Ескі бөгет «шықпа жаным, шықпамен» тұр…

Бұл күнде сау тамтығы қалмаған, тұс-тұсынан опырылып, қаусаған  Иванковка бөгеті сонау 1975 жылы салынған. Сол уақыттан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмепті. Бөгет іргесіндегі Иванковка елді мекенінің тұрғындары көктемде су шайып кетпес пе екен деп қатты қауіптеніп отыр.

Шоқ жұлдыздай шағын ауылдан шамамен үш шақырым жерде орналасқан бөгет елді мекеннен биіктеу, қырат жерде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегендей, көне қабырғасы сөгіліп, көктемгі мол су еңіске екпіндей құйылса, алақандай ауылды басып қалмақ. Мұндай қысылтаяң, қауіпті кез бұрын да орын алған. Мәселен, осыдан алты жыл бұрын Жолболды өзені қызыл суға мелтектеп толып, арнасынан асып, ашуға булыққан кезде ауылдың шеткі көшелерін су басып қалған. Өзге дүниемен жалғастырып жатқан жалғыз жол – көпір жабылған соң өзен райынан қайтқанша елді мекенге қатынас сап тыйылған. Тұрғындар азық-түліктен тарықты, ауру-сырқаулар уақытында медициналық көмек ала алмай қалды.  Ауыл тұрғыны Наталья Гридасова сол бір қиын сәтті ашына отырып баяндап берді. Алты жыл бұрынғы қорқыныш әлі де көкірегінде түйнек болып түйіліп, маза бермей тұрғандай. Сол кезде табиғаттың тақсыретімен шағын ауылдың тұрғындары өздері ғана жекпе-жекке шыққан. Жергілікті серіктестіктің жұмысшылары қызыл суды қуатты тракторларымен кесіп өтіп, егде адамдар мен жас балаларды қауіпсіздеу жерге тасымалдаған. Енді әр көктем жақындаған сайын  күніміз не болар екен деп көңілдері күпті.

– Қорқыныштың бұлты қалың. Қызыл су жүре бастаған кезде ауыл тұрғындарының ішкен асы бойларына тарамайды, – дейді Наталья Гридасова, – өзен жағасында қолымызға шам ұстап кезекшілікке тұрамыз. Біздің ауылда көшедегі жарық жоқ қой. Бөгет басы да тастай қараңғы.  Қауіп төне қалса, елді құлақтандыру да оңай емес.

Қаусаған бөгет жайлы талай айтылған. Әйтсе де мәселенің шешілер сәті туар емес. Бірнеше рет жергілікті билік пен құзыретті органдардың өкілдері келіп, бөгеттің жай-күйін тексерген. Апатты жағдайда екендігі анықталған. Кешіктірмей жөндеп береміз деген уәде де берілген. Одан бері табаны күректей бес жыл өтті. Тозығы жеткен бөгет жалғыз бұл емес. Мәселен, Шортанды ауданындағы Негізгі, Бурабай ауданындағы Веденовское бөгеттері де тозған. 2022 жылдың күзінде арнайы гидротехникалық тексеру жұмыстары өткізіліп, осындай қорытынды жасалған. Бөгеттерді жөндеп, елді сабасына түсіру неге кешеуілдей беретіндігі түсініксіз.

– Иванковка бөгетінің ескіріп тозуы бұрыннан басталғанымен, 2017 жылдан бері жағдайы күрт нашарлады. Алғашқы жылдары бөгеттің бойындағы ойылып түскен жерлер көп болмағанымен, соңғы бес жылда екі жерінде терең ойық пайда болды. Өткен жылы осы ойықтардың салдарынан елу жылға жақын қалқиып тұрған бөгет опырылып түсер деп жорамалдап едік. Көктемде қар бір еріп, бір қатып, ылғалдың дені бу болып ұшып кетті де қар суы көп жинала қоймады. Бірақ, жыл сайын дәл осындай болады деп сенуге бола ма?

Ауыл тұрғындары аудан басшыларымен кездескен сайын жалпыға ортақ мәселені жиі-жиі көтереді. Уақытында ден қойып жөндегенде, қаражат та көп кетпес еді. Мәселен, осыдан бес жыл бұрын өзен үстіндегі көпірдің жөндеуіне 45 миллион теңге қаражат қажет болған. Ол қаржы да бөлінбеді. Тұрғындардың айтуына қарағанда, өзен үстіндегі көпір тым аласа. Көктемде сең жүрген кезде бауырына мұз кептеліп қалып, ағын судың еркін өтуіне бөгет жасайды. Топан су көпірді бұзып кетуі әбден ықтимал. Жыл сайын сең мүжігеннен кейін көпірдің де тозығы жеткен.

Бұл төңіректе сай-сала, жыра көп. Иен даладағы қар суы жылғалармен ағып келіп, Жолболды өзеніне құяды. Қар мол түскен жылдары қызыл судың көлемі де тиісінше арта түседі. Ауыл тұрғыны Наталья Улиничтің айтуына қарағанда, су қоймасы бірер сағаттың ішінде аузы-мұрнынан шығып, мелтектеп толып қалуы мүмкін. Кернеуді керген зілмауыр салмақ ең осал, ұрымтал тұсты бұзып шығуы да ғажап емес қой.

Біз осы мәселені індетіп, Бұланды ауданы әкімі аппаратының төтенше жағдайлар жөніндегі бас инспекторы Талғат Оразбаевқа жолықтық. Бас инспектордың айтуына қарағанда, 1975 жылы салынған Иванковка бөгетінің құжаттамасы ауылдық округ әкімдігінде 2018 жылы рәсімделген. Сол кездің өзінде бөгет апатты жағдайда  болса керек.

– Әр жыл сайын Есіл бассейндік инспекциясының, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары комиссиялық тексерістен өткізеді. Өткен жылғы тексеру барысында бөгет бойынан ұзындығы 20 сантиметр болатын жарық анықталды. Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде жарық үлкейіп, бірнеше жерінен қопарылып құлады. Ал, бөгетті қайта жаңғырту туралы айтатұғын болсақ, павлодарлық «Биосфера ҰКП» серіктестігі құжаттарын әзірлеуде. Дайын болған соң сараптамаға жіберіледі. Одан соң облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім жолданады.

Істің күрделенгендігі соншалық, ауыл тұрғындарының үміті келер жылы ғана орындалуы мүмкін. 182 адам тұратын, 74 шаңырағы бар ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселе жалғыз бөгет қана еместігін айта кетелік. Ауыл тұрғындары ұзақ жылдан бері ауыз сусыз отыр. Жергілікті серіктестік отыз шақырым жердегі Журавлевка ауылынан ауыз  су тасиды. Оның өзінде де аптасына екі рет қана. Негізінде 1990 жылдардың басында су мұнарасы орнатылып, желілері тартылған. Тек бір әттеген-айы, ауыл тұрғындары қыруар қаражат жұмсалған осы істің игілігін көре алмады. Жер астындағы құбырды тот басып қалды. Ендігі жерде ауыл тұрғындары бұл желіден мүлдем күдер үзіп, бір ұңғыма қазып берсе ғой деген өтініштерін айтып отыр.

Түн көрпесін жамылғанда ауыл қою қараңғылық құшағында қалады. Жеті қырдың ар жағынан өзге ауылдың жарығы самаладай жарқырап көрінеді. «Аттыны көрген жаяудың аяғы талады» демекші, көрші ауылдың көшесінде көп жарық көз қарықтырып тұрғанда, түнгі аспанынан бір сәуле себезгілемейтін бұл ауылдың тұрғындары бармақтарын тістейді. Интернет пен ұялы байланыс әзірге арман ғана. 5-9 сыныптар аралығында 13 оқушы көршілес Капитоновка ауылының негізгі мектебінде оқып жүр. Қыс айларында қиын-ақ. Ал, көктемде ел қатынайтын жалғыз көпірдің жайы анау.

Тиісті орындардың шалғайдағы шағын ауылға бүйрегі бұрылмай тұрғаны қиын-ақ.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар