Жас ұстаз Нилуфар Амирасланова: «Менің жаным да, жүрегім де қазақ»

Нилуфар АлмасханқызыАмираслановақазақ тілінде еркін сөйлейтін әзірбайжан қызы. Қазақстан Республикасының «Шапағат» медалінің иегері. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің маңдайалды түлегі. Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының неміс-ағылшын пәндерінің мұғалімі. Қазақ тілінен бөлек, алты тілде емін-еркін сөйлейді. Атап айтқанда, қазақ, әзірбайжан, орыс, ағылшын һәм түрік тілін ана тілі дәрежесінде меңгергенполиглот ұстаз. Мемлекеттік тілді меңгеруді өмірлік парызы деп санайтын Нилуфар Алмасханқызынан танымдық тұрғыда қысқаша сұхбат алуды жөн көрдік.

Алдымен,өзіңізді көпшілік оқырманғатаныстырып өтсеңіз? Қазақ тілін қалай меңгердіңіз? Ана тілімізді меңгеру барысында қандай да бір ауыртпалықтарды сезіндіңіз бе?

– Менің ұлтым әзірбайжан. Өзім Әзірбайжан Республикасында дүниеге келгенмін. Алайда, Қазақстанның әсем қаласы Көкшетауда білім алып өстім. Әзірбайжан ұлтының өкілі болғаныма қарамастан, менің жаным да жүрегім де қазақ. Әрине, кез-келген тілді үйрену оңай процесс емес, бірақ, мен қазақ тілін туған анамдай қатты жақсы көремін, сондықтан да, қазақ тілін үйрену мен үшін нағыз рахат сезім болды.

Арқаның кербез сұлу Көкше өңірінде білім алдым дедіңіз. Нақты қай мектепте білім алып едіңіз? Сол жайында айта отырсаңыз.

Қазақ тіліне деген қызығушылығыммектеп қабырғасында пайда болды.Өзім Көкшетау қаласының №8 орта мектебінде оқыдым. Осы мектепте оқып жүрген кезімде қазақ тілі мұғалімдері маған қазақ тілінің ұнайтынын байқап, мені түрлі республикалық, облыстық олимпиадаларға дайындай бастады. Ұстаздарымның ерен еңбегінің арқасында жүлделі орындарға ие болдым. Сондықтан да, менің ардақты ұстаздарым Тұрсынгүл Дәулетқалиқызы Қазыбаева, Гүлнәр Рамазанқызы Қаңтарбаеваға айтар алғысым шексіз.

Естуімізше, сіз қазақ тілінен бөлек орыс, неміс, ағылшын тілдерін жетік меңгеріпсіз. Бұл тілдер арасындағы тепе-теңдікті сақтау аса қиын емес пе? Жалпы, тілді меңгеру үшін алдымен не істеу қажет?

Өткен сұхбаттарымда айтқанымдай, белгілі бір тілде сөйлеу үшін алдымен, сол тілде ойлана білу керек. Мәселен, ағылшын тілінде сөйлегің келе ме, ендеше, сол тілде ойлана баста. Әрине, басында қиын болады. Бірақ, бұл өз уақытымен келетін нәрсе. Осы тілдерде жақсы сөйлеу мақсатында мен мектептегі оқушыларымменәр тілде сөйлесуге тырысамын, бұл маған тілдер арасындағы байланысты жоғалтпауға және оқушыларымның сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектеседі.

Қазақ тілінде қандай кітаптар оқисыз? Кімнің шығармасын қайталап оқығанды ұнатасыз?

Менің сүйікті ақындарымның бірі әрі бірегейі Абай Құнанбаев. Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың қара сөздерін оқығанды ұнатамын. Хакім Абайдың философиясы қатты ұнайды. Одан бөлек Қасым Аманжоловтың өлеңдерін қайталап оқығанды жаным сүйеді. Мысалы, оның «Туған жер» өлеңі. Осы өлеңді сан қайтара оқысамда жалықпаспын. Алғаш рет бұл өлеңді мектеп қабырғасында оқып жүргенімде жатқа білдім, содан бері бұл өлең менің жаныма терең сіңіп кетті. Мысалы, өлеңнiң мына жолдары маған ерекше ұнайды десем арттық болмас:

Болдым ғашық туған дала мен саған,

Алыс жүрсем, арманым  сен аңсаған.

Жақын жүрсем, мен төрінде рахаттың,

Алтын діңгек – өзім туған босағам.

Кейде қиындығы көп, бірақ, нәтижесі көңіл жұбатарлық ұстаздық жолды таңдауыңызға не себеп? Мұғалім болудың қызығы мен шыжығы неде деп ойлайсыз? Ұстаз болу бала күнгі армаңыз ба?

«Оқушыға –сәттілік, мұғалімге – қуаныш». Бұл мақал мені бейнелейді. Өйткені, мен оқушыларыма пайдалы болғанды жақсы көремін. Мен балаларға тілді ғана емес, әртүрлі мәдени құндылықтарды да үйрете алатыныма қуаныштымын. Мұғалім болу – мен үшін бақыт, балаларды оқыту маған қуаныш әкеледi. Менің жұмысымның артықшылығы – менде өзім жұмысыма қанағаттанарлық көптеген оқушылар бар, олар маған әрқашан берген білімім үшін алғыс айтуда. Ал, бұлмендей жас ұстаз үшін жақсы жол басы.

Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Алтыншаш ҚҰРМАНАЕВА
Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мұғалімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар