Жастарды өңірлік кадр резервіне іріктеу басталды

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы әкімі аппаратының басшысы Досұлан Айтбаев пен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев кадрлық резерв туралы брифинг өткізді.

Жаңа жылдан бастап, Ақмола облысында өңірлік кадр резервіне іріктеу науқаны басталды. Спикерлердің айтуынша, іріктеліп алынған кандидаттар сайланбалы лауазымдарды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындалады.

−Үміткерлерді іріктеу 6 бағыт бойынша өтеді.  Ол бағыттар: индустрия және өнеркәсіп, экономика мен қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, цифрландыру. Жалпы,  іріктеуге жоғары білімі бар, жасы 35-ке толмаған және жұмыс өтілі үш жылдан асқан Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады, – деп атап көрсетті Думан Әбілев.

Іріктеу 6 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 1 наурызы мен 31 наурызы аралығында өтеді. Оған қатысу үшін үміткерлер жеке куәлік, өтініш, білім туралы дипломның көшірмелері және еңбек өтілін растайтын құжаттың көшірмесін қамтитын құжаттар пакетін ұсынуы қажет.  Құжаттарды onir.pkrezerv.gov.kz интернет-порталы немесе пошта арқылы жіберуге немесе қолма-қол тапсыруға болады. Сондай-ақ,  брифинг барысында  облыс әкімі аппаратының басшысы іріктеу бойынша да толығырақ баяндады.

–Үміткерлер заңнаманы білуге ​​тестілеу және жеке қасиет пен  құзыреттілікті  бағалау, кадрлық комиссиясы мүшелерімен әңгімелесу сияқты кезеңдерден өтуі керек. Құзыреттілікті бағалау үміткерлердің белсенділік,  мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, мінез-құлық көрсеткіштерінің жиынтығы арқылы жеке қасиеттерін анықтап, бағалауға бағытталатынын, топтық және жеке жаттығуларды қамтитынын айтқан жөн, – деп  атап өтті  Досұлан Айтбаев.

Айта кетерлігі, өңірде жастардың әлеуетін іске асыруға, пайдалы бастамаларды қолдауға баса көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда облыста мемлекеттік қызметте 35 жасқа дейінгі қызметкерлердің  үлес салмағы 30,3 пайызды  құрайды.Облыс әкімі Марат Ахметжановтың бастамасымен қазір өңірде көптеген үлкен жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Соның ішінде көбінесе инфрақұрылымдық әлеуетті арттыру, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, аграрлық өнеркәсіп кешенін дамыту бойынша ірі жобалар көзделіп отыр. Осы саладағы мамандықтар  облыста  қазір тапшы болып отыр. Сондықтан, оларға  басымдылық беру жоспарлануда.

Сонымен бірге, брифинг барысында Думан Әбілев кадрлық  іріктеуге қажетті құжаттар бойынша  кеңінен баяндады.

−Құжаттар onir.pkrezerv.gov.kz онлайн-платформасында қабылданады. Не болмаса қолма-қол немесе пошта арқылы құжат тапсыра отырып, бір жұмыс күні ішінде онлайн-платформаға тіркелу қажет. Жеке басын куәландыратын құжат, өтініш, білім туралы дипломның, еңбек кітапшасының көшірмесі, түрлі-түсті 3х4 форматындағы сурет болуы шарт, – деп толықтырды өз сөзін  спикер.

Брифинг соңында басшылар халық игілігі үшін қызмет етуге дайын білімді, бастамашыл мамандардың қашанда сұранысқа ие екенін атап өтіп, жастарды белсенді қатысуға шақырды.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар