Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Күмбезделген көне тарих көмбесі - АРҚА АЖАРЫ

Күмбезделген көне тарих көмбесі

Дархан даланың даналығын бойына сіңірген атам қазақта «атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дейтін аталы сөз бар. Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын далада кейінгі ұрпаққа үлгі болатын ұлағат, тағылымды тарих тұнып тұр. Өзің білгенің жақсы, білгеніңді өзгеге айтсаң тіптен ғанибет.

Осы қағидат бойынша көкшетаулық еңбек ардагерлерінің танымдық сапары туралы баяндаудың әбестігі жоқ шығар деп білемін. Раип Қипасов, Шабдан Тоқмурзин, Жанат Оразалин төртеуіміз Алаштың ұлы тұғаларының табаны тиген киелі жерлерді Түркістан, Шыңғыстау, Баянауыл, Бекет ата тәрізді өңірлерді аралап, көзайым болғанбыз. Осы орайда, Шыңғыстаудың үлкен ұлы Жошы ханның ұлысының 800 жылдығына орай Ұлытау өңірінде болдық. Бұл жер әйгілі қолбасшылар мен киелі хандардың орталығы болған өңір. Еуразия құрылығындағы өзгеше өрісті мәдениет тарихында ерекше орын алатын Ұлытау өңірінің ұлағатымен танысып, ондағы тарихи ескерткіштерді көруді мақсат еттік.

Әуелі Қарағанды астық, одан Жаңарқа, Жезқазған арқылы Ұлытауға табан тіремекпіз. Жанат Оразалиннің Жаңарқада құдасы бар екен. Аттың басын сол үйге тіредік. Көкшетаудан келген меймандарды құшақ жая қарсыалып, сый-сияпатын көрсетті. Аудан орталығына кіреберісте жан-жануарлардың мүсіндері қойылған екен. Этнографиялық ауылретіндегі тұтас бір кешен. Осы елдің тумасы, Алаштың ақиық ақыны Сәкен Сейфуллиннің атындағы бай кітапхана, өзге де мәнді жәдігерлері бар мәдени ошақтар мұнтаздай тазалығымен, рухани байлыққа еселей қосар үлесімен ерекшеленеді екен. Көкшетаудан барғандар ауыздарының суы құрып, мақтаса мақтағандай. Жаңарқадан таяқтастам жердегі атақты этнограф ғалым Ақселеу Сейдімбектің кесенесіне ат басын қалай бұрмассың? Көзі тірісінде қандай биікте болса, жер бесіктен топырақ бұйырғанда да еңселеніп жатыр екен жарықтық. Ендігі бағыт киелі Ұлытау. Жаңарқадан Жезқазғанға дейін 320 шақырым. «Жол азабын  жүрген біледі» дегендей, жолсоқты болғанымызда рас. Ұлытау селосы өзі аттас ауданның орталығы. Киелі Әулиетаудың етегінде. Бұл жерде де мемориалдық кешен бар екен. Алыс-жақыннан ат басын тіреген қонақтарды қарсы алатын жайлы қонақ үйі де бар. Шай ішіп, жан шақырған соң ендігі сапар бағытын ақылтаразысына салдық.

Алаштың ардақтысы Алаша хан жайында білгенімізді айта кеткен ләзім. Алаша хан алты Алаштың ортақ атасы. Исі қазақтың бабасы делінеді. Жауынгер түркі тайпаларын біріктіріп, тұңғыш Алаш мемлекетін құрған ұлы қайраткер ретінде қастерленеді. Нақты қай кезеңде өмір сүргендігі туралы мәліметтер жоқтың қасы. Кейінгі зерттеулерде аңыз көп. Ұлытау өңірінің Қаракеңгір өзенінің бойында сонау 15 ғасырларда салынған «Алаша хан күмбезі» қазіргі күнге дейін сақталып отыр. 1998 жылы антрополог О.Смағұлов моланы қазса керек. Табылған бас сүйекті Москва қаласындағы М.Герасимов атындағы пластикалық антрапология лабораториясының мамандары жан-жақты зерттеп, адамның бет әлпетін бастапқы қалпына келтіріпті. Қазіргі пайымдау бойынша осы мазарда жатқан Алаша хан 15 ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ хандығының негізін салушылардың бірі, әрі алғашқы ханы Керей болуы ықтимал. Атақты ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жинаған аңыз-әпсенелердің бірінде Алаша ханның образы тарихи тұлға Шыңғыс ханға да айна-қатесіз ұқсайды деген пікір айтса керек.

Ұлы Ұлытаудың бөктеріндегі қара Кеңгірдің жағасын жиектей орнатылған Алаша хан күмбезі әлі күнге дейін міз бақпай тұр екен. Бұл осы өлкедегі шоқтығы биік көне өнер туындысы, мәдени мұра. Кесененің биіктігі он метр, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған, кіреберіс сол жақ бұрыштағы баспалдақ арқылы жоғарыға көтеріліп, кесененің үстіне шығуға болады. Кесененің сыртқы әлпеті әртүрлі кірпіштерден геометриялық өрнектер арқылы көз тартарлық етіп безендірілген. Күмбезі жұқа сырлы қаптамалармен қапталған.

Мазар халық шеберлерінің епті қолымен 11-12 ғасырларда Алаша ханның құрметіне салынған екен. Дәл осы мазардың жанында жиналған жұрт тағзым етіп, құран оқыды. Сайын далада қаншама жылдар бойы жауын мен желге тозбай тұрған мәдени мұраның соншалықты беріктігіне таң қалып, қайран қалысты. Шынында да, бұрынғылар білген ғой.

Жезқазған қаласынан шамамен елу шақырым жерде Жошы ханның мазары бар. Жошы – Шыңғыс ханның тұңғышы. Дүниені тітіренткен ұлы қаһанның бірінші әйелі Бөртеден туған төрт ұлдың бірі. Шыңғыс хан көзі тірісінде бірінен-бірі өткен жолбарыс жүректі, арыстандай айбатты ұлдарына енші бөліп берген. Ол заманның еншісі ауыл-аймағымен, бота-тайлағымен тұтас елді айдарлы ұлдарының қарамағына беру. Сол замандағы тілмен айтқанда мұндай өңірлер ұлыс деп аталған.

Келесі күні жоспар бойынша хан ордасына, Едіге батыр тауына, Әулиетауға баруымыз керек. Ұлытаудан 35 шақырым қашықтықтағы Хан ордасына келдік. Ескерткіш тақтада хан ордасы VІІІ-ХVІІІ ғасырларда түркі қағандары, Қазақ хандарының ордасы болған, жан-жағы бес-он шақырымдай аумақты қамтитын таулардың дәл ортасындағы алаңқайда Хан ордасы орнаған деген мәлімет бар. Алаңның ортасында мәрмәрдан қашалған Хан тағы бар екен. Біз де әлгі киелі таққа отырып көрдік. Хан болмасақ та, өзімізді хандай сезіндік.

Ұлытауда болып, Едіге шыңы туралы айтпай кетуге болмайды. Едіге тауы Ұлытаудан 35 шақырым жерде. Бұл жерде Едіге батырмен қатар, Тоқтамыс ханның да сүйегі жатыр екен. Едіге Тоқтамыспен бірге Еділ мен Жайыққа дейінгі жерді бағындырып, ұлы Ноғай ордасының негізін қалаған кемеңгер. Алтын Орданың 15 жылға жуық әмірі болған деседі.

Ұлытау тауларының ең биігі – Әулиетау. Биіктігі 1130 метр. Біз осы аймаққа әдейі ат басын тіреген соң Раип екеуіміз таудың ұшар басына шығуға бел байладық. Жан алқымға жеткенде, әзер шықтық. Таудың басында жеті әулие жерленген жер бар екен. Осы жерге келіп, мінәжат еткендер құран оқып, дұға бағыштайтын көрінеді. Ежелгі аңыздың сұлбасына қарағанда, діннің зороастризм бағыты қабылданған жер деседі.

Бір сапарда қаншама өңірмен танысып, қасиетін таныдық. Сол білгенімізді, көңілге түйгенімізді жерлестеріміз де білсін деген ниетпен айтып жатырмыз.

Мағауия РАХЫМБЕРГЕНОВ,
еңбек ардагері.  

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар