Арқа алабында айтыс өнерінің барынша өріс алып, кеңге қанат жаюына жолбасшы болған ақын Көкен Шәкеевтің еңселі тұлғасы, елеулі есімі ел есінде мәңгі сақталып келеді.
Биыл замандастары «Көкшенің көк нөсері Көкен ақын» деп дәріптеген, Қазақстанның Халық ақыны, Қазақстанның ақын-жыршылар қоғамының тұңғыш президенті, көптеген республикалық айтыстардың жүлдегері, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Көкен Шәкеевтің дүниеге келгеніне 100 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтойға орай, облыс орталығының іргесіндегі Краснояр қалалық үлгілі кітапханасы «Өз дәуірінің перзенті» атты еске алу кешін ұйымдастырды. Шараның мақсаты халық жадында өнерімен сақталған саңылақ тұлғаны еске алу, жас ұрпақтың санасында жаңғырту, шығармашылық мұрасын насихаттау болып табылады.
Кешке жергілікті әкімшілік өкілдері, Көкен ақынның шәкірті, мәдениет саласының үздігі, суырып салма ақын Құдайберлі Мырзабек, көзкөрген көршісі Көкшетау қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, педагог-журналист Бақыт Тасова, Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күнім Оразбаева, Көкен атамыздың қызы Зайра Көкенқызы, шөбересі Арман Шәкеев, Краснояр ауылының жалпы білім беретін мектептерінің ұстаздары, Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірттері, жоғары оқу орындарының ұстаздары, кітапхана оқырмандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кеш барысында қонақтар өз естеліктерімен бөлісіп, ақынның адами асыл қасиеттерін, ақындық шалқар шабытын еске алды. Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Берденбек Мырзат арнау айтты, Ұлуар Әубәкіров күйден шашу шашты. «Ақ әжелер» тобының орындауында әсем ән орындалып, ауылдастары ақынның ізгі қасиеттерін еске алды.
Шарадакөпшілік оқырманға Көкен ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған кең ауқымды көрме ұсынылып, онда ұсталған заттары: шапаны, марапаттары, куәлігі, кітаптарыорын алды. Баянғали Әлімжановтың Көкен Шәкеев жайлы түсірген «Асылдың сынығы» фильмінен үзінді көрсетілді.
Айтыс өнерінің тәрбие мектебі екендігіне ерекше назар аударған, жас ақындарды қарсыласына құрметпен қарауға, сыйлауға жетелеп, мінін бетіне басып, кемсітуден сақтандырған, осы қағидаттарды өзі де қатты ұстанған айтыс өнерінің дарабозы Көкен атамыз өмірден озса да, елі есімін ешқашан ұмытпайды. Ұрпақтары ұлықтай бермек, ал біз ақын мұрасын оқырман қауымға насихаттай береміз.
Гүлжанар Бодаубай,
Краснояр қалалық үлгілі кітапханасының меңгерушісі.