Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Марат ӘБСЕМЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сәкен атындағы музей директоры Үлгілі елдің ұрпағы ұлдарын алаламайды - АРҚА АЖАРЫ

Марат ӘБСЕМЕТОВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сәкен атындағы музей директоры Үлгілі елдің ұрпағы ұлдарын алаламайды

Ұлтымыздың жарқын болашағына жанын тігіп, 28 жасында Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (Совнарком) болып, мемлекетіміздің іргетасын қалап, көшін бастаған қоғам қайраткері ақын, жазушы, публицист Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 130 жыл толады. Жер бетінде небәрі 44 жыл жасап, күреспен өткен ғұмыры қыршыннан қиылған асыл ердің ғұмыр-дастанының 1922-1924 жылдар аралығындағы Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы қызметіне қатысты құжаттарды зерттеп, «Сәкен Сейфуллин Председатель Совета народных комиссаров Казахстана (г.Оренбург, 1922-1924гг.) атты еңбек жазған тарих ғылымдарының докторы, профессор,  Сәкен  атындағы музей директоры Марат Әбсеметовтен «Қызыл сұңқардың» нысаналы екі жылға қатысты қайраткерлік дерегін сұрап, жауабына қаныққан едік.    

– «Совнарком» Сәкеннің бұл күні жылдардың жүгін артқан қым-қуыт замандағы, құжаттармен хатталған екі жылдық қайраткерлігін бағаласақ,  оның ірі мемлекетшіл тұлға, реформатор болғанын білеміз.

–Сәкен бұл қызметке келгенде жанына мықты деген Алаш азаматтарын жинады. Партия басшыларымен айтыса жүріп, Үкіметтің құрамын бекітті. Аласапыран заманда «Қазақтын болашағы не болады?», «Ұлтым» деп соққан Сәкеннің жүрегі мемлекеттің басына қазақтың біртуар азаматтарына сенім артып, тәуекел етті. Ағарту саласында ұлт ұстазы, бұрынғы Алаштың көсемдерінің бірі Ахмет Байтұрсынов, заң саласында кәсіби заңгер Ахмет Бірімжанов –  Алашорданың әділет министрі болған, Ресей империясының I-ші және II-ші Мемлекеттік Думасының депутаты, атақты тархан Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы, промбюрода – Әлімхан Ермеков, атақты Мәжит Шомбалов денсаулық саласында, мемлекеттік жоспарда Смағұл Садуақасов, сот жағында Нығмет Нұрмақов болды. Алаш Орданың батыс аймағының басшыларының бірі, бұрынғы ақ офицері Есенғали Қасабулатов қаржы жағын ұстады.

Демек, сын сағатта ел болашағын ойлайтын азаматтарды жұмылдыра білді. Сәкеннің өзі жазғанындай, «аққа да, қызылға да ортақ, байға да, кедейге де бөлмейтін қазақтың Ақаңы» деген сөзі, айналасында жиналған азаматтарды таңдаудағы басты қағидасы болса керек. Қай-қайсысын алып қарасаңыз да, осы үкіметтегі он бес адамның бәрі қазақтың біртуар перзенттері.

Ахаңның 50 жылдық мерейтойы Сәкең тұсында аталып өтті ғой.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының Сәкеннің дүниетанымына үлкен әсері болғаны сөзсіз. Оның 50 жылдық мерейтойын өткізуге арнайы Қаулы шығарып, жауапты тұлғаның өзі болғанын растайтын құжат бар. Одан басқа, Ақаңның алғашқы мерейтойына байланысты «Ахмет Байтұрсынұлы 50-ге толды» деген тақырыппен «Еңбекшіл қазақ» газетінің 1923 жылғы 2 ақпан күнгі 64-санында «Шәміл Манап» деген бүркеншік атпен жазушы Сәкен Сей­фуллиннің мақаласы жарық көреді. Ақаңның өміржолының қысқаша шолуын «Халыққа өзінше қызмет қылған адам кәміл тоқтайтын кісілік жасына толғанда, сол кісінің бастан-аяқ халыққа істеген қызметтерінің қандай екенін баяндап өту әр үлгілі халықтың әдеті» деп бастайды.

 Сәкенге тағылған айып «байтұрсыновшыл» дегеннен шықты ғой.

Бұл әңгімеге соңынан тоқталамыз. Алдымен, қазіргі Қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі болған Орынбор қаласы туралы  айталық. Оны арғы тарихы туралы зерттеуімде жаздым. ХХ ғасырдың басында Орынбор қазақ ұлтының нарқасқаларының басын қосқан жер деуге болады. Қазақтың белгілі Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов жалпы ұлттық «Қазақ» газетін жарыққа шығарып, сол арқылы  отаршыл елдің астамсыған пиғылынан туындаған атауды жоққа шығарып, «қазақ» есімін қайтарады. Бұл Қазан төңкерісінен кейін ақтар мен қызылдар бір жақты болып,большевиктер билікке жетіп, тұғыр тағын мықтай бастаған кезі.

1920 жылы 26 тамызда БОАК пен РКФСР ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Рес­­­п­убликасын құру туралы» дек­­­реті қабылданды. Оның не­­гі­зінде 1920 жылы 4-12 қазан ара­­лығында Орынбор қаласында өт­кен ҚАКСР Кеңестерінің Құ­рыл­­тай съезінде Қазақ Респуб­лика­сы­ның құрылғаны жарияланды. Бұл Қазақ АССР қазақ халқының тарихындағы алғашқы ұлттық мемлекет болып саналады.

Осындай ұлы оқиғалардың толқынында елдің бетке ұстар азаматтары 1920 жылы 2 қазанда жиналатын Құрылтайға асығады. Оған елдің барлық өңірінен 273 делегат, Алтай губерниясы қазақтарының атынан алты адам келеді. Оған қазіргі ел астанасы Ақмоладан Сәкен Сейфуллин сайланады. Сол кездегі Ақмола исполкомының төрағасы Коротков Сәкеннің қатысуына қарсы болып, телеграмм соғады. Алайда алған бетінен қайтпаған Сәкен Коротковқа жазған жазбасында: Мы, Сейфуллин и Омаров вопреки Вашей телеграмме выехали на Всеобщий киргизский съезд. Нас заставила важность данного съезда в смысле официального обьявления Киргизской Республики «Казахстан»… Мы уверены, что самым революционным городом Казахии является г.Акмолинск, …» деп жазады. Бұл жолдардан Сәкеннің жиыннан көп нәрсе күткенін көреміз. Осы кезеңнен бастап Сәкеннің Ақмола және Семей өңіріндегі белсенді қызметі басталады.

Сол кезеңнің кезек күттірмейтін мәселелерінің бірі шекараны белгілеу болды. Осы ретте жер комиссиясының төрағасы және редакциялық коллегиясының мүшесі Сәкеннің әрекеті қандай болды?

–Сәкен бұл қызметінде батыста – Астрахань, Царицын және Самара губернияларымен, солтүстікте – Башұрт Республикасы, Челябинск, Тюмень және Омбы губернияларымен, шығыста Томск, Алтай губернияларымен және Монғолиямен, ал, оңтүстікте Хорезм және Түркістан Республикасымен келіссөздер жүргізеді. Аталған өлкелерден бөлек қазақтар тұрып жатқан Волга-Каспий аймағы тартысқа түседі. Одан бөлек ежелден қазақ жері Ақмола мен Семей облыстары жөнінде дау туындайды. Бұлар бұрынғы Батыс-Сібір генерал-губернаторлығына қарайтын Сибревком құрамында еді. Сибкрайдың ресми өкілдері барынша сылтауратып, екі өңірдің Қазақстанға берілуін соза түседі. КирЦИК-тің 1920 жылғы 10 желтоқсандағы президиум отырысында осы мәселені бір жақты ету үшін Мәскеуде өткен Кеңестердің VІІІ съезіне енгізеді. Оған арнайы осы екі облыстың жағдайын біледі деп С.Сейфуллинді жіберді. Осы жиында староста Калининмен сөйлесіп жағдайды баяндайды.  Ежелден қазақ жері екенін дәлелдеп Сибревкоммен келіссөздер нәтижесінде қайтаруын өтінеді.  1921 жылдың 9 мамырында екі облыс Қазақстан Республикасы құрамына кіреді. Ал 1922 жылы 12 қазанда КирЦИК-тің бірінші сессиясында бірауыздан Совнарком болып тағайындалады.

Осы жылдары атқарған істері мен жоспарларын, асыл армандарын қысқаша айтып бересіз бе?

– Сәкен басшылық еткен екі жылда нағыз Қазақ мемлекетінің қазығын нықтап, Қазақияның ұлы көшін жолға салып бергендей. Өз зерттеуімде оның еңбегін халық шаруашылығын ұйымдастырушы, халық ағарту саласындағы бастамалары, мәдениетті дамыту және баспа ісі, қорғаныс, сот жүйесі, кедендік қызметтің жүзеге асыруындағы құжаттарды саралап шықтым. Орасан зор бастамалар мен жас республиканың басты мәселелерін шешуде бір жағынан жоқшылық, бір жағынан ашаршылық қысқан қиын-қыстау заманда артына қарайлап, тайсалмаған жігерлігі, оң шешімге қол жеткізудегі іскерлігі бір төбе.

Расында да, Сейфуллиннің «совнарком» жылдары ел үшін ауыр күндерден еді. Аштық, ақтар мен қызылдардың соғысы, билік ауысып, халықтың әбден жаншылып, азып-тозған кезіне тап келді. Жаңа құрылған республика дамуының нақты жоспары да болмады. Сәкен және оның үкіметі замана ағысына қарсы жүзді. Мемлекет басқарудың басты бағдары ретінде алдымен, қаржылық жүйені қолға алады. Салық және салық салу мәселесінде бірыңғай салық төлеу түріне өтіп, бұрындары болған халыққа қолайсыз салықтарды жояды. Қазыналық, банк және жинақтау ісінде өзгерістер енгізіп, қазіргі қолданылып келе жатқан тәжірибедегідей республикалық бюджет, жергілікті бюджет деп бөліп, оны реттеу жолдары шешіледі. Аштыққа қарсы күресте ақшалай-заттық лоторея ұйымдастырып оны таратып, Қазақстанның Жинақтаушы жүйесінің негізін қалады. Ауыл шаруашылығын дамытуда алғашқы Жер Кодексі қабылданды. Кодексте қазақ даласына қатысты патшалық отарлық саясатының салдарын жойды. Жайылым егістік алқабын көбейтіп, алғаш рет шаруаларға пайызсыз несиелер мен қарыз бөлінді. Кооперация мен сауда күн тәртібінен түспеді. Азамат соғысы кезінде тарап кеткен Қоянды жәрмеңкесін қалпына келтіру керектігі алғаш рет осы үкімет кезінде айтылды. Содан бастап Қоянды тек қана алыс-беріс сауда орыны емес, ән мен күйдің, күш сынасқан балуандардың,  жалпы қазақ  мәдениетінің орталығына айналды.

– «Қазақ кедейлеріне фабрик керек» деген қазақ өнеркәсібінің құлдырауына байланысты осы кезеңде жазылды ғой.

Иә, онда: «…Қазақстанның қирап, бүлініп жатқан зауыттарын жүргізуге шындап кірісіп, жүргізіп жіберу керек. Қазақстанның әр жерлерінде фабрик салу керек. Ең алдымен жүн-жұрқадан, қыл-қыбырдан түрлі шұға, түрлі мата істеп шығаратын, өзінде мың жарым, екі мыңдай жұмыскерлер істейтін, мата тоқитын фабрик салу керек. Ол фабрик ұсталықтың ең барып тұрған соңғы өрнегімен салынатын болып (по последнему слову техники), одан тоқылып шығатын шұғалар, маталар Петербургта, Мәскеуде шығатын маталардан артық болмаса, кем болмайтын болсын. Фабрик қазақтың әлі де болса жүн-жұрқаға, қыл-қыбырға барлау жерінен, темір жол, пароход, тас көмір бар жерінен салынсын» деп елдегі тірліктің әлеуетіне икемделегенін көреміз.

Сол кездегі елдің өнеркәсібі құлдырау сатысында тұрды. Төңкерістен кейін халықтың меншігіне өткен 307 кәсіпорынның 250-і жұмыс істемеген.  Жезқазған, Успенск, Риддер рудниктерін су басқан, Спасск кен байыту зауыты өртенген, Ембінің 147 скважинасының сегізі ғана жұмысқа жарап, темір жолдар қаңтарылып қалған. Көлік, қамсыздандыру, тіпті уақытты халықаралық уақыт стандартына ауыстырады. Осыған дейін қазақ даласында дәстүрлі мәдениет бойынша циклдік уақыт есебі жүрген болатын. Бұл іргелі дербес мемлекетпіз деген елдің көрінісі еді. Ол туралы 1924 жылғы 7 мамырда «О окончательном введении в КССР счета времени по международной системе часовых поясов» деген декретке қол қояды. Қазақ тілін кеңсе тілі ету де Сәкен үкіметінің бастамасымен айтылды. Оның тікелей қолдауымен биыл туғанына 150 жыл толғалы отырған А.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» жарық көргені баршаңызға мәлім. Бұл жинақта Сәкеннің өзі орындап, осы жинаққа енген екі күйдің бірі – Абылайхан атты әскерінің шеруі – «Терісқақпай» нотаға түсірілсе, екінші күй «Тоқа» (ру аты) Кенесары әскерінің маршы болды деп айтылады. Діни, ғұрыптық мерекелерді атап өту де мемлекет басшысының назарынан тыс қалған жоқ. Қызметкерлердің жалақысын сақтай отырып мұсылмандарға Құрбан айт мен Оразаның мерекелерінде демалыс күндерін беруге рұқсат етті. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына қаражат жинауды ұйымдастыру да Сәкен кезінде қолға алынды.

 Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасының қызметтен кетуінің себептерін айта аласыз ба?

– Сәкен Сейфуллин осы қызметінде жүргеннің өзінде орталықтың отаршылдық пиғылына қарсы тұра білді. Бұл әрине, мәскеулік биліктің шамына тиді. 1923 жылдың 17-22 наурызында өткен обкомның РКП (б) ІІІ конференциясында Орталық аппараттың өкілі Емельян Ярославский Сәкенге шүйлігеді. Оны партияның басты бағдарынан ауытқығанын айтады. Анығында Сәкеннің «Азия-Еуропа» деген өлеңін сынайды, ұлтшылдығын бетіне басады. Әрі қарай Сәкеннің шын мәніндегі тар жол, тайғақ кешуі басталады. Голощекинге, оның «кіші октябрь» науқанына қарсы шыққаны үшін «Сейфуллин и сейфуллинщина» деген атпен «Казахстанская правда» газетінде жарық көрген Юсуповтың мақаласы Голощекиннің Сейфуллинге, оның тағдырына деген ауыр үкімі еді. 1929 жылы Тергеу протоколында  Сәкеннің өзінен «Сейфуллинщина» деген не деп сұрайды. Оған Сәкен: «Теория жағынан күшті емеспін» деп жауап береді. Расында да қамшының сабындай қысқа ғұмырында «Қызыл сұңқар» Сәкен тек әрекет үстінде болды. Нендей мәселені қолға алса да, халқының асыл мұратына жеткізу үшін жанын салды.

Ендігі сұрағым, Сәкеннің әдеттегідей шығармашылығын емес, қайраткерлігінің деректерін іздеп, оны зерттеу тақырыбыңызға айналдыруыңыздың себебіне тоқталсаңыз.

1991 жылы «ХХ ғасырдың басындағы тарихи-әдеби процесстердегі Міржақып Дулатов шығармашылығы» деген диссертация қорғадым. Міржақыптың өмірі мен шығармашылығы жайындағы монографиямның жалғасындай «Совнарком» Сәкеннің екі жылдық ғұмыры қызықтырды. Осы уақытқа дейін ақынның шығармашылғылы алға шығып, қайраткерлерігі кем зерттелген еді, бұл еңбек соның орны толтырды деп ойлаймын.

Соңғы кездердегі Алаш ардақтыларына бір жақты пікір қалыптасып келеді. Біз бір нәрсені білуіміз керек. ХХ ғасыр өте  күрделі кезең болды. Патша қамытынан құтылып, ел боламыз деп, халықтың алдына шыққан  азаматтардың ой-мақсаты бір болса да, жолдары әрқилы, кейде тұйыққа тірелген кездері де болды. «Бүгінгі күннің мінберінен не айтуға болады? Не айтуға  қақымыз бар?» дегенде Сәкеннің Ақан тұрғысында айтқан ойы еске түседі. Елім деп жүрегі соққан алашшыл азаматтарын аққа да, қызылға да, байға да, кедейге де бөлмейтін қазақтың – арда туған азаматтары деп қарауымыз керек. Бұл Сәкен айтпақшы, «әр үлгілі халықтың әдеті» және белгісі де болмақ.

Айгүл УАЙСОВА,
баспасөз  саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар