отыруға қашан да ынталы екенін атап өткім келеді.

Мәслихаттарға артылатын жауапкершілік жүгінің салмағын 2023 жылы сәуірдегі Үкіметтің кеңейтілген отырысына бірінші рет барлық деңгейдегі мәслихаттар төрағаларының қатысқанынан да байқауға болады. Сол жиында Мемлекет басшысы кеңеске қатысып отырған жергілікті мәслихат төрағаларына: «Сіздердің бірінші кезектегі міндеттеріңіз – жеңіл популизмнің жетегіне ермей, жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғау. Депутаттар электораттың өзекті мәселелерін шешуде күнделікті қажырлы жұмысқа көшіп, кәсібилік пен жауапкершілік танытуға тиіс. Әкімдіктермен өзара іс-қимыл атқарушы органдар қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, сындарлы жүргізілуі керек» деп айтқаны есімізде.

Сонымен қатар өткен жылдың маусым айында  Астанада «Amanat» партииясының ұйымдастыруымен бірінші рет республикалық деңгейде мәслихат депутаттарының форумы өтті.  Оның басты мақсаты – Мемлекет басшысының саяси реформаларының нәтижесінде депутаттар мен мәслихаттар жұмысындағы өзгерістерге ықпал ету, азаматтардың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ету үшін партия мүшелерінің іс-әрекетін біріктіру болды. Сол жиында «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың мәслихаттар өкілдерінің басын жыл сайын осындай форматта қосып отыруға ұсыныс білдіруі де өңірлердегі өкілетті органдардың айрықша рөлін тағы да айқындай түскендей болды. Халықтың сенімінен шыққан депутаттарды кадрлық резервке қосу туралы ұсыныс та сол форумда айтылған еді. Бұл мәслихаттар депутаттарының халық ішінде жүріп жинаған тәжірибелерін ескеру әрі үлкен сенім. Бұдан бөлек, ҚР «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңындағы өзгерістерге сәйкес, енді жергілікті өкілді органның тұрақты лауазым иесі «мәслихат хатшысынан» «мәслихат төрағасы»болып өзгерді. Осылайша жергілікті бюджеттің атқарылуын, аумақтарды дамытудың бағдарлаларын бақылайтын органның статусы заңдық тұрғыда тағы күшейді деп айтуға болады.

Ал енді өзім тұрғындардың дауыс беруімен сайланып, төрағалық ететін Көкшетау қаласы Мәслихатының жұмысына аздап тоқталғым келеді. Біз өкілетті орган ретінде өңірдің өркендеуіне, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымның ұдайы жаңарып отыруына, қаламызды өмір сүруге жайлы етумақсатында жұмыс істеп, қоғамдық белсенділікті арттырып жатырмыз.

Қазір кабинетте отырып жұмыс істейтін уақыт емес. Жаңа заманның заңдылықтарына бейімделіп, «Жаңа Қазақстанды» құру үшін тұрғындардың, азаматтардың мұң-мұқтажын күнделікті кездесулер арқылы біліп, уақытылы шешімдер қабылдау маңызды деп есептеймін. Жұмыстың тиімділігін арттыратын платформаларды мүмкіндігінше қолданып, азаматарға барынша жақын болудың мүмкіндіктерін ұдайы іздестіріп отыру керек. Сол себепті Мәслихат депутаттарының ұдайы біліктіліктерін арттырып,  тәжірибе алмасу шараларына жиі қатысып отыруға, жаңа білім іздеуге үгіттейміз. Өзіміз де бұған барынша атсалысамыз. Қалалық мәслихаттың осы жылы енгізген жаңашылдықтарының бірі – көкшетаулықтарға өз округының депутатын тұрғылықты жері бойынша халық арасында кең қолданылатын 2GIS қосымшасы арқылы біліп, байланысып отыру мүмкіндігінің ашылуы. Қаламыздағы17 сайлау округуының тұрғындары мобильді қосымшаның көмегімен үйінің қай сайлау округына қарайтынын, округ шекарасын, депутаттың қабылдау күнін, мекен-жайын біле алады, сонымен қатар тікелей өтініш немесе сұрақ жолдауға болады. Азаматтардың ақпаратқа еркін қол жеткізуі және ашықтық Әділетті Қазақстанды айқын сипаттайтынын ескерсек, бұл функция халыққа одан әрі жақындай түсуге септігін тигізеді деп сенеміз.

Жасыратыны жоқ, елімізсайлаушы халық өз округінің депутатын танымайтын, өтініш-арыздарын айтып қайда жүгінерін білмейтін уақыттарды да бастан кешті.  Алайда қазір тұрғындар өздері сенім білдіріп сайлаған депутаттар барынша жұмыс нәтижесін көрсетуге тырысатын белсенді қызмет мәдениетіне көшті. Шешімдер қабылдағанда креативтілік, жаңаша көзқарас танытатын жас азаматтар жеткілікті. Биыл Көкшетау қаласының 200 жылдығы аталып өтіледі. Бұған да қалалық Мәслихат депутаттары барынша атсалысып, тарихы терең өңіріміздің мерекесін лайықты деңгейде атап өтеміз деп ойлаймын.

Біздің алдымызда тұрған міндеттер зор. Елдігімізді нығайтып, халқымыздың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайларын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп, Тәуелсіз Қазақстанның одан әрі өркендеуі мен гүлденуіне үлес қосу біздің халық алдындағы асыл парызымыз!

Дастан ӘКІМОВ,
Көкшетау қалалық мәслихатының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар