Ер-азаматтың  айтулы  белесі

Бүгін шағын мақаламыз ауданымыздың спорт саласына айтулы үлесін қосып жүрген жерлесіміз, жуырда ғана елу жылдық мерейтойын атап өткен Жұман Мұғжановқа арналмақшы. 

Жұман Кеңесұлы 1973 жылы Көкшетау ауданының Бірлестік ауылында   туған. Жергілікті мектептің үшінші сыныбында оны ағасы Думан алғаш рет Қайыргелді Бейсембаев тәлім беретін күрес секциясына ертіп  апарады. Осы  сәттен бастап жас жеткіншектің күреске шын ықыласы ауып, жаттығудан қалмайды.

Спортқа деген сүйіспеншілік пен осынау тұрақты жаттығулар өз нәтижесін  беріп, 7 сыныпта еркін күрестенмектеп оқушылары арасында өткен аудандық сайыста бірінші орынды жеңіп алады. Сегізінші сыныпта қазақ күресінен  аудан  чемпионы  атанады.

Кейін әкесі, ұзақ жылдар бойы кеңшарда механизатор болып   еңбек етіп,  талай айтулы жетістіктерге  қол жеткізген, бірнеше  медальдар мен көптеген құрмет грамоталары, алғыс хаттардың, басқа да марапат түрлерінің иегері, өз ісінің кәсіби маманы Кеңес Мұғжанұлының ақылымен Краснояр елді мекеніндегі №9 орта арнаулы техникалық училищесіне оқуға түсіп, спорттық жолын самбо күресінен Көкшетау ауданының аға жаттықтырушысы Серік Нығматуллиннің секциясында жалғастырады.Училищеге түсуге Жұманның бала жасынан техникаға, әсіресе, ДТ тракторына ерекше қызығушылық танытуы себеп болса керек.  Осы оқу орнында озаттар қатарынан көрінуімен қатар, күрестегі жетістіктері де ойдағыдай жалғасады. Ол қалалық біріншілікте, облыста бірінші нәтиже көрсетіп, бірнеше рет республикалық турнирлерде жүлдегерлер қатарынан  табылады.

–1990 жылы елімізде саяси-экономикалық өзгерістер орын ала  бастағанда,спорттық мансапты уақытша тоқтатып, механизатор болып  жұмыс істеуге мәжбүр болдым. 1991 жылы комбайншының, нақтырақ айтқанда,  әкемнің  көмекшісі болып жүргенімде бригадамыз айтарлықтай  жетістікке қол жеткізіп, мол өнім алып, социалистік жарыста үздіктер қатарынан көрінуіміздің құрметінемаған Украинаның Днепропетровск қаласына  саяхат  жасайтын жолдама берілді. Бұл еңбек жолымдағы алғаш және ерекше мақтан тұтатын марапатым болатын. Алайда, өкінішке орай барудың сәті түспеді. Бұл қыс мезгілі болатын. Бөлімше басшысының  жекеөтініші және мен үшін орны аса ерекше жан әкемнің қолдауы негізінде, дәл осы кезеңде мал шаруашылығында жұмыс қолының жетіспеуіне байланысты жолдамадан бас тартуға тура келді. Жалпы айтар болсам, өз еңбек жолымда қара мал, қой түлектеріне күтім жасаумен қатар, жылқы да бақтым, егін себу, орақ науқаны кездерінде әртүрлі жұмыстар да атқардым. Спорттық сайыстардан да шет қалған жоқпын.1994 жылы жазғы спартакиадада қазақ күресі мен еркін күрестен Көкшетау ауданының чемпионы атандым, 1996 жылы Ленинград ауданында өткен «Ақ бидай» спартакиадасында, 1997 жылы Көкшетау, 1998 жылы Петропавл қалаларында өткен облыстық спартакиадаларда үшінші орынды жеңіп алдым, 2000 жылға дейінауылдық округте спорт нұсқаушысы жұмысын тегін атқарып жүрдім.Дәл сол жылы Зеренді аудандық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы қызметінде болған Иван Райфегерсте  жаттықтырушылық қызмет ұсынды. Осы қызметті атқара жүріп, әріптестерім Марат Қойшинмен, Ақан Тұрлыбековпен, облыстық  спорт,  ұлттық  спорт   түрлері мектептерінің  басқа да мамандарыментығыз байланыста болдым. Тәжірибе алмасу, шәкірттерімнің үздік нәтижелер көрсетулеріне байланысты 2004 жылықазақ күресінен Зеренді аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорттық мектебінің жаттықтырушысы қызметіне қабылдандым. Жұмыс істей жүріп, Көкшетау университететінің дене шынықтыру және спорт бөлімін сырттай бітірдім. Отбасын құрғанмын, жұбайым Қымбат Неғметжанова қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі, тоғызқұмалақ, шахмат ойнауды  ұнатады, ұлым Бексұлтан мен қызым Айсана  бар. Олар да спортпен айналысады. Кей кездері   спорттық   жолдағы  қиындықтар  мен қызықты сәттер еске түседі. Бірде, ұмытпасам, 1999 жыл болатын. Техниканың аса  тапшы кезі. Елтай ауылында өткен  аудандық  сайыстарға  трактордың тіркемесінде отырып барсақ, бір жылы ауылымыздан 25 шақырым қашықтықтағы Абай ауылындағы спартакиадаға команда  мүшелері  мотоциклмен, велосипедпен, енді біреулері жол тосып, бөтен көліктерге қол көтеріп, жаяулап жеткендеріде болды. Бір қуантарлығы еңбегіміз зая кеткен жоқ. Оған бүгінде  ауылымызда спорттың  дамып, өркендеуі, онымен айналысатындар қатары жыл санап көбейіп, жастарымыздың талай айтулы додаларды жеңіп алуы нақты  дәлел  бола алады,–дейді бізге берген  шағын сұхбатында  Жұман Кеңесұлы.

Сөз соңында біз де спорттық  жолында талай табыстарға қол жеткізіп,  осы   игі  жолды бүгінде жаттықтырушылық қызметте жалғастырып  жүрген,  талай облыстық, республикалық, халықаралық турнирлердің  жеңімпаздары мен  жүлдегерлерін, әлем  чемпионатына  қатысушыларды  тәрбиелеген, ерен еңбегі  «Үздік бапкер»  төсбелгісімен, басқа  да  әр деңгейдегі  көптеген   марапат түрлерімен аталып өтілген, өз ісінің кәсіби маманы Жұман  Кеңесұлынөмірінің айтулы бір белесі – елу жасқа толуымен шын жүрегімізден құттықтап, алдағы өмір жолына толымды табыстар тілейміз!

Қайрат  ҚАЗИЯКПАРОВ. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар