Малсыз күн жоқ, ет пен сүт болса, ел тоқ

Ақмола облысында 2023 жылғы қаңтар-желтоқсанда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 741,5 миллион теңгеге жетсе, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 371 миллион және мал шаруашылығы – 369,9 миллион теңгені құраған.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов айтып берді.Спикердің мәліметінше, облыста 203,7 мың тонна ет, 404,6 мың тонна сүт, 711,7 миллион дана тауық жұмыртқасы өндірілген. Ағымдағы жылдың қаңтарындағы есепте, шаруашылықтардың барлық санаттарында мал басы бір миллионнан асқан болса, ірі қара малдың жалпы саны 453,2 мың, қой мен ешкі саны 605,8 мың басты құраған. Ауыл шаруашылығының қызметкерлері бұл көрсеткіштен асуды көздеп отыр. Алға қойған жоспарда айқын. Жалпы, мал шаруашылығы саласында сүт өндірісіне көңіл бөлу артып келеді. Өңірде 56 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істейді. Алайда, сүт өңдеу зауыттары бар мүмкіндігі мен қуатын жүз пайызға пайдалана алмай отыр. Ол үшін фермалар мен жұмыс істеп тұрған зауыттардың сүт өндіру көрсеткішін арттыру қажет.

– Шамамен, сауылатын мал басының саны он бес мың. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жүз мың тоннадай сүт өндіреді. Қазіргі жағдайда бұл барлық көлемнің төрттен бір бөлігі ғана. Қарқын артып келеді. Өткен жылы біз жеті ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысын жүзеге асыруды бастадық. Сауын басын тағы алты мың басқа арттыруды көздеп отырмыз. Ойымыз іске асса, тауарлы сүт өндірісін 32 мың тоннаға дейін арттырмақпыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары. Облысымыз тауық жұмыртқасын өндіру бойынша үздіктер қатарынан көрінген. Өткен жылы 700 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Бұл облыстың ғана емес, елорда мен басқа өңірлердің сұранысын қанағаттандыруға жеткен.

Сондай-ақ, 2023 жылы етті мал шаруашылығын дамыту аясында 2,5 мың бас ірі қара мал сатыпалынып, 46 шаруа қожалығы құрылған. Ет өңдеу кәсіпорындары мен цехтары 2022 жылмен салыстырғанда 15,4 пайызға артып, ет комбинаттарының жүктемесі орта есеппен 78 пайызды құраған. Дегенмен, басқарма басшысы орынбасарының мәліметінше, біздің өңір ет өнімдерін өндіру жағынан алға оза алмай келеді. Өткен жылы сала мамандары 23 мың  тонна ет өндірген екен.

–Ет өндіру бойынша біз облыстар арасындағы рейтингіде ортасындамыз. Атқаратын жұмыс, түзейтін тұстарымыз бар. Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жаңа ет фермалары құрылуда. Жалпы, барлық жұмыс бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттыру, ірі қара мал етінің көлемін көбейтуге бағытталған, – деді Қасым Латыпұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, өңірдегі мал саны 1 миллион басты құрағанымен ақмолалықтардың алдында оны 1,5 есеге дейін көбейту тапсырмасы тұр. 2028 жылға қарай Ақмола облысында кемінде 600 мыңнан астам ірі қара және 1 миллионнан аса ұсақ мал болуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев агроөнеркәсіп кешеніндегі өндіріс көлемін екі есеге арттыруды міндеттеді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы бойынша 30 бағытты көздеген Жол картасы әзірленсе, оның қатарынан, мал шаруашылығы да тыс қалмайды.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар